“Астанадан” айналып өте алған жоқ

            Қазақстан Премьер-Лига командалары арасындағы ойындардың кезекті  16 турында  "Тобыл" өз алаңында "Астананы" қабылдап, елордалық командадан 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Естеріңізге сала кетейік, бұл – ресейлік маман Омари Тетрадзенің команда тізгінін ұстағалы өткізіп отырған үшінші матчы.тооооообыл
           Сонымен, төреші ысқырығы естілісімен алаң иелері қонақтардың айып алаңына лап қойды. Кездесудің небәрі бесінші  минуты өтіп жатқан. «Астана» қақпасын кірпік қақпай күзеткен  Ненад Эричтен маза қашты. Неге дейсіз ғой, аяғына тиген  допты оңға да, солға да жұмсап, командаластарын тың шабуылдарға үндеген Нұрбол Жұмасқалиев жүр, жақын жерде.  Әлгінде ғана  "Тобыл" капитанының  тура тепкен соққысын шаққа қайтарған Эрич ентігін баса алатын емес. Матчтың басы осылай тәп-тәуір басталған еді. Жерлестеріміз де өздерінің нағыз «қожайын» екендіктерін байқатқан.  Алайда, "Астана" футболшылары қарап қалмады. «Атойлап» алға ұмтылған қонақтар  алаң иелерін тықсыра түсіп, алға қарай лап қойды. Шапшаңдығына шаң ілеспейтін   Патрик Твумаси оң қанаттан атып шығып, "Тобыл" айып алаңының маңында жүрген әріптесіне әуелете  пас асырды. Мұнда қақпаны торауылдап Неманья Максимович жүрген-ді. Ол аяғының ұшына іліккен допты айдалаға тепсін бе, жібек торға бүлк еткізді. Юрий Логиновский шарасыз, не істесін мұндай соққыға?!  Есеп – 0:1!  Осыдан кейін-ақ қонақтар онша көсіле қойған жоқ. Бір-бірімен доп алмасып, қарсыластың әр қадамын  аңдыды да отырды. Бұл енді футболдың жазылмаған заңы. Керісінше, қостанайлықтар бар күш-жігерімен қарымта шабуылдарға көшкен. Осындай ұрымтал сәттердің бірінде, дәлірегі қонақтардың қақпасы маңындағы қарбаласта доп астаналық футболшының қолына тиді. Мұны бас қазы Айдын Рахымбаев елеген жоқ. Мүмкін, байқамаған да болар. Көп ұзамай, алаң иелері есепті теңестіруге мүмкіндік алды. Қырық бесінші минутта астаналық футболшылардың арасынан сытылып шыққан Денис Главина өзінен алысқа ұзай қоймаған Евгений Левинді көзі шалды да, допты әріптесіне қарай ысыра салды. Бұл жолы ойынның алғашқы минутынан бастап тер төккен Евгений Ненад Эрич қақпасын нысанаға алды. Оқтай атылған доп бағытынан жаңылған жоқ.  1:1!
         Әттеген-ай, кездесудің екінші бөлігі басталған бетте Томаш Шимковичтің жойқын соққысын Н.Эрич қайтарды. Тағы бір соққы. Ол да нәтижесіз. Есесіне, 58 –ші минутта қостанайлық қорғаушылардың қателігін пайдаланып, "Астана" алға шықты. Доптың авторы – Асхат Тағыберген. Көп ұзамай бас бапкер "Тобылға» енді ғана келген ресейлік  Шамиль Асильдаровты алаңға шығарды.  Ол команда капитанын алмастырды.
        Бірақ, ол жеміс әпермеді. Әрі қарай ойын бірсыдырғы қалыптан өзгерген жоқ. Алаңда қос тараптың  бір – бірімен "жаға жыртыса" жаздағаны болмаса, жанкүйерлер күткен көріністі байқай алмадық. «Тобылдың» тілеуін тілеген жандардың жігері тағы құм болды. Қорытынды есеп 1:2. Жерлестеріміз маңызды үш ұпайдан қағылып, турнир кестесінде тоғызыншы орынға сырғыды. Келесі ойын енді сырт  алаңда, 19 маусым күні  Талдықорғанның «Жетісуына» қарсы өтеді.  
          Кездесу соңындағы дәстүрлі баспасөз мәслихатында қостанайлық команданың бас бапкері Омари Тетрадзе матч туралы өз ойын білдірді.
         -Біз  бұл жеңіліске лайықты емеспіз.  Жігіттер, мүмкін, өз ойын-өрнегін көрсете алмаған шығар, бірақ, кәдімгідей мінез танытты. Рас, соғылған екі допты  өз қателігімізден жіберіп алдық.  «Астана» – өте мықты команда. Қанша дегенмен көшбасшы емес пе. Ұжым тәжірбиелі, футболшылар ұзақ жылдардан бері бірге ойнап жүр  және бір-бірін жақсы түсінеді.  Кей сәттерде олар ойын тізгінін өз өолдарын алды, дегенмен, аса қауіпті жағдай тудыра қойған жоқ. Қонақтар өз мүмкіндектерін голға айналдыра білді. Ал біз мұндай ұтымды мезетті игере алмадық. Әрине, жеңіс жеңіліссіз келмейтіні ақиқат! Өмір жалғасып жатыр, алда әлі бірақ матч күтіп тұр. Қайткенде келесі ойындарда ұпай жинауға тырысамыз. Жігіттердің ойынына алғыстан басқа айтарым жоқ,-деді бас бапкер.  
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓