БЕНЗИН  СУДАН АРЗАН!

АҚШ-тың экономикалық шектеуінен шыққан Иран – әлемнің алпауыт елдерін мұнайымен жарылқап тастады. Нәтижесінде, батыс елдеріндегі жағар май бағасы бір сәтте арзандап шыға келді. Көпшіліктің қолданысына ие бензин маркасы теңгеге шаққанда 90 теңгеге дейін төмендеп, мұнайға тәуелсіз мемлекет тұрғындарын тағы бір қуантты.
Мужчина на бензоколонке держит в руке заправочный пистолет с бензином или дизельным топливом для автомобиля

Мужчина на бензоколонке держит в руке заправочный пистолет с бензином или дизельным топливом для автомобиля

Экономикалық бұғаудан құтылып, қара алтын саудасына қосылған ірі өндіруші – үкіметтік табысын қара алтынмен түгендеп отырғандарды тығырыққа тірегені жасырын емес. Дей тұрғанмен, Ресейдің бастамасымен қолға алынған ОПЕК-тің (мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) келісімі мұнай бағасының тұрақтануына септігін тигізді. Қазіргі уақытта, қара алтынның бір бареллі 31 АҚШ долларынан саудаға шығарылуда. Мамандардың пайымдауынша, келісім күшін жоймаса, жыл соңына дейін қара алтын бағасы 50 АҚШ долларына дейін көтерілуі ықтимал.
Бюджетін жерасты шикізатынан түскен табыспен бүтіндеп отырған елдер үшін, мұнай бағасының төмендеуі – ауыр соққы.  Өкінішке қарай, қазақ елі де сол елдердің қатарында. Әзірге, төл теңгеміздің өзі  мұнай бағамына тікелей байланысты болып отыр. Мұнай бағасы төмендеген сайын, сыртқы фактордың әсерімен, ішкі өніміміздің бағасы көтерілуі мүмкін. Қанша жерден, мұнайдың үстінде отырмыз дегенімізбен, бензин де құны көтерілуі ықтимал тауарлар қатарында.
Бұл тек, Қазақстанға ғана тән құбылыс емес. Көрші елдерде де дәл осындай жағдай қалыптасқан. Барлық жағынан да бір-бірімен біте байланысқан Кедендік Одақ елдері де мұнай бағасының тұрақсыздануынан қиындық кешіп отыр. Ал, АҚШ-та керісінше, мұнай бағасының төмендеуінен  жанар-жағар майдың құны арзандады. Мәселен, Мичиган штатында бензин 0,8 АҚШ долларынан сатылып жатыр. Қалған аймақтарда бір доллардың аржақ-бержағында.  Дәл осындай жағдай Біріккен Араб Әмірліктерінде де  байқалады. Мұндағы мұнай өнімдерінің бағасы ауыз судан төмен бағамен сатылуда. Жыл басынан бері мұнайлы өлкедегі өнім – 40 пайызға төмендепті. Мұның есесіне, азық-түлік құны 3 есеге, ауыз су 5 есеге қымбаттапты. Сәйкесінше, тіршілік нәрі – бензиннен қымбат сатылуда.
Батыстық сарапшылардың пайымдауынша, мұнай бағасы әлі де төмендеуі тиіс. Бареллі 10 долларға дейін түседі дейтіндер де бар. Осыған байланысты, бұл елдегі экономикалық тұрғыдан тиімді саналып келген гибрид, электромобильдерге деген сұраныс төмендеп, көлемді көліктерге деген қызығушылық артқан. Қазірдің өзінде, «Tesla Motors», «Toyota Mirai» іспетті бренд маркаларына сұраныс 11 пайызға кеміген. Мұның есесіне, жол талғамайтын және кросоверлерге деген сұраныс 10 пайызға өсіпті. Сұаныстың аздығынан, осы елдегі «Toyota» компаниясының өкілдігі «Scion» маркасын құрастыру жұмысын тоқтатқан. Сондай-ақ, «Fiat Chrysler» компаниясы да «Dodge Dart» және «Chrysler 200» маркаларын жасауды доғарып, көлемі зор маркаларын құрастыруға көшетіндігін мәлімдеген. «Ford» компаниясы «Ford Fiesta», «Fusion» маркаларын шығару ісін Мексикаға ауыстыруды жөн көріпті. «Ford Focus» моделі конвейерден мүлдем алынып тасталған.
Ал, қазақстандықтар болса, қолына түскен көлікті тізгіндеуде. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, ескі көліктерді жоюға арналған салықтың енгізілуіне байланысты, сырттан тасылатын көліктердің саны күрт азайған. Ел тұрғындары Қазақстанда құрастырылған темір тұлпарларды, күші жетпегендері қолданыстағы көліктерді мініп жүр.
Бензин бағасына келер болсақ, біздің елімізде мұнай өнімдерінің құны әлемдегі кейбір мемлекеттерден анағұрлым арзан болып шықты. «Global Petrol Prices» агенттігінің ақпаратына жүгінер болсақ, бензиннің арзандығы жағынан Қазақстан – әлем бойынша 8-ші орында. Ең арзан бензин Венесуелла мемлекетінде литрі теңгеге шаққанда (АҚШ долларының бағамы: 365 теңге) 8 теңгеден сатылуда. Ал, Кувейтте – 76 теңге көрінеді. БАӘ – 87,4 теңге, Кедендік Одақ құрамындағы Ресейде –  182 теңге, Беларуссияда – 200 теңгеден сатылып жатыр.  Еліміздегі 123 теңгенің бензинін қымбатсынып жүргендерге  Гонконгте мұнай өнімінің бір литрі 653 теңгеден сатылып жатқанын ескерткіміз келеді. Ендеше, бүгінгі күнімізге шүкір делік.
 
Жұматай Кәкімжанов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓