Мал-жан аман ба?

аязбековАрмысыз, ағайын, мал-жан аман ба?
Қыстың көзі қырау,  қиыр  қырдағы, қиян қыстаудағы жұрттың төрт түліктің  киесіне  мойын ұсынғаны болар – "ағайын ащы, мал тұщы", биыл қамданған.  "Құдайға шүкір", – дейді, ұялы телефоннан сонау Ұлы Жыланшық бойындағы  ағайынның бірі,  –  "Қой жылында –  қойдың үстіне боз торғай жұмыртқаласын, қой егізден тапса, шөптің басы айыр туады. Тегенедей құйрығы, бағланның дәмді еті бар, қорғасындай сүті бал, ақтылы қой өріп, мал бітпес деп ерден түңілмей, шөп бітпес деп жерден түңілмей, төзімділік танытып отырған  ағайын аман болсын деңіз". Ақ адал соғым малын  бауыздап, қазы-қартасымен етін жеп, сорпасын ішіп отырған қазақ – текті қазақ. Егер мұны тек ішіп-жеу күйінде ғана түсінсеңіз қателесесіз.  Малды қисынсыз ұрып-соқпау, теппеу керек – киесі бар. Қазақ баласы түліктің төлімен ойнап өскен. Бұл мейірім – қайырым қасиеттерінің бір тіні.  Біле білгенге, бағалағанға, төрт түлікті өсіріп отырған қазақ – дала өркениетінің  үлгісі.
Ежелгідегі аңызда Адам атаның екі ұлы Қабыл бидай, Әбіл қой  өсіргенде жаратқан Иеміз құрбандыққа егін емес, қойды таңдайды ғой! Үңіле түссеңіз сыры көп..
Дүние жүзінің 170-тен аса елінде 650 қой тұқымы мен тұқымдық топтары бар екен. "Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір" деген тегін емес. Қой сүті сиырдың сүтінен анағұрлым құнарлы, майлы болады.  Қой сүті тым қою болса, оған  шамалы  су қосатын болған. Су қосылған сүтті ертеректе сүмесін деп атаған. "Сүтке су қоссаң, сүмесін болады, сөзге сөз қоссаң, сүйесін болады" деген мақал бар.
Сонымен,  жаңа басталған қой жылының қандай  жаңалықтары бар?    Ел билігі не деп жатыр?   Айтсақ, бір парасы:
– 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы көлемі 9 пайызға, арнаулы және мемлекеттік жәрдемақылардың мөл-шері 7 пайызға артты.
– Бұрын жаңа туған сәбиге мемлекет көмек ретінде бір рет 51 мың теңге төлесе, енді  жаңа жылдан бір рет  55 мың 500 теңге төлейтін болды.
– Бұрын  төртінші  бала  дү-ниеге келсе,  86 мың теңге төлейтін, бұдан былай 92 мың 500 теңге төлейді.  Бала күті-міне қатысты төлемдер 1000-1500 теңгеге дейін көтерілді.
– Елімізде сенім хатсыз-ақ  кісінің  көлігін уақытша айдап жүре беретін болдыңыз.
– Көлікпен  жүргеніңізде күндіз де, түнде де шамы жағулы болуы керек.
– Көлігіңіз он екі жасқа дейінгі жас балалар үшін арнайы белдік секілді қондырғымен  жасақталуы тиіс. 
Қой жылы туғандарға жорамал: сәл нәрсеге ашуланады, алған бетінен қайтпайды. Сол сәттерде өзіне де, жанында жүргендерге де қауіпті. Өзін жарға жығатын мінезі – шешімді тым асығыс қабылдайтындығы.
Ең бастысы  қой жылы – көк байрағын  желбіретіп  1991 тәуелсіз ел атандық!  Баянды болғай!
 
Жанұзақ Аязбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓