Сералинге ескерткіш белгі орнатылды
«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек!»
Н. Ә. Назарбаев.
Қарабалық кентінде қазақ журналистикасының атасы, 1923-1926 жылдары «Ауыл» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінің тұңғыш редакторы болған ақын Мұхамеджан Сералинге ескерткіш белгі орнатылды. Оның ашылу салтанатына Қарабалық ауданының әкімі Руслан Халықов, облыстық «Қостанай таңы» газетінің Бас редакторы Жанұзақ Аязбеков және зиялы қауым өкілдері, аудан жұртшылығы қатысты. Биыл қыркүйек айында аудан басшысының бастамасымен Өрнек ауылындағы ақын бейіті жаңартылған еді. Көп ұзамай аудан орталығындағы М.Сералин көшесіне асфальт төселіп, көше бойына қазақ халқының мақтанышына айналған тұлғаға арналған стела бой көтерді.
– Мына көше бұрын жүруге жарамсыз еді. Жауын жауса езіліп, қатынас қиындап кететін. Бір жолы аудан әкімімен жолығып, даңқты жерлесіміздің есімін иеленген көшені жөндеп беруін өтіндім. Руслан Болатұлы көп сөзге келген жоқ. Уәдесін берді. Міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар, көшеміз теп-тегіс, айнадай жалтырап жатыр. Адамның лайықты өмір сүруіне өзі аса көп дүние керек емес қой. Бүкіл көше тұрғындары риза болды. Сосын енді, көшенің бойына ақын атамызға арнап бір белгі қояйық деп келістік. Ол да шешімін тапты. Аудан басшысына мың да бір рахмет! Келгеніне алты ай болған жоқ, осы қысқа мерзім ішінде жиырма көшені жөндетіп, асфальт төсеттіріп берді. Қорымға баратын жол салғызды. Өзі де әке өнегесін көріп өскен жігіт емес пе, мен сияқты аудан ақсақалдарының сөзін екі етпеуі үлкен азаматтығы деп білемін, – дейді еңбек ардагері Ердәулет Ыбыраев. – Кешегі жетпісінші-сексенші жылдарға дейін Мұхамеджанның кім екенін білгеніміз жоқ. Ұмытпасам, 1975 жылы М.Сералиннің өмірі мен шығармашылығынан дессертация жазуға Алматыдан бір ғалым кісі келді. Өрнек тоғыз жылдық мектебінде директор болған Рамазан Түркенов деген азаматтың үйінде әлгі кісімен жолығып, біраз әңгімелескен едім. 1983 жылы сонда мен бөлімше басқарушысы болып бардым. Сонда Мұхамеджан атамызбен бірге жұмыс істеп, жиырма бесінші жылы Өрнекте алғаш артель құрған ақсақалдармен сөйлестім. Жарықтық әлгі кісілер Мұхамеджан атамыздың жазушылығынан бөлек, ауылшаруашылығы ісіне қалай араласқанын айтып, таңдай қақтырып еді…
Ердәулет қария айтпақшы, сол жылдардан бастап Мұхамеджан Сералин есімі кейінгі буын арасында кеңінен тарай бастаған. Оған ғалымдардың қосқан үлесі қомақты. ХХ ғасырдың басындағы Қазақтың қоғамдық-саяси тарихындағы маңызды тұлғалардың бірі болған даңқты жерлесіміздің шығармашылығы поэзия көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, сонымен бірге өз заманының іздемпаз жастарына рухани азық болды. Ғасырда бір туатын ұлы тұлға қазақтың ағартушы – демократтарының ұшқыр ойын одан әрі қарай жалғастырып, сол кездегі оқу, білім, халықтың дамуы, адами құндылық пен тұлғалық жетілуі тәрізді өзекті мәселелерге айрықша ден қойды.
– Мұхамеджан Сералиннің бүкіл өмірі, шығармашылығы мен қызметі нағыз патриотизмнің, өз халқы мен мұраттарына деген адалдықтың жарқын үлгісі болып қала береді. Келесі жылы біз даңқты жерлесіміздің 150 жылдығын атап өтеміз. Мерейтойға дайындық шеңберінде қыркүйек айында Өрнек ауылындағы ақын бейітінің маңайы абаттандырылды. Аудан орталығындағы М.Сералин көшесіне жөндеу жүргізілді және бүгін сіздермен бірге куә болып отырған ескерткіш – стела орнатылды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, стеланы орнатуға бастамашы болған Сәния Сұлтанбекқызы Қабыловаға, қадірменді қарияларымыз – Владимир Иванович Максименко мен Ердәулет Ілиясұлы Ыбыраевқа, сондай-ақ ескерткіштің құрылысына қатысқандардың бәріне үлкен алғысымды білдіргім келеді. Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында, Мұхамеджан Сералиннің жерлестері ретінде мерейтойды атап өтуді ескерткіш белгінің ашылуынан бастаймыз. Келесі жылы М.Сералиннің қызметіне арналған ғылыми-практикалық конференция өткізу, «Топжарған» және «Гүлқашима» поэмаларын орыс тіліне аудару, сондай-ақ, жерлесіміздің озық қоғамдық-саяси қайраткер ретіндегі өмір жолы туралы кітап жазу және басып шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді ескерткіш белгінің ашылу салтанатында аудан әкімі Руслан Халықов.
Тарихқа үңілсек, Мұхамеджанның әкесі Сералы да жастау шағында өлең шығарып, ән айтуға әуес болған кісі көрінеді. Уақыт өте келе ол қазақ жастары арасында ағартушылықты таратуға күш жұмылдырған. Он тоғызыншы ғасырдың аяғына таман Қостанай даласына қоныс аударған Сералы бала оқытумен айналысады. Мұхамеджан да әке ісін жалғастырды. Троицкідегі медресесіні бітіргеннен соң ол Қостанайдағы екі кластық орыс – қазақ училищесін үздік оқып тауысты. М. Сералин – табиғатынан дарынды, аналитикалық ойлау қабілеті, қоғамдағы барлық оқиғаларға өзіндік көзқарасы қалыптасқан тұлға ретінде ерте танылған.
– Өмірде өзім ерекше қастер тұтатын екі кісі бар. Соның бірі Ыбырай Алтынсарин болса, екіншісі осы – Мұхамеджан Сералин. Бұл екі кісінің де ерекшелігі – ойы мен ісі, парасаты мен қарекеті бір жерден шыққан. Бұлардың бойындағы жанкештілік екінің бірінде кездесе бермейтін қабілет. М.Сералин – қазақ тарихында, оның ішінде біздің Қостанай өңірінде жарық көрген «Ауыл» газетінің алғашқы ұйымдастырушысы. Бұл басылымның шыға бастағанына келесі жылы тура 100 жыл болады. Міне, осы тұңғыш қазақ газетін Мұхамеджан елу жасында қолға алды. Бұл айтуға оңай. Ол кезде газет арабша қаріппен басылды және оны Челябідегі татар бауырларымыздың баспаханасында жасатқан. Әріп ауыр қорғасыннан құйылатын. Сол жылдары губерниялық комитет төрағасының орынбасары болып қызмет істеген Мұхамеджан майға малшына жүріп, қаріп теруші баспахана қызметкерлерінің жанында күн-түн қатып тер төккен кісі. Әр мақаланың қатесін де өзі түзеткен. Сондай ауыр жұмысқа жегілсе де ол өз ісіне ешқашан арланбаған. Намыстанбаған. Өйткені, оның көзі ашық еді. Мұхамеджанның әкесі – Серәлі деген кісі де заманында атақты айтыс ақыны болған. Ол кісінің атақ-даңқы да жеткілікті еді. Әке көрген Мұхамеджанның өзі татарға жиен болғанмен, ұлтжандылығын бірден аңғарамыз. Міне, осылайша М.Сералин қазақ журналистикасының негізін салды. Ол – философ, ол-ақын, ол- жазушы, ол-керемет аудармашы болды. Бір адамның бойында осыншама таланттың ұштасуы – оның аса еңбекқорлығы, ұлтқа деген айрықша махаббаты демеске хақымыз жоқ… Бұл кісі қазақтан шыққан тұңғыш реформатор болды. Негізі, халқымыздың отырықшылдыққа бейімделуі осы М.Сералиннен бастау алады. Ақсор деген ауылда алғаш монша, кітапхана, медресе, клуб салдыртып, «қазақтар, біз қашанғы көшіп қонып жүре береміз. Бір жерде тұрып, бірқауым ел болайық» деп ауыл болып өмір сүрудің ең тұңғыш үлгісін көрсеткен кісі осы – Мұхамеджан еді. Реформатор деуімнің сыры сол. Осындай қыруар жұмыс бітірген соң барып, газет ашқан. Оның өзіне арабша сауатты жастарды тартқан. Осындай үлкен жүректі қайраткер бола білді,- деді облыстық «Қостанай таңы» газетінің Бас редакторы Жанұзақ Аязбеков.
Иә, Қазақ халқының саяси және экономикалық артта қалуының басты себебін М.Сералин көшпелі өмір салтынан көрген. Бұған Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсарин де назар аударды. Бірақ бұл туралы алғаш рет М.Сералин өзінің «Айқап» журналында: «Біз мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысып, жартылай көшпелі өмір салтын жүргізе алатын кездер өтті. Өткенге құрметпен қарайық. Және бұл үшін өкінбеңіз. Енді өмір сүру үшін біз ауылдар мен қалаларда тұруымыз керек»,-деп жазды. Ол «Айқап» журналында жұмыс істей жүріп қырықтан астам публицистикалық мақалалар мен очерктер жариялап, қазақ ағартушы-демократтарының, ең алдымен Ыбырай Алтынсариннің дәстүрін жалғастырды.
Өз ана тілінен бөлек орыс, парсы, татар тілдерін жетік меңгерген ол күнделікті қызметі арасында көптеген өлең,поэма жазған. Мұхамеджан Сералин патша әкімшілігінің көптеген ұйымдарына барып, «Айқап» журналын шығаруға рұқсат сұрайды. 1910 жылдың аяғында үкімет М. Сералиннің өтінішін қанағаттандырып, алғашқы қазақ журналының шығаруына рұқсатын берді. Рұқсат қағазында былай деп жазылған: «Қостанай уезінің №5 Шұбар болысының қазағы М. Сералинге өзінің жауапкершілігімен Троицк қаласында ай сайынғы «Эй-Кафь» журналын шығаруға рұқсат беру. Журналдың бағдарламасы: озық мақалалар, шетел жаңалықтары, мұсылман ғұмырындағы мәселелер, жылнама, фельетондар және өлеңдер, библиография мен ғылыми мақалалар, редакцияға жазылған хаттар». Мұхамеджан өзінің өмір тәжірибесін пайдалана отырып, халық арасындағы кедейшілік жағдайын ескергендіктен, бірден іске кіріскен. «Айқап» журналы – ол кезеңде ерекше құбылысқа айналды. Мұхамеджан Сералин маңайына сауатты тілшілер және ақпарат беруге икемді адамдарды жинады. Олардың қатарына Жиһанша Сейдалин, Спандияр Көбеев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбт Майлин, Сәбит Дөнентаев, Молдағали Жолдыбаев, Есенғали Хасболатов тәрізді көрнекті тұлғалар енді.
– Ардақты жерлестерімізді еске алу, оларға осындай еңселі ескерткіштер салу – ол біздің азаматтық борышымыз.Осы миссияның бізге жүктелгені мені ерекше тебірентіп отыр. Оны біз абыроймен атқаруға тырыстық деп ойлаймын. Атамыздың атындағы көшенің заманауи кейіпке еніп, ескерткішінің бой көтеруі – ұрпақтары үшін үлкен мәртебе! Бүгін әруағы бір аунап түскен шығар.
Жұлдызы ғой, Сералин дәуірімнің,
Мақтанышы пір тұтар ауылымның.
Қол созғандай сол кезде ғарыштарға,
Болашаққа ой салған абыздарға,
Мәңгі ұйқыдан оятып қазақ елін,
Ой-пікірін «Айқапқа» жаза берді.
Сол үгіттің нәтижесін көп тұрмыз.
Қазақ елі көп елден озады енді!,- деп қорытындылады өз сөзін салтанатты жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәния Қабылова.
Ал, бастамашы топтың тағы бір өкілі Владимир Максименко өзінің жүрекжарды тілегін айта келе, аудан әкімі Руслан Халықовқа М.Сералиннің шөберелерінің Алғыс хатын табыс етті. Салтанатты рәсім аудан көркемөнерпаздарының ән-жырына ұласты.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.