407 жүргізуші жазадан құтылған
Өңірімізде өткен жылы осыншама көлік жүргізушілері түрлі әкімшілік жауаптарға тартылмаған екен. Оған полиция қызметкерлерінің әуре-сарсаңға салып қоюынан қаулы мерзімінің өтіп кетуі, қате толтырылған қаулылардың күшінің жойылуы, қаулы толтыру барысындағы видео жазбалардың болмауы, дәрігерлердің қайтара медициналық тексеру жүргізуі басты себеп болып отыр. Осы және жолдағы қауіпсіздік, жолаушылар тасымалы заңдылығының сақталуы облыстық прокуратурада өткен үйлестіру кеңесінде айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюктің қатысуымен болған жиынға басқарма-департамент, құқық қорғау, құзырлы органдар мен күштік құрылымдар басшылары қатысты.Өткен жылы жол апаты, соның салдарынан қаза тапқандар мен жарақат алғандар саны айтарлықтай азайған екен. Салыстырмалы түрде қарастырсақ, 613 жол апатынан (2014 жылы – 729) 105 адам қаза тапса (2014 жылы –128), 877 адам түрлі деңгейдегі жарақаттар алған (2014 жылы – 1062).
Есесіне қоғамдық көліктер тарапынан болатын жол-көлік оқиғалары 10% көбейіп (33 ЖКО), салдарынан 6 адам қаза болыпты. Жол жүру ережесінің былайша бұзылуына тексеру жүргізген прокуратура өкілдері алдымен жүргізушілер арасындағы тәртіптің болмауы және олардың тәжірибесіздігінен деп отыр.
– Тек бір жылдың ішінде үлкен және шағын автобустардың 220 жүргізушісі әкімшілік жазаларға тартылды. Солардың 155-і екі мәрте, ал 60-ы үш мәртеден жоғары жауапқа тартылғандар. Бір ғана мысал. Өткен жылы «Жарық жол» серіктестігінің жүргізушісі Тынысбаев жаяу жүргіншіні қағып кеткенімен қоймай, жыл бойы жол қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін үш рет әкімшілік жауапкершілкке тартылды. Тынысбаевтың жеке ісін тексере келгенде, оның бұған дейін де жол апатын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды, – деді облыс прокурорының орынбасары Мұрат Төлеубаев.
Құзырлы орган өкілдері сонымен қатар, автомектептерге жүргізген тексеру кезінде бірқатар жүргізуші даярлау орталықтарындағы білім сапасының төмендігі мен курсанттарды оқытуға арналған қажетті құралдардың жоқтығын анықтапты. Мәселен, автомектеп оқытушысы жоғары ауыл шаруашылық білімі бар Байгереев бір ғана 2015 жылы «В», «С», «D» категориялы 117 жүргізушіні даярлап шығарған. Сөйте тұра, 2013 жылдың тамыз айында алкагольдік ішімдік ішкен Байгереев 2 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Осындай өрескелдіктер басқа да автомектептердің 15 инспекторынан анықталыпты.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ