Қылықты да, көрікті қыздар қайда
Қайда болса да қыз балаларға ескертулер айтылып жатады. Бірақ тыңдар құлақ аз, дегенмен, айту парыз, әрине. Ұят та болса айтайын, айтпасаң сөздің атасы өледі деген.
Бірде үй ауласындағы орындықта 2-3 қыз жиналып, шылымын сорып, сырасын сіміріп отыр екен. Өтіп бара жатып, "Қыздар, мына қылықтарың лайық емес, ұялсаңдаршы, бұл жер темекі шегіп, сыра ішіп отыратын жер емес қой", – дедім. Қыздардың бірі маған бажырая қарап: "Апай, мы же вам не мешаем, өзіміз білеміз, не істесек те", – демесі бар ма. Не дерімді білмей: "Олай болса, шылымдарыңның тұқылын, сыраларыңның ыдысын тастамай ала кетіңдер" – дедім.
Бұрыш-бұрышта, үйге кіреберісте тұрып алып шылымын будақтататындардың көбі жас қыздар. Кейде үлкен кісілерді көріп қалып, шылымын жасырып, қымсынған болады. Өкінішке қарай, мұндай көріністер кездесіп тұрады. Кейде айтудан тартыншақтайсың, өйткені айтқан сынға қандай жауап аларың белгісіз.
Айта берсең айғақ көп, қайсы бірін айтайын. Бәріне бірдей күл шашуға болмайды. Біздің қоға-мымызда үлгілі отбасылары же-тіп жатыр. Биылғы жылы отбасы мерекесі барысында көптеген үлгілі жанұялар газет беттеріне жарияланып, теледидарға шыққанын көрдік. Оның сыртында еш жерде көрінбей-ақ, балаларын жақсы тәрбиелеп, солардың рахатын көріп отырған ата-аналарды да білеміз. Ондай жандарды алыстан іздеудің қажеті жоқ, қасымыздан табылады. Жалпы, отбасы махаббатқа, сыйластыққа, өзара түсіністікке, кішіпейілділікке толы болса, оны көріп өскен бала да сол қасиеттерге ие болады.
"Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол" – деп тегін айтылмаған. Қызының құрбылары кімдер, араласып жүрген ортасы қандай, оқу орнындағы тәртібін ата-аналар бақылауда ұстағандары жөн.
Оқу орындарында да жасөспірімдердің тәртібі сын көтермейді. Әсіресе үзіліс кезінде бара қалсаң, аяқ алып жүру қиынға соғады. Жүгіріс, айқай-шу, үлкен-кішіге жол бермек түгілі, қағып өтеді. Ұл балалармен алысып, шыңғырып, жұлқынып жүрген қыз балаларды көресің. Қыз балалар арасында ұрысу көп естіліп жататынын жасыруға болмайды. Құлаққа түрпідей естілетін дөрекі сөздерді айтып, егесіп жатады. Біреулер араласып, қойдырмаса, төбелеске ұласуы сөзсіз. Бойында ешбір сыпайылық, әдемілік байқалмайтын, ұялып, именбейтін қыздарымыз да бар. "Қызым үйде, қылығы түзде" – деген. Мұхаммед пайғамбардың өсиеттерінде: "Елден ұял. Мейманға ізет-құрмет қыл. Сөгуді әдет қылма. Өзіңе лайықты сөз сөйле. Ұят – өлімнен күшті екенін есіңнен шығарма" – делінген.
Оқушылар мен студенттер арасында "Ұлттық педагогика" факультативтік дәріс ретінде сабақ ұйымдастырылса, тәрбиенің қайнар көзі болары хақ. Жас ұрпақ, әсіресе қыз бала тәрбиесін отбасы мен оқу орындары бір-бірінен ажырамай атқаруы парыз. Қыз тәрбиесінде бүкіл ұлттың тәрбиесі тұр. Әңгімемді Ғафу Қайырбековтың сөзімен аяқтағым келеді:
"Өзіңе бір тілегім бар
ақтарған,
Баяғы көңіліммен құлап
қалған.
"Па, шіркін, қыз төресі –
қазақта" – деп,
Естіген қалмасыншы құлақта
арман."
Бақытжамал Қалтаева,
Арқалық медицина колледжінің оқытушысы, ҚР білім беру үздігі, еңбек ардагері.