Ақпанда

…Кіндігінен  жараған жорғадай  "Nissan PatroI" күре жолда заулап келеді.
Ақпанның қылаулай жауған қары бірте-бірте үдей түсіп, соңы қарлы боранға ұласты.
Салонның артқы жұмсақ креслосында отырған – Мәкең.  Мәкең астаналық ірі фирма президентінің оң қолы, көмекші-кеңесшісі. Бастығының  қиыр  жайлап,  шет  қонған ауылда тұратын ата-анасына ақшалай қаражаты мен сәлем-сауқатын жеткізіп беруге шыққан беті.  Фирманың облыстағы филиал жетекшісі Дәкең бастығының көмекшісін әуежайдан табанын жер иіскетпей  мейманханадағы  VIP залының арнайы жайылған дастарқаннан "Джек Дэниэлс" вискиінен екеуін бітіріп шыққан. Жол болса ұзақ. Үш жүз шақырым. "Күн мынау қақап тұр. Тоңбай баруымыз керек, Мәке!" – деп  қолқалағаннан  кейін  әлгі "Джектен" бастырмалата басыңқырып  жіберіпті.  Мәкең мен Дәкең  көлікке масайраған  күймен отырған. Тек алдыңғы жүргізушімен қатар орындықта арық қатқан қара шал ғана, бар-жоғы елеусіз, тым-тырыс..
Екі жүз шақырымдай жүргеннен соң асфальт түгесіліп жайдақ жолға түсті. Сол-ақ екен, қарлы  боран енді толассыз үйіріп соқты. Барған сайын қарға адым жер көрінуден қалды. Айналаны көрпілдек қар көміп жатыр. Қас қарайып кеткен. Бір уақытта күймедей көлік белге ұрған жыландай сылқ түсіп тоқтады да қалды.
– Жеттік, – Шофер жігіт басын шайқай берді, – Қайда келдік, енді қалай жүреміз, во-обще, непонятно!
Астаналық Мәкеңнің манағы  жайсаң күйінің берекесі қаша бастаған-ау, Дәкеңе қайта-қайта жыланкөзденді. Дәкең болса қадірлі қонағының жайсыз халінен қысылып, жолды неге білмейсің, неге жақсылап сұрап алмағансың деп шоферді күстәналады. Ол болса үріккен тананың көзіндей болып құдайдың күнін көрмейсіз бе дегендей мөнтеңдеді. Оның үстіне "Ниссанда" кеткен өші бардай сырттан қара боран  дүңкілдете сабауын үдетіп барады. Көк дауыл. Осылай отыра берсе, жанармай таусылып, көлік суып, іс насырға шабары анық. Бір сағаттай өтті, көліктегілер енді шынымен-ақ  қатты састы. Иен далада боранға үсіп, арам қатуы әбден ықтимал. Көліктегі үшеуінің көзінде – сұмдық үрей. Құты қашқан. Тек алдында отырған күйі күндікке тіс жармаған қайыс қара шал ғана сабырлы, ойлы пішінде. Терезеден сырттағы боран саябырсығандай көрінді. Кенет қара шал үстіндегі тонының омырауын түймелеп, құлақшынын милықтата түсіріп, құлақ бауын тас қып байлады.
– Есікті аш!
Шал тысқа шыққанда қылаудай із, бедер-белгі жоқ айнала әппақ дөңгеленген аққұба дүние. Қарлы боранның манағы екпіні басылыпты, даладағы қардың бетін баяу ғана сипалай  сыпырып жатыр. Шал алға жиырма бес қадамдай  жерге дейін қарды омбылай,  адымдап кешіп барды да тоқтай қалды. Пимасымен  өзі тұрған жердің қарын арши бастады.
– Мына шал көр қазатын жер іздеп жатыр ма? – Мәкең мұнысы несі дегендей Дәкеңе сыздана қарады. 
– Бұл  шал кім өзі?
– Менің қайын атам, төрінен көрі жуық, жүрген бір бейшара. Әлгі ауылда жалғыз көзі тірі нағашысын бір көріп қайтсам деп  жалынып болмағасын… әрі келініңіз айтқасын… ке-шіріңіз, қазір мен тез ертіп әкелем, – деп, тісі-тісіне тимей дірдектеп отырған Дәкеңнің жаны шығып кете жаздап, сырт-қа шығуға ұмтылды. Сөйткенше болған жоқ,  шал да  көлікке қарай кері қайтып келеді екен.
–Болды енді, жамандық шақырып, мүрде іздегенің қай сасқаның?!
Шал   күйеу баласына бұрылып та қарамады. Келген бетте кабинаның есігін нығыздай жапты да, шоферге:
– Қарағым, ана мен барған жерге қарай бұрыл да, тура жүр. Сол бағыттан тоқтамай абайлап тіке тарта бер, – деді де өзі   қолымен нұсқап көрсете бастады.  Шалдың далада шыққаны үшін бас салып ит терісін басына қаптауға аптыққан Дәкеңді Мәкең қолмен тоқта, үндеме деген белгі берді. "Ниссан" шалдың айтуымен жүріп барады. Жолсыз даланың шамалы кедір-бұдырына күшті көлік қинала қоймады. Қарды қақ тіліп, алға қарай қозы- көш жер ұзады. Бір уақытта алыстан болар-болмас шам көрінгендей болды.
– Әне,  жарық, әне жылт-жылт етті! – Шофер  қуанғанынан құлақшынын атып ұрды. Жүрген сайын алдағы жылтылдаған жарық көбейе түсті. Бұл ауыл шеті болатын. Күні бойы жанын шүберекке түйіп келген үшеу, ауылға кіре бергенше, шыдай алмай шалды бас салды.
– Шал, сен айтшы, қалай білдің?
 Шал үн-түнсіз  қалтасынан бір қураған шөпті алып шығып: "Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим! Мен келдім әр нәрсеге, адыраспан, Атыңды қойған екен Омар, Оспан. Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим!" деп барып, өсімдіктің сағағына қолын тигізді де:
– Бұл адыраспан деген шөп. Көбіне  сулы жерге, құдықтың маңайына, ел қонған жерде өседі. Мен қарды аршығанда шөптерді аршып қарадым. Адыраспанды жағымсыз исі мен сабағынан-ақ бірден таныдым. Бірер адым жүріп тағы аршып көріп ем, өскен бағытын байқадым. Онымен аралас саздау жерде өсетін күреңсе шөп те бар екен. Көп ұзамай-ақ ауылдың бар екенін, қай тұста  екенін айтқан, осы адыраспан. Үшеуі басы салбырап не дерін білмей үнсіз қалды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓