Ардың ісі… Ұлылар неге жылады?

Ayazbekov_7Француздың әйгілі әкелі – балалы Дюмалары.  Әке –  Дюма хақында бала – Дюма : "Бір күні әкемді гүл бағындағы сүйікті скамейкасында отырған жерінен көрдім. Еңкейген күйі  қос алақанымен бетін басып қатты егіліп жылап отыр екен.  Жүгіріп қасына бардым.
–  Әке, қымбатты әкетайым, сізге не болды? Неге жылайсың?
Ол:
– Мен мүсәпір де қайырымды Портосты аяймын! ( Портос – "Үш ноян" романының кейіпкері. –Ж.А.) Оның иығына тұтас жартас құлады, соған ол  шыдас беруі тиіс. Құдай-ай,  бұл қандай ауыр!" депті. (А.И.Куприн)  
Ал Гёте өзінен-өзі көзіне жас  толып, бір күні хатшысынан: "мен о дүниеге аттанғанда немістер не дер еді?" – деп, сұраса керек. Хатшы әрине қатты қайғырады дейді. – "Тіпті олай емес, – депті,  Гёте, – "Олар: "Уф!" деп, ұлы адамның өктем ауыртпалығынан құтылдық деп бір жеңілдеп қалады. "(Р.Роллан) "..Бір күні ол бойында тек жаны ғана бар, өңі азаптан адам танымастай өзгеріп, кресло жанында еденде құлап жатқан же-рінен табылады. "Сізге не бол-ған?" – дейді, достары үрейленіп. "Немене сіздер ештеңе білмей-сіздер ме ?" – дейді, Бальзак.  "Құдай ақы, жоқ тезірек айтыңызшы!",  "Бүгін таңертең Горио әкей қайтыс болды ғой" депті, Бальзак" (Б.Горбачевский. "Ариаднаның арқауы", 96 бет, "Жалын" 1977 ж.) "Горио әкей"  романының  соңғы  нүктесін қойғаннан соң 35 жастағы Оноре де Бальзак  осылайша  еңіреп-есеңгіреп,  делқұлы, беяапар күйге түсіпті.
Абай туралы баласы  Тұрағұл: "Бір  мұсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды,  естір-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де" – деп жазған.
М.Әуезовтың "Абай жолын" жаз-ғанда да, жазғаннан кейін де бастан кешкен жан азабы Бальзактан асып түспесе кем түспеген. Әсіресе  Әуезов коммунистік идеология-ның тепкісінен қатты шаршап, егі-леді. Содан  жанталаса еңбектеніп, жосықсыз айыптауларынан құтылғысы келді." (Т.Әкімов) Соған қарамастан жаны еңіреп жүріп, кемеңгер Әуезов қазақ халқын өлмес асыл мұра – "Абай жолы" дәуірнамасымен әлемдік аренаға алып шықты!
Саналы  ғұмыры кеңес империясының төрт құбыласы түгел, "қой үстінде боз торғай жұмыртқалаған" заманында өткен "Адамзаттың  Айтматовы":  "Ақ кемені" жазғанда мен  жыладым. Әдебиет – қашанда трагедия, – деді ол – біз оқушыға ащыны және қасіретті айтқан сайын, тіпті одан да бетер сұмдық дүниелерді жазып бе-зіндіреміз. Біздің тірлігіміз – оқырман үшін  бәрін жүректен  өткізіп, жан кешу". – деді"  (Д.Быков.) Міне, күрмеуі тор – бау, күрделі  зор – лау талап! Уақыт талабы! Сан  қырлы, сан сырлы шығармашылық тағдырлар. Рас, бәрін бір қалыпқа салуға да, өлшеп-пішуге де жойдасыз. Осы ретте  уақыт талабын ойласақ, тәуелсіз еліміздің тәубелі төл әдебиеті  хақында санаң сан- саққа жүгіреді…
Турасына көшейік, бес биенің сабасындай балпаң-балпаң басқан Бальзак жазғанды, Бальзак тудырған әдеби құбылысты біздің балпаңдар  жаза алды ма? Жаза алмаса неге жаза алмай жүр?  Бальзак әдебиетінде бетбұрыс жасап, түреннен жол салды,  біз сала алмадық, неге?  Бальзактың біздің қазақтан, қазақ жазушысынан несі артық? – дейсің кей сәтте, пенделікке салынып. Дарыны мен қарымы (қарыны десеңіз де)жағынан қай қазақ кем еді?! Ол көрген құқайды, ол көрген шығармашылық мехнатты қазақ көрмеді ме? Бальзак  "қой  үстіне  боз торғай жұмыртқалаған" заманда өмір сүрді дейсіз бе?. Керісінше, Бальзак ысқырып тұрған әбжыландар заманында, дүрбелеңдер мен дүрдеараздар дендеген, дүмпулер мен күнкілдер, жаңару мен жанығу кезеңінде өмір сүрген. 1789 жылы. Француз төңкерісі қара  халықтың  жігерін  құм  қылған алып Бурбондар әулетін, абсолюттік монархияны тақтан құлатты. 1792 жылы Франция  республика болып жарияланды. Бальзак шыр етіп дүниеге келген жылы Наполеон Бонопарт   Франция билігінің ұшар басына шыққан.(Бас консул) "Семсермен ойыңа келгеннің бәрін істеуге болады, тек оған отыруға болмайды" деген император төрткіл дүниені бағындырып, билеп төстегісі келді. Бірақ арманына жете алмады.
Небір ұлтымыздың жазармандары  сырты жұтынып тұрған сұлу-сымбатты  томпиған тоққарын,  том-том бордақы  кітаптарын  шығарып жатыр.  Шығара берсін дерсіз -ау.  Бірақ  ол  ол ма,   көбісі "Кітап жазу қиын емес.  Бір ай, бір жылда талай дастан, талай  роман жазып тастау түкке де  тұрмайды" деп ескенді де көрдік. Билік, беделділердің қолымен жиын ұйымдастырып, оқымай-ақ таныстырады, мақтатады, таратқызады. Ізінше айрықша  құрмет, қошемет, сый-сияпат жасатады. 
Оқушы қауым өз еркімен  оқып, тұшынып,   мойындау керек-ау деген ойына кіріп те шықпайды. Себебі, бәрі де жан қинамай жазылған  жазбалар.  Ақ қағазға (мониторға) көз жасы тамбағандар.  Көркем әдебиетті еріккеннің ермегі, қызыққанның көрмегіне  айналдырғандар. Ашпай тұрып-ақ  жәдігөй көңілге алданып, өз өті-рігіне, өз жалғанына өзін сендіргендер.
Жүрекке жетпей тұрса да, жылтыр, жалған сөзге жанарымыз  шынымен-ақ жасаурай ма, өзі?!
Жанұзақ Аязбеков
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓