Арманның асуы
Жақында Қостанай қаласында өткен ұлттық қазақ күресінің "Жас Барыс" жарысына іріктеу кезеңінде 66 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Соналы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Арман Байкунов екінші орынды бағындырып қайтты.
Осылайша, қанжығасын майлаған жас спортшы мектеп, ауыл, тіпті аудан абыройын асырды. Қатарластарының қызығушылығын арттырып, өзінен кішілерге үлгі бола білді. Ал, ата-анасына ақ сүттерін ақтайтын азамат екендігін паш етіп, мұғалімдерінің де мерейін өсірді. Яғни, тілеулес бол-ған дүйім жұрттың делебесін қоздырып, қолпаштауларына ие болды. Осының бәрі – Арманның асқақ арманының алғашқы баспалдағын бағын-дырғаны үшін деп білеміз.
Арманның бұндай жемісті жетістікке жетуі алдымен, өзінің жалынды жігерлілігінің, одан кейін палуандыққа баулып, шеберлігін шыңдап жүрген дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Айдын Жалкеновтың арқасы. Бұл жас жаттықтырушының қазақ күресін қолға алып, Армандай оқушыларды спортқа баулуды бастағаны күні кеше болса да, нәтижесі таңдай қақтырарлықтай. Оның жақында ғана ашылған спорт үйірмесіндегі барлық тәрбие-ленушілердің тілегі – Арман секілді асқақ асудан асып, жеңіс тұғырынан көріну. Дәл осындай арманмен алға ұмтылған бұл оқушылар да күш-жігерлері тасып тұрған шақта көптеген жеңістерге жетеді деген үміттеміз.
"Бәрін айт та, бірін айт" – демекші, бүгінгі мақаламыз Арман жайлы болғандықтан, ол туралы ауыз толтырып айтуға әбден болады. Жас өрен өзі мектептегі жігерлі жігіттердің бірі, мінезі батылдық қасиетке бай. Болмысы бөлек жан. Ұлттық спорт түріне алғаш қатысқанына қарамастан, яғни, Құрбан айт күніне орай өткізілген аудандық турнирде өз салмағы бойынша қазақша күрестен I орынға ие болды. Бұл оның алғашқы жеңісі болса, енді мынау екінші жеңісі. Бірақ, бұл алдыңғысынан айырықша жеңіс. Шын шебердің шыңдалған сәті. Өйткені, облыс деңгейінде екінші орынды алу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Сондықтан, Арманға, оны арманшыл етіп тәрбиелеген ата-анасына айтар алғысымыз шексіз. Ал тілегіміз – таудан да биік! Тек алға, Арман!
Руслан
ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы.