Төрлет, “усойқы”!
Жылдар бойы қате жазулармен күрескен "Быды-быдыны" "генерал" атағымен отставкаға жібергеннен кейін бұл бетке "Мырқымбай" деген сияқты ұлдың атын қоямыз ба, жоқ әлде сылқ-сылқ күлетін "Сылқым" сияқты қыздың атын қоямыз ба деп біраз мәңгірдік. Осы беттің штаттан тыс "бас қонағына" айналған бір авторымыз "сүйіншілеп", бірнеше ат ұсынды.
Қарап отырсақ, ұл да емес, қыз да емес, бәрі де шөптің аттары. Бірақ бұл аттар көңілімізге қоныңқырамады. Содан біз де "тентектеу", "қыршаңқы" шөптің аттарын іздестіре бастадық. Бір сәтте тілімізге "Усойқы" деген сөз орала кетті. Бұл өзі не "пәле" деп қазақ тілінің түсіндірме сөздігін ашып жіберсек,"Усойқы" дегеніміз балауса қыздай хош иісті ақ гүлі бар, бірақ улы өсімдік екен. Ауыспалы мағнасында ащы, қыршаңқы тіл деген ұғымды білдіреді. Бізге де керегі осындай ат қой. Қуанып кеттік. Сразу төрге шығардық.
Сонымен "Быды-быдының" орнына "Усойқы" келді. Қадамың құтты, уың мықты болсын, "Усойқы"!