Жаңа медорталық ашылды
Рудный қаласында «Биос» ЖШС өзінің кезекті арнайы медициналық орталығын ашты. Бұдан былай созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан тұрғындар гемодиализді облыс орталығына бармай-ақ осында ала алады.
Кеншілер қаласында бүйрегін ауыстыруды қажет ететін 26 адам есепте тұр. Дегенмен, донордың жоқтығынан және бұл ота үлкен қаржыны талап ететіндіктен науқастар гемодиализ арқылы ем қабылдауға мәжбүр.
Гемодиализ дегеніміз арнайы аппарат арқылы, яғни адамның қанын сүзгілердің көмегімен тазарту. Бұл емді науқас аптасына екі-үш рет қабылдамаса, оның соңы қайғылы жағдайларға алып келеді. 2000 жылы іргесі қаланған «Биос» медицианлық компаниясы 2003 жылдан бері гемиодиализбен айналысады. Оның Ақтөбе, Ақтау, Орал, Павлодар және Қостанай қалаларында филиалдары жұмыс істейді. Рудныйдағы орталық науқастардың өтініші бойынша ашылып отыр дейді компания басшылары.
– Бүгінде әлем бойынша миллиондаған адам созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан. Бұл елдегі халықтың өмір сүру сапасының деңгейіне мүлдем қатысты емес. Науқастардың орташа жасы шамамен 50 жасты құрайды. Бұрын рудныйлықтар бүйрек емін қабылдау үшін үнемі Қостанайға барып, алтын уақытын екі арадағы жолда өткізетін. Енді оның қажеті қалмады. Гемодиализ – ең қымбат медициналық ем-шаралардың бірі. Дегенмен науқас ретінде есепке тұрған азаматтарды мемлекет есебінен тегін қабылдаймыз, – дейді серіктестік директоры Вадим Антонец.
Орталықтың қызметі ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің Медициналық қызметтер сапасын бақылау комитетінің қатаң қадағалауында. Яғни науқастар туралы барлық мәліметтер мен құжаттар күнделікті тексеріске жіберіліп тұрады.
Айта кетерлігі, жаңадан ашылған рудныйлық орталықтың бас дәрігері, әрі басшысы болып жергілікті нефролог дәрігер Николай Безуглов бекітілді. Ол – Семей мемлекеттік медициналық университетінің түлегі. 2010 жылдан бері қалалық ауруханада анестизиолог-реаниматолог болып жұмыс істеп келген. Жуырда нефрология саласы бойынша қайта даярлықтан өтті. Бір сөзбен айтқанда, өз ісінің білікті маманы.
– Бұл орталықтың ашылғанына тұрғындар өте қуанышты. Адам өмірі ешқандай байлықпен өлшейбейді. Сондықтан мемлекеттің берген мүмкіндігін пайдаланып, алысқа бармай-ақ ем қабылдауға мүмкіндік туды. Қазір тәулігіне екі ауысымда 7 адамды қабылдап жатырмыз. Олардың әрқайсысысы 4 сағаттан ем алады. Пациенттер қатары көбейіп жатса, үш ауысымда да жұмыс істеуге әзірміз. Ол үшін медициналық персонал мен мүмкіндігіміз бар, – дейді Николай.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ