Жұлдыздай жарқыра
Жандос Мухаммадидің есімі енді танылып келеді. Жас әнші алғаш рет "Алтын микрофон" байқауына қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Лисаков қаласында тұратын Жандос сол жолы болашақта өнер академиясының түлегі болуды армандайтынын айтқан еді.
Сол арманға жетіп, Жандос Алматы қаласында өткен халықаралық "Бозторғай" балалар шығармашылығы байқауының жеңімпазы атанды. Талантты баланы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға шақырды. Енді ол өзін сол оқу ордасының студентімін деп толығымен айта алады. Жастарды күміс көмей әншіміз Бибігүл Төлегенованың өзі сынап, жоғары бағасын берген. Әлемнің әр түкпірінен келіп, бақ сынасқан байқауда Жандостың жұлдызы жарқырады. Өнер көгінде жүрген жұлдыздардан батасын алды. Жандос 6 жасынан бастап ән сала бастаған. Бірақ ешқашан музыкалық білім алып, жеке айналысып көрмепті. Ағасы ғана інісінің бойындағы қабілетті байқап, үнемі “сенен бірдеңе шығады” деп үміт артса керек. – Ағам ән айтады. Негізі отбасымызда әжем әдемі ән салады. Мектеп қабырғасында жай байқауларға қатысып, жүрдім. Бірақ ешқашан түпкілікті әнші боламын деп ойлаған емеспін. Тіптен музыкалық білім беріп, бағыт-бағдар көрсетіп, менімен айналысқан мұғалімім де болған емес. Тек қазіргі ұстазым деп Ақжамал апайымды айта аламын, – дейді жас әнші. Табиғаттың берген сыйы болар Жандостың дауысын бағалағандар таңдай қағады. Осы байқауда екінші орынды иеленген әнші қызымыздың бірі – Ардақ Ердәулет. Ардақ Қамысты ауданында оқиды. Ардақтың таланты да көпті табындыратыны көрініп тұр. Арманға қол созған қос әншімізге де болашақта жұлдыздай жарқырай берулеріне тілектеспіз.