«Мәңгілік ел» пойызы жолға шықты
Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Поезд Мәңгілік ел» жалпыреспубликалық акциясы басталды. Арнайы медициналық пойыз 15 ақпаннан 18 наурызға дейін, яғни 33 күн бойы елдің әр түкпірін аралайтын болады.
Жалпы, акцияның мақсаты – тәуелсіздік алғалы бергі мемлекеттің жетістіктерін паш ету, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын насихаттау, халықтар бірлігін нығайту, Елбасының бейбітшілік пен келісім тұрғысындағы саясатына қоғамның мүдделес болуына септік тигізу. Салауатты өмір салтын сақтауға шақыру да осы шараның басты көздегені.
Қостанайда пациенттерді қабылдау 28 ақпанда «Қостанай теміржол ауруханасы» АҚ ғимаратында сағат 12.00-ден 18.00-ге дейін жүргізіледі. Филиал директоры К.Жайсаңбаевтің айтуынша, қазіргі уақытта пациенттерді қабылдайтын мамандарға қолайлылық тудыру үшін жұмыстар жасалуда.