Сіз не дейсіз?

e4710ea0caa54c5d561a4702a971c28eОйда жоқ жерде облысқа танымал З. деген қадірлі ақсақал  жолығуға келіпті. Таң қалдым.  Өмірі ешкімге бас шұлғып, иіле қоймайтын, ақадал қызметімен абыройлы да беделді, алпыс батпан жүк артсаң да  қайыспай көтеретін қатепті қара нардай кісі.  Зейнетке шықса да   кәрі емендей мықты, тартымды болмысынан айнымай, қарттықтың қадірін кетірмей жүрген санаулы ақсақалдың бірегейі. Таң қалғаным – кәдімгідей  ақыл-кеңес сұрағандай сыңай танытты. Екеуара  болған соң баппен ғана шешіле сөйлей бастады:
– Өзің білесің, балаларымның баласы, тіпті олардың немерелері де бар. Қыздарым да сондай күйлі-қуатты, тату-тәтті, тиісті несібесін теріп жүріп жатыр. Кемпір дүниеден озғалы  бес жыл. Балаларыма да, қыздарыма да, барлық немере, шө-берелеріме дейін  де ризамын. Күндіз-түні қасымда жалғызсыратпайды. Ешнәрседен таршылық көріп отырған жоқпын. Ас-ты-үстіме түсіп, аузыма қарап, бағып-қағып отыр, – деді де, менің жүзіме сәл жымия қарады. – "Енді не керек, бұл шалға" деп отырсың  ғой.  Мәселе осы  "не керектен" шығып отыр.  Ме-нің  осы азын-аулақ ғұмырымда  ел үшін сіңірген еңбегімнің куәсіндей, едәуір  орден-медальдарым барын  білесің. (Солардың қатарында Тәуелсіздігіміз-дің он жылдығына берілген медаль да бар). Кезінде тарихта аты қалған талай  марқасқалар Қостанайға келгенде түскен  фотосуреттерім де жеткілікті. Га-зет-жорналдарға шыққан мен туралы мақалалар да екі папка.    Соңғы он жылдағы бейнематериалдар да таспа-таспа, дискілерде жатыр. Марқұм кемпірім шалымның еңбегі ғой деп жинай беріпті. Енді, міне, "қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды ар-ман…". Пендешілікпен мақтангершілік жасап, өзімді-өзім әс-петтейін дегеннен аулақпын.  Бі-рақ жаны жоқ заттар болса да,  естелік сияқты жаныңның бір бөлшегіндей ыстық көрінеді екен.
Бір күні балаларымның  үлке-ні мен кенжесін шақырып алып, "Осы дүниелердің сендерге керегі бар ма?  Ертең мен өлсем, мұны не істейсіңдер?" – дедім, төтесінен. Екеуінің де қипақтап отырып айтқаны: "Әке, қайдағыны айтпаңыз.  Әл-әзір ол өзіңізге  естелік ретінде керек қой.  Кейін-гісін кейін көрерміз",– деп, осы да уайымдайтын нәрсе ме дегендей сыңай танытты.  Мен сонда да болмай: "Әй, бұлар  сендерден нан сұрамайды ғой. Екеуің бөліп алып, үйлеріңде сақтасаңдар қайтеді. Немерелеріме, шөбелеріме аталарыңнан қалған ескерткіш демейсіңдер ме?" – дедім, қабақ шытып. Сонда кенжемнің тұрып айтқаны: "Әке, сіз туралы дүниелер-дің бәрін компьютерге түсіріп қойдық. Киноролик жасаймыз. Сіздің немере, шөберелеріңіз содан бәрін білетін болады. Ал мына дүниелерді мұражай, мұрағаттарға өткізген дұрыс шығар" – деді.  Менің жақтырмағанымды сезіп  екеуі де үнсіз кетіп қалды. Ойланып келер, кейін өздері бірдеңе айтар деп күттім. Күнде көріп жағдайымды сұрап тұрады. Бірақ бұл тақы-рыпқа мүлдем жоламай қойды. Балаларыма ренжісем де,  бір-те-бірте олардың айтқанының да бір қисыны бар сияқты, ол  реніш басылды. Содан мұражайға да, мұрағатқа да қоңы-раулатып, мән-жайды айтып түсіндіріп бердім. Ондағылар бірден: "Бізге  керек.  Аламыз. Тек әл-әзір қол босамай тұр. Кейін хабарласайық" деп, мекенжайымды жазып алды. Арада жыл өтті. Зым-зыя. Мені бі-лесің, екінші қайтара өтінбейтін адаммын. Тек қинайтыны, ер-тең олай-пұлай болып кетсем, бәрі қоқыс жәшігінде шашылып жата ма кім білсін?! Әлде, өзім құнды деп жүрген құнсыз әдіреқалғырды аяқасты етіп, иесіз қалдырғаннан гөрі, былғанбай тұрғанда  өртеп жіберсем бе екен, ә? Сен не дейсің?" – деп,  сөзін аяқтады.  Мен қапелімде  не дейін.
Сіз не дейсіз?
Жанұзақ    
      Аязбеков
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓