Аты аспанда, заты «астында…»

Менің көкемнің аты Көтібар. Сенбесеңдер төлқұжатын тексеріп көріңдер, мөрмен куәландырылып, тайға таңба бас-қандай Котибар деп жазылып тұр. Өзінің айтуынша бұл ныспыны марқұм ата-әжеміз ырымдап қойса керек. Бірақ нені, неге, не үшін ырымдады, ол жағы мен түгілі, Көтібар көкемнің өзіне дүдамал.
Аты "арт жақпен" тікелей байланысты болса да, көкем артта қалып көрген кісі емес. Көсем де өзі, шешен де өзі, тоқ-етері нағыз "крассавчик". Жұбайы Ұлтуған жеңгемнің жігіттің жайсаңына жар болу үшін жаратылған жан екеніне шүбә келтірудің өзі күнә. Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар. Бар айыбы "аздап модныйлау". Жеңгем де тумай жатып ырымға "ұрынған" екен. Құда-құдағилар қызылшақа қызын "соңынан атұстар ала келсін" деген үмітпен атын Ұлтуған деп атай салыпты. Тұңғыш қыздарының аты – Света. Бұл ныспы қарындасыма бекерден бекер берілмеген, тыңдап көрсең тарихы "тереңде". Сонау бір жылдары біздің ауылда тоғыз күн бойы тоқтамай боран соғады. Ақтүтектің алапаттылығы соншалық аудандағы барлық электр желілерін жел ұшырып кетеді. Жарықтан жұрдай болған перзентхананың ішінде тұмса жеңгем. Долы боран бейне жеңгемнің босануын күтіп тұрғандай күрт басылып, жарық біткен жанып, ауданның халқы бөркін аспанға атыпты. Әсіресе, тұмсығын бөкебайға тығып жіберіп, тұңғышының исін емірене жұтқан "құйрықты көкем" елден ерек қуаныпты. Көтібар көкем болашақ баласына "ұл туса Боранбай, қыз туса Борангүл" қоямын деп іштей жорып жүрсе керек. Алайда, "модақұмар" жеңгеме жарық дүниеге жарық ала келген нәрестеге Света деген есім қолайлылау көрінеді. Ол заман Совет кезі болғандық та, әрі шырағданнан құтылып, көзі шырадай жанып, шілдехана тойының қызығымен жүрген ауыл тұрғындары баса мән бермеді ме, басқа қазақы есім еске түскенше, ауылсовет баланың аты-жөнін туу туралы куәлікке "Света Котибаровна" деп бадырайтып жазып тастайды. Осындай-осындай "болмашы әрі кездейсоқ" себептермен коммунист Көтібар көкем-нің үйінде Лиза, Эльмира, Индира, Венера, Гита деген Светаның сіңлілері "пайда болды". Қазып көрсең бәрінің "тарихы тұнып тұр". Құдай қош көріп, Ұлтуған жеңгеміз ұлды да қаптатты. Бір қызығы, інілерімнің есімі де ерекше, Эрнест, Мэлс, Тельман, Викторлар. Бүгінде бәрі үйлі-баранды, Көтібар көкем мен Ұлтуған жеңгеме жыл сайын бір-бір немереден арқалатып отыр. Кешегі коммунист көкем, бүгінде бір ауылдың ақсақалы. Күн ашық болса да, "тіпа, тіпа, тәуелсіздіктің арқасы" деп ырымдап отырады. Немерелерінің есімдері де ырымнан құр қалмапты. Жақында үйіне барып шықтым. – Мынау жиенім сегізде, сабырлы болсын деген ырыммен атын Сабыркүл қоймақ едім, жеңгең "модный емес" деп, ақыры "Сабрина" деп азан шақырдық, – дейді аса бір риза жүзбен. – Мына бір тентек Тимур, Тимур Эрнестович. Білесің ғой, баяғыда Алматыда партшколдың оқуына барғанда Эрнест есімді неміспен екі ай бір бөлмеде жатқанымды… Бұл немеремнің атын өзім қойдым, Тимур дейік деген келінге көнбей, темірдей мықты болсын деп ырымдап, Темір қоямын деп қырсығып отырып алып едім, куәлік жазатын жердегі жетпегір бәрібір Тимур деп жазып жіберіпті, – деп, нағашысына тартқан шойқарадан насат көңілмен "насыбай атып" қояды Көтібар көкем. Қысқасы, Көтібар көкем немереден кенде болмапты. Жасмині келесі жұмада жетіге толады екен, жеңгем туған күніне шақыруды ұмытпады. Алинасы алтыға енді келеді, Беккер мен Бериваны бесте, Таркан мен Томирисі төртте, есімі есіңді шығарып, тіліңді теріс бұрап жіберетін тағы 4-5 боқмұрын, бір бөлмеде "банды" ойнап әуре. Көтібар көкем кішкентай тентектерін таныстырып жатқанда, телесериал әртістерін түгендеп, әншілер әлеміне бойлағандай әсер алдым. "Соларға тартып танымал болсын деп ырымдадық" дейді жеңгем. "Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді" деуші еді, аты аспандағы жұлдыз болғанмен, заты Көтібар ғой" деген кекесін көмейімде кептеліп тұрса да, көкемді ренжітіп алармын деп үндемедім.
Абылай МАУДАНОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓