Қош бол, “быды-быды”!
"Быды-быды" бетін біраз жылдар бойы "былдырлаттық". Бұл өзі маңдайшалардағы атаулардың, көшелердегі жарнамалардың қазақшаларының қателерінен көз сүрінетін кезде солармен айқасу үшін "шырылдап" дүниеге келген айдар еді. Бірақ алғашқы кезде бұл айдар қазақшасының "аузы қисайып тұрған" маңдайшаларға, жарнамаларға қатысты жазылған жекелеген материалдарға ғана қойылатын.
Кейін бұл "батырың" бүкіл бетті "иемденіп алды". Сосын біраз жыл бойы "бетсіз" жарнамалардың, маңдайшалардың "бетін тілді".
Алайда бұл бетте "быды-быдыға" жатпайтын, яғни, шалдыр-шатпақ емес тәп-тәуір әзіл-сықақ материалдар да жарық көріп тұрды. Олардың авторлары өз туындыларының "Быды-быды" айдарымен берілгеніне "намыстанып", "мыңқылдайтын" болды. Кім іштен шыққан "баласына" "шалдыр-шатпақ" деп ат қойғанды жақсы көрсін. Осындай жағдайға орай "Быды-быды" атауын өзгертуді жөн көрдік.
Қош бол, "Быды-быды"! Енді, тұтастай бір бетті жеке-дара иеленем деп былжырама. Бұдан былай атыңа заты сай жекелеген мақалалардың ғана "шекесінде" тұратын боласың.