«Қара риэлтор» ісі сотта қаралуда
Облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдегендей, Қостанай қаласының №2 сотында пәтер алаяқтығымен айналысып, денсаулыққа ауыр зиян келтіріп, адам тонау мен ұрлық жасауда айыпталған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қаралуда. Олар – бұған дейін бірнеше рет сотталған үш жігіт.
Қылмыстық әрекеттерді ұйымдастырушы кәнігі қылмыскер 30 жастағы К. алдап-арбау жолымен зейнеткерлердің пәтерін үшінші тұлғаларға сатып отырған. Кейін кейуаналарды қорқыту үшін қоқан-лоқы жасап, ұрып-соғу тәсілдерін де қолданған.
2013 жылдың қыркүйек айында азаматша Д. Қостанай қаласындағы 3 бөлмелі пәтерін аумағы кіші пәтерге айырбастайтындығы туралы хабарландыру береді. Хабарландыру бойынша зейнеткерге келген К. ыңғайлы пәтердің бар екендігін айтады. Айырбас шарттарын талқылаған К. тиісті құжаттар рәсімделгенше өз үйінде тұра тұруды ұсынады. Оңтайлы сәтті пайдаланып, жалған сенім хат арқылы құны 7 604000 теңге болатын пәтерді сатып жіберіп, жағыз басты зейнеткерге айтарлықтай материалдық шығын келтірген. Арада біраз уақыт өткен соң, яғни 20 қарашада жәбірленуші алаяқтық жасап пәтерін сатып жіберіп, өзін далада қалдырған К.-мен сөйлесу үшін оның үйіне келеді. Көп сөзге келмеген К. зейнеткерді соққыға жыққан.
Алаяқтың келесі құрбаны жасы ұлғайған жалғыз басты азаматша С. болған. 2015 жылдың 10 желтоқсанында сотталушы жәбірленушінің Қостанай қаласының Қайырбеков көшесіндегі пәтеріне келеді. Бірге ішімдік ішкен соң К. зорлық-зомбылық көрсетумен қорқытып зейнеткерден үйдің құжаттарын талап етіп, киініп өзімен бірге нотариусқа баруға мәжбүрлейді. Сол жерде С. пәтердің өзіне тиесілі үлесін К.-ға сеніп тапсыратындығы туралы құжатқа қол қояды. 2015 жылдың 17 желтоқсанында сағат 22.00 шамасында К. өзінің танысы Ч.-мен ішіп отырған ішімдіктері таусылған соң дүкенге барады. Жолда бейтаныс жігітке килігіп, бірнеше рет соққы жасап, жәбірленушінің үстіндегі сырт киімін шешіп алып, сөмкеге салып алған әйел адам етігін иемденген. Нәтижесінде, оған 24000 теңгенің материалдық шығыны келтірілген. Қылмыстық әрекетін жалғастырған К. келесі күні танысы Б.-мен бірге көшеде кетіп бара жатқан ер адамды тонап, оған 30500 теңгенің материалдық шығынын келтірілген. Ал, 19 желтоқсанда сағат 05.40 шамасында К. өзінің серіктестерімен бірге Кайырбеков көшесінің бойындағы тұрғын үйден құны 50 000 теңге болатын теледидарды ұрлап кеткен.
Осылайша, К. ҚР ҚК-нің 177 бабы 4 бөл. «б» тар., 106 бабы 1 бөл., 191 бабы 2 бөл. 1,3 тар., 188 бабы 2 бөл, 1,3 тар. бойынша айыпталып отыр. Сонымен қатар, 1982 ж.т Ч. және 1976 ж.т. С. «тонау», «ұлық жасау» баптары бойынша айыпталып отыр.