«Алтын кітапқа» асық, жас талап!
Облыста «Жастардың алтын кітабына» енгісі келетін жастар үшін өтініш қабылдау басталды. Бұл туралы журналистермен өткен баспасөз мәслихатында «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Ерлан Төлетаев хабарлады. Жастардың құрмет кітабына ену үшін үміткерлердің жас мөлшері 14-29 аралығында болуы шарт. Барлық өтініштер 25 қазанға дейін жолдануы тиіс. – Жастардың алтын кітабына ену үшін үміткерлер өтініш пен қоса, өздерінің белгілі бір сала бойынша жеткен жетістіктері жайлы мағлұматтар әзірлеуі тиіс. Ол және біздің облыстың тұрғыны болуы керек. Кейін арнайы құрылған комиссия барлық үміткердің арасынан он адамды іріктеп алады, – дейді Ерлан Төлетаев.
Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі – «облыс жастарының Алтын кітабы» лауреаттарының клубы құрылмақ. Бұл жастардың ерікті бірлестігі болмақ. Онда есімі құрметтелген жандар өңірде қалыптасқан проблемаларды бірлесіп талқылап, түрлі мәселелерді шешуде тиісті бастамалар көтере алады.
-Кейде «Жастардың алтын кітабына» есімдері белгісіз адамдар кіріп кеткен деп сынап жатады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Әр саланың мықты майталмандары бар. Олар өз істеріне жауапты. Былайғы жұрт оларды біле бермеуі мүмкін. Ерлік бір күнде жасалмайды. Аты аталған кітапта журналистика, спорт, білі мен ғылым, мәдениет, денсаулық тәрізді аталым көп. Кей жылдары олардың бірқатары алынып тасталады. Бір жыл өткенде олар бұл атаққа қайта оралуы мүмкін, – дейді облыстық жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Кенеш Әлімжанов.
Айта кетейік, Қостанайда «Жастардың алтын кітабы» 2005 жылы жарық көрген болатын. 2010 жылы кітаптың бірінші томы аяқталды. Қазір екінші томы бар. Осы уақыт аралығында «Алтын кітапқа барлығы 184 лауреат енгізілген.
Бек ТЕЛЕУ