Еркін ӘБІЛ: “Қуғын-сүргін құрбаны” түсінігі өзгерді”
Қазақ даласында кеңес дәуіріндегі саяси режимнің қыспағына түсіп, жазықсыз қудалау көрген тағдырлар қаншама. Әлі күнге дейін ақталмаған адамдар миллиондап саналады. Мемлекет басшысы осы олқылықтың орнын толтыру керегін айтып, арнайы Жарлық жариялаған еді. Бұдан соң Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия аз уақытта көп шаруа тындырған, алға құрып отырған жоспарлары да ауқымды. Ол туралы тарих ғылымдарының докторы, комиссия мүшесі Еркін Әбіл жан-жақты мәлімет берді.
– 18 қаңтар күні комиссия отырысы өтті. Онда өткен жылғы жұмыстар қорытындыланып, 31 томдық кітаптың тұсауы кесіліпті. Осы еңбек туралы толығырақ білгіміз келеді. Оған кімдер үлес қосты және бұрын айтыла қоймаған немесе ескерілмеген қандай деректер қамтылды? Мәліметтер қайдан алынды?
– Осы жұмыс енді қолға алынып жатқан кезде қарсылық білдірген әріптестеріміз аз болған жоқ. "Мұның не керегі бар? 90 жылдары ақтаңдақтың бәрі ашылып, ақталатын адамдар ақталды. Көп болса, мың шақты адамдай қалған шығар. Ол үшін арнайы комиссия құрудың қажеті қанша? Бізде құпиялы құжаттар жоқ, кезінде бәрін ашқанбыз" деген әңгімелер айтылды. Бірақ соған қарамастан, жоспарлы жұмыс басталып кетті. Осы шараның қаншалықты қажет екенін Президенттің өзі айтып, Жарлығы жарияланды. Солайша, негізгі комиссия құрылды, оған қоса бірнеше жұмыс тобы жасақталды. Саяси қуғын-сүргін құрбандары санаттарға жіктеліп, әрқайсысы үшін жеке топтар ұйымдастырылды. Бұлардың қатарына өңірлік топтарды қосыңыз. Осы бүкіл топ бірлесе жұмысқа кіріскен кезде, біріншіден, әлі толық ақталмаған кеңес саясатының құрбандарының біз болжағаннан әлдеқайда көп екеніне көз жеткіздік. Екіншіден, олар туралы қолма-қол дайын тұрған толық мәлімет те жоқ еді. Табанды ізденіс, еңбек нәтижесінде, бір жарым жылдың ішінде 2 миллион 400 мың құжат құпиясыздандырылды. Оған қоса, өңірлердің архивтерінде әлі 1 миллионға жақын құжат құпия күйінде жатыр. Қазір Президент архивінде арнайы топ құрылып, өңірлерден құпиялы құжаттар қабылдаумен айналысу үстінде. Сол жерде, бір орталықтан "құлыптаулы" келген деректер құпиясыздандырылады. Мәліметтерге сүйенсек, биыл ғана біз әлгінде айтқан 1 миллион құжаттың 300 мыңға жуығы тапсырылған. Ал енді жарыққа шығып үлгерген 2,4 млн құжаттың көбі – тұтқындалған, сотталған адамдардың жеке істері. Әрине, арасында әртүрлі аналитикалық құжаттар да бар. Барлығының басы біріктірілгенде 31 томға айналды. Солардың 29 томы – құжат жинақтары. Жалпы, осындай нәтижеге жету жолында мүдделес топтардың, көптеген өңірлік әріптестеріміздің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Олардың ішінде өзіміздің Қостанайдағы жұмыс тобының өкілдері де қыруар құжат тауып қосты. 31 том аз еңбек емес, бірақ мұның өзі тек бастамасы, әлі жалғасады. Әлгіндегі 1 млн құжаттан да едәуір етжеңді жинақ, бірнеше том шығады деп ойлаймын. 18 қаңтарда болған отырыста да осы бағыттағы жұмысты жалғастыру жөнінде әңгіме қозғалып, алдағы жоспарлар пысықталды. Әсіресе, өңірлердегі жұмысты ширата түсу қажет екені айтылды. Негізі, көздегеніміз құпия құжаттарды тек жариялай беру ғана емес. Бұл жұмыстардың елеулі бір нәтижесі болуы керек. Сондықтан саяси құрбандарды ақтау жөніндегі заңның жаңа жобасы дайындалды. Бұйыртса, ол жазға дейін мемлекеттік органдар қарауынан өтіп, жаңадан жасақталатын парламент мәжілісіне заң ретінде қайтадан қабылдауға түседі деген сенімдеміз.
– Қаншама құрбан ақталды. Бірақ солардың тізімі әлі жерде жарияланбаған. Әлде біз білмейміз бе? Бір ортақ сайт жасау керек сияқты…
– Қазір ол үшін арнайы база құрылып жатыр. Өз алдына жеке сайт та болады. Тағы бір айтарымыз, ақтау процесінің өзі өзгереді. Мәселен, құпиялы құжаттағы әрбір адамның ісін арнайы тапсырыс бойынша тек бас прокуратура қарап-тексеріп келді. Ал енді болашақта осы процестердің бәрі цифрландырылады. Электронды үкімет арқылы қолжетімді болатын жеке базадан әрбір азаматқа өзінің ағайын-туғандарын іздеу мүмкіндігі туады. Алдағы уақытта жоба аясында архивтен табылған тұлғалар автоматты түрде ақталатын болады. Онымен арнайы зерттеу тобы айналысады деп топшылап отырмыз. Бұл жеке топ бола ма немесе әлдебір институттың құрамындағы бөлім бола ма – ол жағы әзірге нақты шешілген жоқ. Бір анығы, Қазақстанда осы процестермен жүйелі түрде айналысатын бір ғылыми зерттеу орталығы пайда болады.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау дегенде олардың отбасы, туған-туыстарына қатысты да бірталай дүниелерді ақтарып қотаруға болатын секілді. Сондай-ақ белгілі тұлғалар, оқымыстылар, қайраткерлер ғана емес, белгісіз азаматтардың жазықсыз қудаланып, итжеккенге айдалғаны, жер аударылғаны, сотталғаны, зәбір көргені туралы зерттеліп жатыр ма?
– Біз қазір "саяси қуғын-сүргін құрбандары" деген түсініктің өзін өзгертіп жатырмыз. Бұрын олардың қатарына тек сот арқылы сотталған, белгілі бір жазаға тартылған тұлғаларды ғана жатқызып келдік. Қазір біз осы санатқа "қызыл" режимнен қиянат көріп, жапа шеккен адамдардың бәрін кіргізіп жатырмыз. Мейлі, белгілі бір адамға қатысты нақты бір үкім оқылмаған, бірақ үкіметтің оған қандай да бір залалы тиген болса, олардың бәрін құрбандар есебіне енгізіледі. Мысалы, кейбір қазақстандық азаматтар "саяси репрессия құрбаны" деп есептелмеді. Бірақ оларға қарсы экономикалық баптардың қолданылғанын көреміз. Айталық, сол дәуірде "Үш масақ жөніндегі заң" дегеннің болғаны белгілі. Соның пәрменімен көбін нақақтан-нақақ ұры деп қапасқа қамаған. "Мына салт заңнамаға қайшы келді" деп те абақтыға жапты. Наразылық білдіргеннің бәрі лаңкес, басбұзар деген айыппен қамауға алынды. Олардың бүкіл жанұясы, бала-шағасы қудалауға ұшырады. Мінекей, сондықтан осындай тұлғаларды да "құрбан" категориясына кіргізіп жатырмыз. Себебі сол режимнің сойылы оларға да тимей өткен жоқ.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандары жөнінде мектеп оқулықтарында қалай оқытылып жүр? Бұл да бір кешенді талдауды қажет ететін мәселе деп ойлаймын. Кеңес дәуіріндегі көзқараспен жазылған дүниелер ғылыми айналымда әлі жүр. Оларды қосымша дереккөз ретінде пайдаланатын оқытушылар да болуы мүмкін ғой…
– Қазақ даласында болған трагедияларға, ұжымдастыруға, аштыққа, саяси репрессияға осы күнге дейін Голощекин мен Сталин кінәлі деп жүрміз. Бұның арғы жағында Голощекинсіз бәрі басқаша болар еді деген ойдың қалыптасқаны көрініп тұр. Ал, шындығында, негізгі себеп – жүйе. Кеңестік жүйе. Сталин мен Голощекиннің орнында басқа біреулер отырса да бәрібір осындай жағдай болар еді. Себебі осы қуғын-сүргінге негіз берген – саяси режим. Жалпы, құқықтық жүйе кеңес саясатының қолшоқпары болды. Сонау 1917 жылдан, Лениннен бастап, кешегі Горбачевқа дейін, бәрі де құқықты тек қана саяси режимнің қызметі үшін пайдаланды. Сондықтан әртүрлі манипуляция жасалып, заң заң болудан қалды. Өкінішке қарай, біз сол кезде тәрбиеленген қоғамбыз. Қоғамдық санамыз сол кезде қалыптасқан. Осы күнге дейін заңды жеке бір құндылық ретінде қарамаймыз. Қалайда оны бір саясатқа бағындырғымыз келеді. Біздің комиссияның үлкен бір мақсаты – тарихи трагедияны алға сала отырып, соны тұспалдау, түсіндіру. Біз осынымызды қоймасақ, яғни заң жеке құндылық деңгейіне көтерілмесе, президенттен бастап, қарапайым азаматқа дейін сол түсінікке ұйымасақ, болашақта аталмыш репрессияның қайталану ықтималдығы арта бермек. Сондықтан заңымызды қоғамдық санада жеке бір құндылық ретінде қалыптастыруымыз керек. Қазір тарихшылар да, заңгерлер де осы мақсаттағы теориялық та орасан зор жұмыстар жүргізіп жатыр. Ал енді "Саяси қуғын-сүргін неден басталды? Мұндай трагедияға не себеп болды?" деген сауалдардың жауабын балаларға мектептен бастап айту керек. "Мінекей, қараңдаршы, заңмен манипуляция жасасаңдар, осындай жағдайға тап болуларың мүмкін" деп, оқушылар санасына ізгі қағидаттарды сіңіре беру керек. Қазіргі оқулықтарды шолып шықсаңыз, Хрущев кезіндегі сол үйреншікті "Сталин жаман, Голощекин жауыз" деген дискурстан әлі арыла алмай жатқанымызды көрер едік. Осы көзқарастар өзгеріп, балаларымыз шынайы мәлімет алуы тиіс.
– Комиссия жұмысының ендігі бағыт-бағдары туралы айта кетсеңіз. Енді қай жағына көбірек мән бергелі отырсыздар?
– Жоғарыда айтқанымыздай, ең басты жоспар – арнайы заңнама дайындау. Қазір бұл процес қарқынды жүріп жатыр. Алда күткен шаруа әлі аз емес. Мұның сыртында, комиссия жұмысының қорытындысы да дайындалады. 90 жылдары жұмыс істеген комиссия біраз адамды ақтағаны бәрімізге мәлім, бірақ сол процеске негіз болған құжаттар қолжетімді емес еді. Енді олардың бәрі жалпыға жария болып, бәрі том-том кітап болып өңірлерге, барлық кітапханаға – бүкіл тиісті мекемелерге таратылады. Олардың электронды нұсқасы жеке сайтта да жарияланады. Басты мақсат – бұрын жабық, құпия ұсталған, беймәлім болған ақпараттың бәрін халыққа қолжетімді қылу.