Жолдау кәсіпкерлікке жол ашады

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы Қазақстан халқына арналған жәй ғана үндеу емес. Бұл – еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын айқындайтын, әлемдік қаржы дағдарысын еңсеруге, біздің алға қойылған мақсаттарға жетуімізге жол көрсететін және бәсекелес отыз елдің қатарына кірудің нақты қадамдары.Р.Молдабеков
Кемеңгер Көшбасшымыз әр Жолдауында кәсіпкерлікті назардан тыс қалдырған емес. Ұлттық экономиканы ұдайы қолдап келеді. Осы жолы да Президент іскерлік ахуалды жақсарту және әкімшілік кедергілерді азайтуға баса назар аударды, әрине, бұл "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметінің бірі болып табылады. Айталық, өткен жылы облыстық Палата сарапшыларымен 69 әкімшілік кедергілер анықталды, олар – жер, салық қатынастары, экология, мұнай өнімдерінің айналымы сынды мәселелер. Бүгінгі күні соның 42-сі жойылды, біз бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз.
Жалпы алғанда, кәсіпкерлікті қолдау Қазақстанға дүниежүзілік рейтингте Doing Business (Дуин бизнес) позициясын жақсартуға мүмкіндік берді, бұл жағынан 41-ші орынға тұрақтады. Соңғы жылдары Қостанай облысында шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандар саны 20%-дан асты. Кәсіпкерлердің саны да өсуде. Тек, біздің ауданда жалпы сомасы 70 млн. теңгені құрайтын 34 жоба қаржыландырылды. Оның төртеуі – "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында болса, ал отызы – "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бойынша. Осылардың нәтижесінде жаңа дәріхана, шағын-маркет, шағын жұмыртқа фермасы және жылыжайлар ашылды.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін белсенді қолдану және қайта жаңарту және техникалық қызмет көрсету үшін жеке инвесторларды тарту аса қажет. Осыған байланысты ауданда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Әсіресе, мемлекет пен бизнестің әріптестігі үйлесім тапқан. Мысалы, «НурАйгер-СК» ЖШС директоры С.Қ.Джумагулов Жеңістің 70-жылдығына орай әскери техниканы сатып алуға 2,6 млн. теңге сомасында демеушілік көмек жасаса, «Сатаев Б.Х» Ш/Қ Тәгіл ауылына су құбыры желілерін таратудың жобалық-сметалық құжаттарын бекіту үшін 1,2 млн. теңге бөлді, сондай-ақ, «Мелитопольское» ЖШС Мелитополь селосының жолдарын жөндеуге көмек көрсетті.
Сөз соңында айтарым, Жолдауда айтылған Президенттің бастамасы бизнес-қоғамдастықтан кең қолдау тапты. Мұндағы айтылғандар кәсіпкерлік қызметті жүргізуге, алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін зор мүмкіндік беретініне бек сенімдімін!
 
Руслан МОЛДАБЕКОВ,
Қостанай облыстық Кәсіпкерлер палатасы Сарыкөл аудандық филиалының директоры.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓