Кәрі гуманизм
Бірегей талант, марқұм Таласбек Әсемқұлов бір жазбасында: "Біз қалай болғанда да өте көп жасаған көне халықпыз. Бұны адамгершілігіміздің жасына қарап білуге болады. Біздің гуманизміміз – көргенінде қисап жоқ кәрі гуманизм. Осы ұзаққа созылған тарихи тағдыр барысында біздің бабаларымыз қашанда адамшылық, мейірім, аяушылық жағында болыпты. Дүниені әлденеше рет алақанымызға сиғызыппыз. Алайда, бойымызда, жүрегімізде қаулаған ар менен ұяттың, ожданның өрті, алақанымызға сыйып тұрған сол әлсіз тіршілікке, сол әлсіз дүниеге қиянат жасауға жібермепті."
Қазыбек би қайтыс болғанда Арқадан Түркістанға жерлеуге түйемен он бес күнде жеткізген. Қос түйенің ортасына қом жасап, тоқтамастан суыт жүріп отырған. Жолдағы ел алдынан шығып, мәйітті тоқтатпастан, әйелдері жоқтау айтып, ерлері өз қонысынан ұзағанша артынан еріп отырған. Жолаушыларға сусын ұсынылып, шалдыққан түйелер ауыстырылған. Ұлт адамгершілігі, рух биіктігі деген осы!
Өткен ғасырдағы сұрапыл соғыстың алдында өзіміз аш-жалаңаш отырып, қысастық көрген талай ұлтты құшақ ашып, паналаттық. Жатсына алмадық. Бұл да аяушылығымыздың, мейірім-адамгершілігіміздің күші.
Шетелдерде жүрген қандастарымыздың қаншама қиындық көрсе де, өз тілін, әдет-ғұрпын, ұлттық нақыштарын сақтап қалуға ұмтылады, бұл да қанға біткен қасиетіміздің арқасы.
"Қазақтың қырық үш руының қанын тексергенде, әлгі қырық үш рудың қаны бір әкенің қанындай болып шыққан. Бұл – қазаққа ғана тән жеті атаның қасиеті." (Ж.Бабалық).
"Иілгенге иіл, ол атаңның құлы емес, шалқайғанға шалқай, ол Құдайдың ұлы емес!", – дейтін де біздің қазақ.
Қазақта болған әмеңгерлік – ұрпақ қамы, жетімді жат босағаға телміртпеу, жесірді қаңғыртпау. Құнанбай өзінен кейінгі інісі Құтпамбет (Құлмұханбет) жастай бақилық болып, оның атастырған қалыңдығын – Құнанбай Күңкеден кейінгі екінші әйелі етіп, текті жердің қызы Ұлжанды келіндей алған. Осы некеден Абай дүниеге келген. Кейін Абайдың өзі де інісі Оспанның әйеліне әмеңгерлікпен үйленген.
Қазақтың басқа ұлттардан ерекше көзге ұрып тұратын қабілеті – нені болса да оңай түсінетіндігі, жаңаны тез қабылдайтындығы, өмірге тез үйлесіп кететіндігі.
…Біле білсек, 1920, 1932 – 1933 жылдарғы ашаршылық қазақ үшін ұлттық қасірет болды. Оған 1937 – 1938 жылдарғы қуғын-сүргінді қоссаңыз, бәрі айналып келіп халықтың рухын езді, сағын сындырды… Соның салдарынан әлі күнге құтыла алмай келеміз…
Айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек:" ..Бір қандас кісі жүр-жүрлеп қоймаған соң ілесіп үйіне бардым. Отыздар шамасында ұлы бар екен. Әкесіне телефонынан бейнетүсірілім көрсетті. Түнімен крещениеге қатысып, суға түскенін айтты. Әкесі оны "Көп жылдан бері қалмай қатысып келеді" деп қуаттап қойды. Мен: "Бұларыңыз дұрыс емес" деп едім, ұлы: "Өте пайдалы. Қыс бойы ауырмайсың" деп дәлелдей кетті. Мен: Басқа күні неге түспейсің" десем, "Тек Иссус шоқынған күнгі су ғана қасиетті болады. Орыстардың шоқындырған суын ыдысқа құйып әкеліп сақтап қоямыз, кейін балалар ауырғанда, сиыр ауырғанда ішкіземіз", – деді.
Жалпы, біздің орыспен араласып кеткен ағайындардың ұлттық түйсігі жоқ. Олардың санасында вирус бар",– деп ашынады. Не дейсіз бұған? Ұл өсірдік, ұлықтымен ауыл бола алмадық, қыз өсірдік, қылықтымен ауыл бола алмадық… "Жаманнан жақсы туар, теңі болмас, жақсыдан жаман туар, емі болмас". Әйтсе де, біздің қазақтың қазығы мықты, кәрі гуманизм өлмейді!