«Бажалар» айтысы
("Сахнада" "аманкелділік" Мыржық пен "торғайлық" Тыржық )
Тыржық:
Мыржеке, амансың ба, ойма тазым,
Бажа боп маған айтар бар ма назың?
Сүйрелеп сотқа ертең жүрме мені,
Егерде осы айтыста болсаң жазым.
Мыржық:
Тыржеке, сөзін айтпа еріккеннің,
Білмедім, неге сонша желіккенің.
Қиратып, бір жерімді жазым қылар,
Немене, төбелеске келіп пе едің?
Тыржық:
Тұлпардай бүгін жүйрік болсам деп ем,
Қырандай тау шыңына қонсам деп ем.
Сол шыңнан жемтігіме шүйілгендей,
Сөзбенен таз төбеңді ойсам деп ем.
Мыржық:
Тыржық-ау, күнің бар ма жүрер даусыз,
Сөйлеген сөздеріңнің бәрі мәнсіз.
Мықты болсаң қанеки, айтып берші,
Еттері малдарыңның неге дәмсіз?
Тыржық:
Мыржық-ау, данасың ба, шаласың ба,
Бөтен жер жоқ екі аудан арасында.
Жейтіні сонда олардың бір шөп болса,
Біздің ет дәмсіз дейтін баласың ба?
Мыржық:
Біздің ел сенікінен асып тұр ғой,
Далам кең, дәулетім де тасып тұр ғой.
Жерің жоқ егін егер, етің дәмсіз,
Сондықтан халқың бізге қашып жүр ғой.
Тыржық:
Біздің жер мол мұнайдың ортасында,
Байимыз ертең соның арқасында.
Халқымыз араласып тұрып жатса,
Торғайға айналам деп қорқасың ба?
Мыржық:
– Мұнайың не, айтшы сен түсіндіріп,
Сөйлейсің барды-жоқты "ісіндіріп".
Қайдағы байлықты сен айтып тұрсың,
Бақадай көлдің суын ішіп жүріп.
Тыржық:
Зерттеген геологтар былай дейді:
"Торғайдың асты толған мұнай дейді.
Күні ертең сол байлықты игергенде
Көрмейсің дәл Торғайдай шырайлы елді".
Торғайдан сонша неге түңілесің,
Пәле іздеп алды-артыма үңілесің.
Көлдің суы ортақ қой екеумізге,
Өгіздей сен де соны сіміресің.
Мыржық:
Беріліп қиялдағы қызығыңа,
Мас болғандай сөйлейсің қымызыңа.
Мұнайды айтып Тыржық-ау, мәз боласың,
Қашпаған қашардың сен уызына.
Жоқты айтып неге бекер сандаласың,
Күні ертең деп құр босқа таңданасың.
Міржақып мавзолейі жетім боп тұр,
Бидайықта бір адам қалмағасын.
Тыржық:
Ау, Мыржық, тектен-текке лақылдама,
Беттен ап долы әйелдей шапылдама.
Амантоғайды көргендер шошынады,
Сондықтан бақадайын бақылдама.
Бекерден бекер маған шапылдадың,
Білеміз сенің нені қатырғаның.
"Өлгендерді тірілтіп, несие алған".
Дейді ғой сенің кейбір "батырларың".
Жұқпасын бұл "ауруың" басқаларға,
Тап болдың қалай мұндай масқараға?
Мыржық:
Біріміз бірімізбен ерегесіп,
Дау-жанжал арамызда келеді өсіп.
Тезірек сахнадан құриықшы,
Қалармыз әйтпесе біз төбелесіп.