Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай… (Мұқағалидың туған күнінде келген ой)
Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай,
Мына жұртым неге жатыр тойламай?!..
Мұқағали
Өзінің бір туған күнінде осындай өшпес өлең жазып қалдырған жыр мұзбалағы Мұқағали Мақатаев өзінен кейін келетін ұрпақ оның есімін алақанға салып, жырларын жаттап өсіп, әндерін асқақтата салып жүретінін білмеген де болар…
Жо-жоқ! Ол білді. Тіпті осылай боларына сенді де…
Тойланбаса, тойланбасын, не етейін?!
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін!..
Міне, енді сол «арызы» тиісті деңгейде қаралып, Мұқағалидың жүрегінен ақтарылып шыққан жырлары оның жүрек соғысы тоқтағаннан бері 40 (!) жыл өтсе де, мыңдаған, миллиондаған жүректерді жылытып келе жатыр.
Осыған қарағанда, Мұқағали ақын адам жүрегін «қайың-жүрекпен алмастырып», әр көктем сайын қайта көктейтін секілді.
Ақын адамдардың интуициялық қабілеті әлдеқайда жоғары болатынын ғалымдар бұдан бұрын да айтып келе жатыр. Бірақ, Мақатаев шығармашылығындағы осындай бір «көріпкелдіктің» мысалдары көптеп саналады…
Мұқағали шығармашылығының тағы бір бөлек парасы – оның күнделігіндегі жазбалар. Оның тылсымға толы қысқа ғұмырының кейбір жұмбақтарына жауапты да осы күнделіктерінен табуға болады.
Бір жазбасында ол: «… енді күніне бір өлең жазып отыруға өзіме-өзім уәде бердім» дейді. Тән азабын тартып, ауруханада жатқанында да өлең жазуды тоқтатпауына осы серті себеп болса керек-ті…
Ақиық ақынның туған күнінде мен де өзіме бір серт беруді жөн көрдім.
Шығармашылықтан мүлдем қол үзбеудің бір амалы ретінде өзімнің түлеп ұшқан ұям, Қостанайдағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Қостанай таңының» сайтында блогтұғырымды жүргізбекпін. (Редакция алқасы бұл туралы ұсынысын бұрыннан айтып жүрген болатын).
Блогтұғырда өлең туралы, өмір туралы, өзім туралы ойларымды ортаға салмақ ниетім бар.
Қадірлі оқырман, ойға ой қосып, жазбаларыма құнды пікір қалдырып жатсаңыздар, алғыстан басқа айтарым жоқ.
Құрметпен, Ерлан Қалмақов
Тамаша-ақ бастама! Ерлан бауырым, мен блетн бастыктардын ишиндеги ен карапайымы гой! кіші-үлкен демейді кейбір "қасқабастар" секілд!
Жас кезінде ол "қасқабастардың" да төбесі жабық болған шығар?) Ең бастысы, соларға еліктеп кетпей, қарапайымдылығын сақтаса болғаны… Мақалада мін жоқ, келесілерін күтеміз.
Құрметті Ерлан інім! Сен шынында да жүрегің ел үшін жаралған жалынды жастарымыздың бірісің! Сенің бұл бастамаң өте дүрыс.Сенің жазғандарың, айтар ойларың әр көрерменнің жүрегінен орын алатыны сөзсіз.
ЕРЛАН бауырым! Өзіңнің блогіңде жазғандарыңды бүгін бірінші рет көріп, тегіс оқып шықтым. Жазғандарыңа елең етіп, ой-пікір, ұсыныс-тілек, алғыс-рақмет айтқан оқырмандар мен жақсы жанашырлық танытып, үн қосқан замандастарыңа риза болып, қуанып қалдым!
"Ойды – ой қозғайды" деген. Ел-жұртқа, ертеңгі болашағымызды жалғастыратын жастарға ақыл-кеңес, үлгі-нұсқа беруге қазіргі атқарып отырған жауапты қызметің – біріншіден, жол ашып тұр, екіншіден, тікелей міндетіңе де кіреді. Сондықтан, уақыт тауып, әсіресе, жастармен осылай ой бөлісуіңді өрістете түс! "Елу жылда – Ел жаңа, жүз жылда – қазан" деп ескерткен ата-бабаларымыз! ҚАЗАҚ деген ке-ре-мет ! ! ! ХАЛЫҚтың, қонақжай, мейірімді, шешен, данышпан, т.т.с. ұлттың әрбір отбасы тәрбиелі ұяға айналуы керек. Сонда ғана "Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің" деген шындыққа айналады. Әрине, оңай шаруа емес! Алайда, Бізде ұлттық тәрбие мен тәлімнің негізі бар ғой?! Тек соны заман сұранысына сәйкес қайта құра білуіміз қажет. Ол үшін ізденіс керек, еңбек етіп, тер төгу қажет. Соған ықпал, әсер ететін тәрбие орнының басшысысың! Сол жолда СӘТТІЛІК тілеймін, БАУЫРЫМ!!!
Ерлан інім, блогтұғырыңдағы ойларың әр адамның көңілін селт еткізері сөзсіз. Мен де тіл жанашырымын. Халқының басым бөлігі өзге ұлт өкілдерінен тұратын Лисаков қаласында, тілімізді, дінімізді, ділімізді қолдау мақсатында азды-көпті үлесімді қосуға барынша тырысып жүрген жандардың бірімін. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде жұмыс істеп жүрген кезде, басқарма басшысы екеніңді білгенмен, жаныңның осындай кемел, ұлттық тәлім-тәрбиенің негізін сақтауға ұмтылатын жан екеніңді білмеппін. Шыны сол, "көкелердің" арқасында бастық болған балалардың бірі ғой деп шамалағам. Кешірім сұраймын. Жазғандарың көңілімнен шықты. Қаламың ұшталып, мансабың жоғарылай берсін, бауырым! Сен халқыңды қолдасаң, сені Алла қолдасын!