Ұстаз болу бір ғанибет
Алғаш мектеп табалдырығын аттап, қолыма қалам ұстаған күннен бастап, менің арманым мұғалім болу еді. Қазір мен өз арманыма жеттім деп ойлаймын және маған дәріс берген ұстаздарыма, ата-анама алғысым шексіз.
Әрине, ұстаз деп тек мұғалімдерді айтуға болмайды. Өміріме бағыт берген, кәсібімді үйреткен, тіршілігіме нәр берген адамның барлығын ұстаз санаймын. Мектептегі ұстаздарды жаны өте нәзік, жомарт, сезімтал жандар деп айтар едім. Мұғалімнің бойында бар қуатын оқушыға сар-қып бере алатын, онымен бірге қуана да, қайғыра да білетін барлық асыл қасиеттер болу қажет. Менің ойымша, ұстаз болу – кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Орта мектепті аяқтағаннан кейін еш ойланбастан мұғалімдік мамандықты таңдап, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, ойдағыдай жақсы аяқтадым. Мұндағы өткен 4 жыл мен үшін зымырап тез өте шықты. Қолыма диплом алып, мұғалім мамандығын алып, мектепте жоғары сыныптарға сабақ бере бастадым. Оқушыларым менің жаңалықтарыма, жаңа тәжірибеме қызығушылықпен қарады. Осылайша менің бірінші ұстанымым пайда болды: оқушыларды оқыту үшін, бірінші өзің оқуың керек, оқушыларға тәрбие беру үшін, тәрбиені өзіңнен бастауың қажет, оқушыларды дамыту үшін, әрдайым өзің іздену, даму үстінде болу қажет. Сонда ғана осы мамандыққа лайықпын деп санаймын. Бәрі бірден жақсы болып кете қойған жоқ. Мен көп іздендім, өз ісінің нағыз мамандарын, ең үздіктерін іздедім. Осылайша, мен өзімнің екінші ұстанымыма келдім: биіктерге жету үшін, болашаққа көз жүгіртіп, өз идеалымды таба білуім керек. Мен өз әріптестерім арасынан Жумалдин Бахыт апайды өзіме үлгі етемін.
Асхат ҚҰРМАНБЕКОВ,
биология-химия пәнінің мұғалімі
Мендіқара ауданы.