Бірер сөз

Серағаң мен Биағаңның қолтаңбасы бар қастерлі басылымның табалдырығын аттағалы екі жыл да болып қалыпты.  Жалынан сипатпайтын уақыт деген тұлпардың ырқында жеткен белесіміз де, асқан асуымыз да бар. Алғашқы келген жылы былай деппіз: «Жыл құсындай жанымызды желпіп жадыратып,  әз-наурыз келді. Дүние қайта жаңғырып,  қайта жаңара түседі. Елімізде мамыржай тірлік-тіршілік. Бірақ, солай десек те,  іштей болса да кешегі қойындас , бүгінгі қолтықтас елдердің аласапыранына алаңдап отырған жұрт бар. Мұндайда алаш баласының есіне «туысы бірдің қонысы бір, туысы бірдің уысы бір» деген мақал түседі екен…Асылы, жиі айтып жегіп алған «бірлік бар жерде, тірлік бар» дегеннің мағанасы қандай салмақты, маңызды еді! Ағайын ала болса ауыздағысынан айрылар, ағайынның аразы болса да азары болмайдыны» да біліп, бастан өткізіп, жан терлетіп барып айтқан екен-ау..
Төл басылымыңыз, ет-жақын мінберіңіз  – «Қостанай таңы»  мұндайда  ағайынның  іштей ұйысқан, үнсіз ұғысқан жан тынысын, елдің аталы сөзін ,ердің өрелі ісін айтып, жар сала, жеткізуге ұмтылады.    Тым  асқақ айтты демеңіздер,  біздің өңірде  «Қостанай таңы» –  ұлттың намысы, жігерге жігер қосар ұйтқысы, біле білгенге алтын діңгекті мінбері! Намысы дейтініміз,  намысқойлығынан сөйлегенде қылыштай кесіп түседі, ал  елжірегенде  жібектей жалтыратып   есіп те түседі.  Өзіміздің  төлтума газетіміз деп өзгеге еңсесін түсіртпей,   тар жерде тұқыртпай  қасқая тұрар ардаемген жампоздарымыз бар. Әсіресе, ұлдың ой бағатын, қыздың ар бағатын кезінде сәтін салып сырласуға,  ыңғайын тауып , ойласуға  лайық  қара шаңырақтарыңыз осы.  Баланы санамайтын, тіпті  санын айтпайтын, үйге келе жатып, сүрініп кетсе үйге береке – байлық,  ырыс –несібе   келеді  деп қуанатын алаш баласының қолынан  «Қостанай таңын» көрсек,  оны  төрге апарып  үш  рет  аунатып алар едік!»  Ал газетіміздің сайты болса – ол ұжымның, барша оқырманның ниет-пейілінің ақжолтайы, ой-пікір алаңы,  өзіндік сыр-сипаты бар электронды нұсқа.
Биылғы жыл –айрықша жыл. Мұқым алаш баласы төл ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫН бойтұмардай қастерлеп мерекелейтін, мерейін арттырып, мәртебесін еселейтін жыл! Ендеше, қазіргі қазақтың қазақтығы сыналып, тілі бұралып,  ұлттығы болдырып тұрған  кезеңде, бір серпіліп, рухшыл, ұлтшыл замандастарымыз Сіз бен Біз болып, келіңіздер сырласайық, үн қосайық
   
                                                                                                            

 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓