Ағайынның арасы…
Дүние өзгеруде, дәуір құбылуда. Кешегі алысты жақын, жақынды бауыр тұтқан, туыстық тамырының бүлкілі де, күнкүлі де ортақ, қойы қоралас, өзен-бұлағы жағалас, үлкенінің айтары – береке-бірлік, кішісінің сөзі – тырмысқан тірлік дейтін ел-жұрт едік, қазір қандаймыз, өзі? Сұраса келгенде, бір-бірімен жекжат-жұрағат немесе қарынбөле боп шыға келетін ағайынның ағайындық қасиетінен не қалды?
Мұндай көңілдегі алаң сауалды бүгін біз бірінші қойып отырған жоқпыз. Қазақ қазақ болғалы ғасырлар бойы айтумен келеді. Мысалы, осыдан 250 жылдай бұрын, Қазықұрттағы ас-тойдан Түркістанға қайтып келе жатқан Төле би, Есен би бастаған бір топ игі жақсылар жолда Досай би аулына аялдайды. Аталас, ағайын, би-болыстар бірер күн қона жатып, ел жағдайынан біраз әңгіменің басын қайырады. Ел арасындағы кикілжің, жанжал, кейбір бозбалалардың жағымсыз мінездерін есіткенде Төле би: "Арғымақ баптап не керек, Жабы қуып жеткен соң. Ағайын-туған не керек, аңдысып күні өткен соң. Бес күн жалған өтеді, ажал қуып жеткен соң. Бір төбенің басына, тыға салып кеткен соң. "Сөйле, Төке" дейсіңдер, жастар бар ма тыңдайтын? Бұрынғыдай жұрт қайда, айтатын оны біз қайда?"- деп, ашына сөйлепті. Құдайшылығын айтсақ, осы сөздердің бү-гін де желке жалы күдірейіп тұр! Бұрынғыдай жұрт та, айтатын сіз де, біз де бармыз-ау, бірақ сәл басқалаумыз, басқамыз.. Шүкір, ұлтымыз өсті-өнді, өркениетке ерді. Әлемдегі отыз озықтың қатарына ұмтылудамыз. Осындайда жан сүйсінтер жақсыдан гөрі, жамандығы құрғыр, етегіңе оралып, мазаңды алып бітеді. Айдың күні аманда теледидарды қосып қалсаң, қылмыстық хроника: "Ағайын арасындағы жанжалдың ақыры атысып, кісі өлімімен аяқталды. Ұрыс-керіс бұрыннан қыз беріп, қыз алысқан құдалар арасынан шыққан. Қатар жатқан екі ауылдың адамдары мылтық, пышақ, шоқпар алып төбелескен. Немере ағайындылар да бір-бі-рін аямаған. Жаға жыртысқан жекжаттардың арасында үшеуі әйел екен. Жанжалдың салдарынан 2 адам опат болды", – деп қалың қазақ ауылындағы оқиға-ны баяндап сұңқұлдатып тұр. Ол ол ма, ағайынды айтасыз, әкелі-бала, анасы мен қызы дүние-тезекке таласып, төбелесіп, бірін-бірі ұрып өлтірген дегенге енді таңғалмайтын бір сұмдық болды. Біз сонда қашан бұзылдық? "Қазақтың психологиясы, мінез-құлқы Абайдың тұсында бұзылды. Болыстық жүйе қазақты қазаққа айдап салды. Ауылдар өзімен-өзі ит болып таласты да кетті. Партия-партия, ауыл-ауыл болып таласты. Ал, патшаның адамдары ортада параны алып отыра берді. Абай осыны көрді, Абай осыған өкінді. Халқының қай жаққа қарай кетіп бара жатқанына қатты уайымдады. Қазақ содан бері оңалмай келеді Руға бөлінушілік, парақорлық, мінездің түзелмеуі осы күнге дейін қалар емес. Өткеннің осындай салқыны барлық жерде сақталған", – дейді ғалым-жазушы Мекемтас Мырзахметов. Ғалым сөзінің жаны бар. Несін жасырамыз, оны ішіміз біледі. Бірақ, қанша жерден бұзылдық десек те, ағайынның ардаемген асыл қасиеттері ал-қынды болып бойымызда қалып қойды. Қайсысын айтайық, әлі есімде, аталас бір ағамыз кіндігінен перзент көрмей, інісі бауыр етінен жаралған баласын қиып ағасына берді де, отбасымен нағашыларына көшіп кетті. Сол ағамыз ұлын қатарынан кем қылмай бағып-қағып өсірді. Баласы да ел сүйген азамат болып өсті. Ағамызға немере шөбере сүйгізді. Ағамыз пәниден риза болып өтті. Інісі де дүниеден озған. Ағамыздың сол оғыланы өзі немере сүйіп, бүгінде әулет басы. Бірақ ағамыз да, оның інісі де өле-өлгенше балаға керексіз шындықты айтпай кетті. Екі жақ та сүйекке біткен сертке берік еді. Қазір бала беру немесе ағайыннан асырап алу – жоқтың қасы. Асырап алғысы келгендер енді заңға жүгінеді. Ағалы-інілер, немере ағайындар бір-бірінің қас-қабағына қа-рап өскен еді. Енді қазір бір-бірінің табағына, тамағына қарайды. Қала мен ауылда ағайындардың өзі шақырусыз бірінің есігін бірі ашуды қойды. Наурызда, айт күндері де бас сұғып, "құтты болсын" айту ілу де біреу ғана.. Туыс-туысқандар қиналғанда бір-біріне қол ұшын береді, тор-қалы той, топырақты өлімді бірге көтеріседі. Ағайын бір өліде, бір тіріде деген. Бұл жағынан "Туысы бірдің – уысы бір", әл-әзір безбүйректене қойған жоқпыз. Бірақ шыны, ағайыннан гөрі көрші-көлем, дос, жолдас-жорлар артық. Ағайынның арасы алыстап барады.. Сирек барамыз. Той-томалақ, өлім-жітімге де сылтау айту, апта-айға, ай-жылға жалғасып, аяғы сиырқұйымшақтанып, "қуаныштың ерте-кеші жоқ", әйтпесе, "көңіл көрген жерде" деп өзімізді-өзіміз жұбатып жүре береміз. Ағайын арасы.. "Бақ қонса, сыйлар алаш ағайында, келе алмас жаман батып маңайыңа. Басыңның бақыт құсы ұшқан күні, құл-құтан басынады, малайың да", – деген, ұлы Ахаң: "Қинамайды абақтыға жапқаны, қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрі-нен, өз ауылымның иттері үріп қапқаны"… Сірә, бұдан кейін айтудың өзі артық десек те, халқымызда: "Ағайын бір өліде, бір тіріде керек", "Ағайынды жамандап туғанды қайдан табасың? Арғымақты жамандап тұлпарды қайдан табасың?" – ойланбай көріңіз…
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ