Үкім өзгеріссіз қалды

Қостанай облыстық соты 34 жастағы Юрий Солоповтың арызы бойынша қылмыстық істі қайта қарады. Ол өзіне кесілген үкімді жеңілдетуді сұраған. Өтініші қабыл етілмеді. Басына бостандық берілмейтін болды.воррррр
Ю.Солопов былтыр 4-наурызда жасаған қылмысы үшін жазаға тартылған еді. Нақтырақ айтқанда, диірмен зауытында қара жұмысшы болып жүрген ол үйіне қайтып келе жатып, жол үстінде әлдебір қарияға тарпа бас салған. Ол бұған дейін де төрт рет істі болып, жазасын өтеп келген. Ескі әдетіне басуға егде еркектің қалтасынан ұшы көрінген әмиян себепші болса керек. Әуелі білдіртпей суырып алуға тырысады. Бірақ әрекеті жүзеге аспайды. Құрбанының сезіктеніп қалғанын байқасымен, Солопов қартты алқымнан алып, бетінен бар пәрменімен соққы жасап, әмиянды күшпен жұлып алып, тайып тұрады. Тапа-тал түсте көшеде сұлап жатқан қартты көрген куәгерлер көмекке келген. Қатты соққыдан есін жиған соң жапа шегуші қылмыскерді суреттеп береді. Тәртіп сақшылары көп ұзатпай ұрыны қолға түсірген.
Кейін анықталғандай, әмиянда 28 мың теңге және өзге де құнды заттары болған. Жалпы сомасы 36 мың теңге материалдық шығынға ұшырапты. Әйткенмен, ұры «олжасының» тең жартысын жаратып үлгерген. Қалғанын тергеу барысында айыпталушының туыстары өтеп берді.
Қостанай қаласының №2 соты Ю.Солоповты кінәлі деп тауып, 3 жыл және 8 ай бас бостандығынан айырып, барлық мүлкін тәркілеген-ді. Облыстық сот бірінші инстанция сотының үкімін өзгеріссіз қалдырды. Қылмыскер жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтей бермек. Үкім заңды күшіне енді.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓