Игі дәстүр жалғасын тапты
Рудный қаласындағы «Горняк» жастар спорттық клубында «ССКӨБ» АҚ мен еншілес кәсіпорын жұмыскерлері арасындағы дәстүрлі қысқы спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Осымен 21-рет ұйымдастырылып отырған спорт додасында 200-ге жуық қатысушы екі ай бойы волейбол, баскетбол, шағын футбол, стритбол, үстел теннисі, шахмат, нысананы көздеп ату, кір тасын көтеру, арқан тартыс, шаңғы мен жүзу эстафетасы бойынша өзара бақтарын сынамақ.
Спартакиаданың ашылуында спортшыларды бірлестік президенті атынан Әлеуметтік сұрақтар және корпоративтік мәдениет басқармасының басшысы Александр Макаренко құттықтады.
– Тамаша дәстүрдің ешқандай дағдарысқа қарамастан жалғасын тапқандығына қуаныштымын. Еуразиялық Топ пен кен алыбы үшін жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығынан асқан байлық жоқ. Сондықтан бұл спорттық жарыстар еш жарақатсыз, әрі әділ өтуін тілеймін, – деді ол.
Сондай-ақ «ССКӨБ» АҚ Кәсіподақ ұйымының төрайымы Татьяна Шерстобитова мен «Горняк» ЖСК директоры Андрей Масюк қатысушыларға өзінің жылы лебіздерін білдірді. Олар өз сөзінде кен алыбындағы «Жастар» бағдарламасының маңыздылығына тоқталып, спорттық жарыстардың ұжымдағы қарым-қатынасты жақсартатынын атап өтті.
Биыл «А» (ірі бөлімшелер) және «Б» (шағын бөлімшелер) тобында ең үздік атану үшін 18 команда жарысқа түседі. Алғашқы күндердің өзінде олар ерлер арасындағы волейбол, шахмат пен жүзу эстафетасында жоғары деңгейдегі дайындық пен жеңіске деген құлшыныстарын көрсете алды. Спартакиада Наурыз мерекесіне дейін жалғасады. Жалпы қорытынды бойынша қос топтың жеңімпаздары кәсіподақ комитеті мен «Нұр Отан» партиясы тағайындаған арнайы кубок пен ақшалай сыйлықтарға ие болады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ