Ұстаздың қасиеті
Пенде болып дүниеге келген соң бойымызда небір мінез-қылық қалыптасады. Оның дені атаның қанымен, ананың сүтімен даритын болса керек. Біразы өскен ортаңа, оқыған-тоқыған біліміңе байланысты болмақ.
Білім демекші, кітаптан оқып-білгенің бір бөлек те, Ұстаздан алған тәлім-тәрбиенің орны бір басқа.
Менің де Ұстаздарым бар. Олардың бойындағы жақсы қасиеттер, айтқан ақыл-кеңесі мен тәрбиелік мәні бар істері мен үшін өмірлік азық болатынына күмәнім жоқ.
Жуырда Ұстазымның біреуіне арнап өлең шығардым. Оның өзі маған үлкен сабақ болды. Себебі, Ұстазыңа оның жақсылықтарын тізбелеп, құр мақтау айту арқылы оның жанын жараламасаң, мейіріміне кенеле қоймассың.
Мен Ұстазымнан үйренуді қажет ететін, маған ғана емес, басқаларға да үлгі болатын қасиеттерді оның ата-тегіне, туыстарына, достарына балап жыр шумақтарына арқау еттім.
Бәлкім, мұным біреулер үшін ерсі көрінер. Ал, енді бірі адами құндылықтардан жоғары ештеңе жоқ екенін ұғынар. Тағы біреулер өз бойынан осы қасиеттерді көруге талпынар.
Өзгеге болар тағылым,
Өзіңіз жайлы бар аңыз.
Тереңге жайған тамырын
Тектілік деген бабаңыз.
Жақсылық – терген несібең,
Жақсыға Алла жар деген.
Ұрпағы болар несі кем,
Атасы барда Ар деген?!
Білім мен Ғылым қос туыс,
Табылып ылғи жаныңнан,
Арманға еріп өстіңіз,
Адалдық деген ауылдан.
Дос болып Жігер, Намысқа,
Қыздырдың өмір көрігін.
Тағдырлар түскен жарыста,
Сәттілік болды серігің.
Жақсы мен жайсаң ісіне,
Жанашыр болып жүріңіз.
Үлгі ғой үлкен-кішіге,
Қамқорлық деген ұлыңыз.
Жақсылықтардан жалықпай,
Жайнайды бал-бұл жүзіңіз.
Танымал ел-жұрт халыққа,
Өнеге деген қызыңыз.
Ұстаздың туған күнінде,
Жыр болып туды базынам.
Ортаймас түптің түбінде,
Адамгершілік – қазынаң!
Сіздің адамгершілік-қазынаңызда не бар? Ортаға салыңыз, ой қосыңыз.
Менің де ұстазым, оның ішінде ерекше бағалайтын ұстазым бар-тын. Есімі – Жаниға. оған шумақ-шумақ өлең төкпесем де, бар тілегімді білдірдім жақында. Жасымыз отыздан асса да, мектептегі ұстаздарымызды ұмытпаймыз ғо. Айтайын дегенім, адамгершілік дегеніміздің өзі – сабақ беру, ұстаздық ету. Себебеі. адамгершіліі жоқ педагог деген болмас. Ал, басқас адамдығы жағында.
Ерлан, ойыңыз орынды. Оларды өмір бойы құрметтеу керек. Олар-өмір бойында кездесіп құнды кеңес беріп, түзу жолға түсіруші құдіретті күшке ие игі кісілер. Мен бұл жерде мұғалімдер мен оқытушыларды ғана меңзеп тұрған жоқпын! Негізінен, талапшыл ұстаздарды құрметтеймін. Мысалы біздің Гүлжанат апайдың мінезі қатал болатын, тіпті ер жеткен соң да балалар оны көргенде селк ете түсетінін жасырмайды. Жақсы болсын деп қатал болатын. Өй, есепті шекілдеуікше шағушы едің ғой деп таң қалады кейін ынжықтық танытып тұрған оқушысын көрсе.Бала кездегі тәлімгер ме, одан кейінгісі маңызды ма тап басып айтпайсың. Өйткені зердені ашқан адам бағалы. Жас баланы дұрыс тәрбиелеуде кім көрінген емес, нағыз ұстаз жолықса жақсы. көше тәрбиесі, әл.желі т.с.с аздырады…Есімде әліппені жаттатқызып,
Қолыма алғаш қалам ұстатқаның…Сыңғырлаған бала дауыстар. Ностальгия…
Иә, "еңбегің кетпес далаға" деган сөз ұстаздарға ғана жарасқан ғой. Енді қалай? Өмірге басқан әрбір қадамың үшін, сені ата-анаң ұстазға сеніп өз қолымен әкеліп тапсырады ғой. Сен үшін оның айтқаны заң! Бітті! Біз солай өскен ұрпақпыз… Ал қазір ше? Жүректің нағыз сыздайтын жері де осы! Дегенмен, біздің діліміздің ерекшелігі сондай, қазақ мектебінде білім алатын тәрбиенің орны ерекше десем, артық айтпаған болар едім… Сондықтан, туымызды жықпайық, қазақ мектептерінің санын, қазақтың тілі мен мәдениетін үйренушілердің санын молайтуға бәріміз ат салысайық! Еліміз жасасын, елдігіміз жасасын!