Мүкен Құнақын: «Қытайдан келдім Қостанайға»  немесе ата-жұртты аңсап жеткен бір қазақтың әңгімесі

Түрлі себептерге байланысты атамекеннен жырақтап, ғаламшардың әр жеріне құмалақтай шашылған қазақ диаспорасы туралы баспасөз беттерінде айтылып та, жазылып та жүр. Алайда, шетелде мекендеп жатқан қандастарымыздың саны бір ізге түспеген. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының интернет сайтындағы деректер былайша сөйлейді: Ресейде 1 млн. 400 мыңға жуық, Өзбекстанда 1 500 млн. жуық, Қырғызстанда 70 мыңға жуық, Моңғолияда 100 мыңнан астам, Қытайда 2 млн. жуық, Түркияда 20 мыңнан астам қазақ бар. Бұл мәліметтерден Қытайдағы қазақтардың саны көп екенін аңғарған боларсыз. Елден жырақта жүрген осыншама қандас қалай өмір сүріп жатыр? IMG_4613
Жуырда Мүкен Құнақын есімді Қытайдан келген қандасымыз Қостанайға оқуға келіпті деген хабарды естідік. Кейіпкерімізді іздеп барып, сұхбаттастық. Алтайдың ар жағындағы ағайынның амандығын сұрап білдік. 
-Қытайдағы қазақтардың өмір салты қалай, күнкөрісі, тұрмыстары ше? 
– Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиясында туып өстім. Ондағы қазақтар отбасында міндетті түрде қазақ тілінде сөйлеседі. Соңғы жылдары үкімет қос тіл деген жоба бастады. Жоба бойынша орта мектептерде ана тілі мен әдебиеті қазақша өтеді. Басқа сабақтар қытайша оқытылады. Қазір Қытай қазақтарының бәрі бірдей қазақи емес, ауытқу бар, жергілікті жердің мәдениетін, тілін қабылдау байқалады. 
Қытайдағы қазақтар ата-бабамыздың ұлттық салт-дәстүрін сақтап, бүгінге дейін жеткізді. Той-думандағы жөн-жоралғылар бұзылмай келе жатыр. Наурыз мейрамы, Құрбан айт, Ораза айт ең ұлық мерекеміз. Ұлттық өнерді де ұмытқанымыз жоқ. Күйтің деген қала бар. Онда арнайы өнер мектебі жұмыс істейді. Қобыз, домбырада ойнауды, ән айтуды үйретеді. «Қара жорға» биін білесіз ғой?! Оны Қытай қазақтары Қазақстанға жеткізіп, таратты. Алтай аймағының Шіңгіл ауданында қазақтың халық биі «Қара жорғаны» 10300 адам билеп, Гиннес кітабына жазылды. 
Қазақтардың басым көпшілігі малшаруашылығымен айналысады. Жерге дән сеуіп, егін егетіндері бар. Үкімет қызметкерлері де шыққан. Қытайда елу алты ұлт мекендейді. Ел ішінде аз және көп ұлт деп екіге бөлінеді. Қытай ұлты көп ұлттың қатарына, ал қазақтар аз ұлтқа жатады. Аз ұлттарға деген үкіметтің саясаты оң. Жоғары оқу орнын бітірген жастарды жұмысқа орналастырады. Баспанамен қамтуға арналған бағдарламалары жеткілікті. Халықты жұмыспен қамтумен айналысатын арнайы орган бар. Аталған органға барып дипломыңызды тіркетесіз. Олар 24 сағаттың ішінде бір хабарын береді. Мамандығыңыз бойынша жұмыс табуға көп көмегі бар. Егер, өз күнімді өзім көремін немесе кәсіпкерлікпен айналысамын десеңіз өсімсіз несие аласыз.
Қытайдағы қазақ жастары елдегі жаңалықты интернеттен оқып, үлкендерге айтып береді. Үлкендер оны өзара талқылап, ой қорытады. Қазақстанның эстрада әншілері Қытайға жиі келіп, концерт қояды. Роза Рымбаева бастаған әншілер, Қарақат пен Қыдырәлі, Мәдина Сәдуақасова, Қайрат Нұртас та бар. Бұрын «Шаншар», «Бауыржан-шоу» әзіл-сықақ театрлары жиі келетін. 
Әр адам үшін Отанның орны бөлек. Қытайдағы қандастар Қазақстанға келгісі келеді. Қазақстанға келіп азаматтық ала алмай кейін қайтқан бауырларымыз да болды. 
-Атамекенге оралу қиын ба? Қандай кедергі бар?
-Ешқандай қиын емес. Бірақ Қытайдан шықты деген анықтаманы алу қиын. Аталған анықтаманы Қазақстанда талап етеді. Заңның осындай томпақ тұстары кедергі.
Қазақстанға келген жастар жаңа ортаға бейімделе алады. Атамекенді дамыту мақсатында жұмыс істегісі келетіндер өте көп. Менің басты мақсатым сол. Елдің экономикасын көтеруге үлес қосқым келеді. Қостанайға алғаш келгенде таң қалдым. Тап таза, бұзылмаған қала. Есік терезесі жабық, жай жатқан, тыныш жатқан киіз үй сияқты. Сол киіз үйдің есік-терезесін ашу керек, жұрттың назарын өзімізге аудару керек. Қостанайдың көркем табиғатын сыртқа көрсету керек. Туризмді дамытқым келеді. Қытайға соңғы барғанымда туристік компаниялармен сөйлестім. Ондағы қазақтар Астана, Алматы, Бурабайды аралап, Қытайға кейін қайтады. Қазақстанның басқа қалаларын білмейді. Мен сол көштің басын Қостанайға бұрғым келеді. Қаладағы демалыс орындарын, мұражай мен театрларды көрсетсем деймін. Жергілікті ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырсақ жақсы емес пе. Әзірге, осы ойды пысықтап, зерттеу үстіндемін. Атамекенді бір көргісі келетін қазақтар көп. Олар аз ақша жұмсай отырып Қазақстанға саяхаттағысы келеді. Ел көріп, жер танығысы келетін азаматтарға бағыт-бағдар берсем деген ой. 
Қостанайда өндіріс орындары мүлде аз. Жеңіл өнеркәсіп, киім-кешек саласын бастау керек. Қызмет көрсету саласында қолданылатын тұрмыстық заттар, қалам, шырпы, тарақ, қонақ үйлерге арналған сабын сиқты ұсақ-түйекті шығарудан бастаған жөн. Мұндай заттардың өндірісі өте оңай әрі өтімді тауар. Осылайша, Отандық өндіріске үлес қосуға болады. 
Қытай қазақтары Қазақстандағы жаңалықтарға елеңдеп отырады. Кейде елдегі келеңсіз оқиғаларды естіп қалады. Соған сай көпшілікте теріс пікір қалыптасады. Қостанайды орыстілді аймақ, қазақтар аз деп біледі. Сондықтан үлкендер қорқып,  балаларын солтүстікке жібергісі жоқ. Осы барғанымда олар да менен елдегі хал-ахуалды сұрап жатыр. Үкіметтің саясаты қалай, қолдау бар ма? Қандастарға деген көзқарас қандай? Бәрін білгісі келеді. 
Қандастарды алаңдататыны жер мселесі. Сырттан қоныс аударған отандастарға жер берсе, өздері-ақ пана болар баспана тұрғызып алады. Қазақстанға көшіп келе сала баспана алу мүмкін емес. Жұмыс табу, күнкөруге бас қатырмайды. 
-Кейінгі өсіп келе жатқан балалар қазақша ұмытып қалады-ау деген қорқыныш бар ма?
-Әрине, бар. Ауруын жасырған өледі. Қытайда кейінгі жылдары қазақ тілді мектептердің саны азайып бара жатыр. Балалар қытайша оқып, қытайша жазады. Соған сай қытайша ойлауға бейімделе бастайды. 
-Қытайда бала тууды шектеу деген бар. Мұндай саясат қазақ отбасыларына кері әсерін тигізбейді ме?
-Ол заң 1990 жылдардан кейін қабылданған. Қытай ұлтына бір бала, аз ұлттарға екі бала. Диқандарға екі бала рұқсат етіледі. Тұңғыш бала қыз болса тағы бір балаға рұқсат. Бізде бала тәрбиесіне аса мән беріледі. Бір баланы тәрбиелеу үлкен жауапкершілік. Оны трбиелеп, сапалы білім беріп, қатарға қосу оңай емес.
Соңғы жылдары қыздарымыз қытайға тиіп жатыр. Қытайша оқып білім алған адам сол тілде ойлауға бейімделеді. Ондай адамның көзіне қытай жақсы болып көрінеді. Бұрынғы кезде қытайға тиемін дейтін қыз мүлде болмайтын. Басқа ұлттан қыз аламын немесе келін боламын деген адамды қатаң жазалайтын. Қазір оған көнетін адам жоқ. 
-Жеке басыңыз, отбасыңыз туралы бірер сөз.
-Шыңжаң ұйғыр автономиясындағы Боротала облысында туып өстім.  Шыңжаңның орталығы Үрімші қаласында жоғары оқу орнын бітірдім. Шыңжаң аграрлық университетінде «Жануарлар ғылымы» мамандығы бойынша білім алдым.. Қазақтың баласымын. Ата кәсіп деген бар. Әкемнің әкесі Байдаш өмір бойы мал баққан кісі. Солардың ізінен өкшелеп келе жатқан ұрпақ болған соң осы кәсіпті жалғау перзенттік парызымыз деп түсіндім. Әкемнің аты – Құнақын Байдашұлы, анам – Бағдат Оразалықызы.  Ата-анам бастауыш сыныптың мұғалімдері болған. Әкем ана тілі, анам математика пәнінен сабақ берді.   Қазір екеуі де зейнеткер.
Отбасында төрт ұл, бір қыз өстік. Үлкені – Бекен Боротала қаласында медиа орталықта техникалық маман, екіншісі – Өкен Арасан аудандық сауықтыру орнында аспаз, үшіншісі мен – Мүкен. Зульфия деген қарындасым Қарабұқа қалашығында емханада мейірбике, кенжеміз Жәркен Арасан ауданында жұмыс істеп жатыр.
-Қостанайға алғаш келген күніңіз есіңізде ме? 
-Былтыр шілде айында келіп, екі күн болып кеттім. Екі күннің ішінде әбден қиналдым. Көшеде такси тоқтамайды. Бір сағат көше бойында тұрдым, сонда бір-ақ көлік тоқтады. Көлік жүргізуші шымкенттік жігіт ағасы екен. Маған көмектесіп, жол көрсетті. Сол кісіге қатты разымын. Қостанай ұнаған соң тамызда қайта келіп, магистратураға оқуға түстім. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасымен грантқа түстім.  Қабылдау комиссиясында Құндызай есімді кісі көмектесіп, осындай бағдарлама бар екенін айтты.
-Қостанай қаласында тұрып жатқаныңызға алты ай болыпты. Не байқадыңыз, қандай ой түйдіңіз?
-Жергілікті тұрғындар дайын нәрсеге құмар, Еңбектенуге, тер төгуге жалқау сияқты. Еңбек етпесе табыс келмейді. Жамандаған болмайын, бірақ, көзге ұрып тұрғаны кемшіліктің бірі – қазақша сөйлейтіндер аз. Сұрақ қойсаңыз орысша жауап береді. Жанға бататын шындық осы. Басқасының бәрін шешуге болады. 
Қазір ҚМУ-дың жатақханасында тұрып жатырмын. Қостанай мемлекеттік университетінде оқимын деген адамға барлық жағдай жасалған. Қытайдағы білім беру саласынан кем емес. Университетте «Білім орталығы» бар. Іздеген кітаптың бәрі сол жерден табылады. Оқырман билетінің көмегімен кітапты тегін аласыз. Ал Қытайда ақшасын төлейсіз, сатып аласыз. Әттеген-айы қазақтілді оқытушылар аз. Қазақша сөйлейтін жоғары білімді, профессорлар аз. Мен орыс тобында оқып жатырмын. Орысша үйренемін деп өз-өзіме сөз бердім. Бірақ мұндағы тіл үйретушілер сағатына бес мың теңге сұрады. Сондықтан, орыс тілін Қытайдағы қазақтан интернет арқылы үйреніп жатырмын. 
Қостанай қаласының тазалығы, мәдениеті ұнады. Қазақстанның оңтүстігінде Алматыны – ару қала деп атасақ, солтүстік аймақтың сұлу шаһары – Қостанай дер едім. Бұл жерден қазақ әліпбиінің атасы – Ахмет Байтұрсынов шыққан. Ең алғаш төте жазуды ойлап тапқан алаш зиялысы. Шыңжаң ұйғыр автономиясының қазақтары әлі күнге сол төте жазуды пайдаланады. Қостанайдың бидайы халықаралық деңгейде танымал. 
Бала кезімнен Қазақстанды көруді армандайтынмын. Сондықтан жаз айларында Астана мен Алматы қалаларындағы туыстарыма қыдырып бардым. Атамекендегі ағайындардан Қостанайдың керім табиғатын естідім. Осылайша Қостанайға келдім.
Қазақстан халқына, Қостанай қаласының тұрғындарына жақсылық тілеймін. Төл жаңа жылымыз Наурыз мейрамы келе жатыр. Еліміз өркендей берсін. Тыныштық, бейбітшілік болсын. Елдің жағдайы жылдан жылға оңала берсін. 
 
Қымбат ДОСЖАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓