Кәсіпкерлерге кеңес
Қостанайда күні кеше "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалы «Кәсіпкерлерге қамқорлық» акциясын өткізді.
2014-2015 жылдары шағын және орта бизнесті қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру, екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша сыйақы төлеу жүктемесін азайту, кәсіпкерлерді оқыту және бизнес-жоспарларын жасау, ынтымақтастық бағыттарын және жеке қаржы институттарымен бірлесіп шағын және орта бизнесті қаржыландыру, ортақ қаржыландыру механизмдерін кеңейту тәрізді тетіктер жетілдірілген еді. Алайда кәсіпкерлік біліктілік, сауат арттыру, кеңес алу бәріне бірдей қолжетімді бола бермейді.
Осыған орай, филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесі орта және шағын бизнес өкілдеріне қажетті ақпаратты, сондай-ақ қызықтыратын сұрақтарына құзіретті жауаптар мен кеңестер алуы үшін мүмкіндік берді.
Бірінші болып жазылған жеке кәсіпкер С.Палашев мүгедектерге жұмыс орнын ұйымдастыру мақсатында қайырымдылық жарнасын белгілей отырып, автоматтандырылған көшірме аппараттарын орнату жөнінде ұсыныс жасады. Оған Халық банкі 85 % кепілдікпен «Бизнес-старт» бағдарламасы бойынша несие беретіні туралы айтылды.
Осындай-ақ, Е.Галаган жылу қазандықтарын, радиаторларды және локомотивтерді бұзбай, химиялық тазартудан өткізу жөніндегі бизнесті дамытуға, Жумабаева А.Т. зергерлік жұмыс бойынша өз кәсібін ашу жөнінде кеңес сұрайды. Оған екінші деңгейдегі банктер арқылы «Даму» қорынан несие алуға болатыны жөнінде кеңес берілді. Кәсіпкерлікке қолдау білдіруге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы түсінік беруді өтінген тұлғалар да болды. Жалпы, келушілерге "Даму" АҚ, Халық банкі, Нұрбанк мекемелерінің білікті мамандары тиісті кеңестерін берді.