Өрт тыйылмай тұр
Өткен жылы Тобыл өңірінде 1157 гектар орман алқабы отқа оранды. Бұл туралы облыс әкімінің кеңейтілген мәжілісінде облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Шайымов баяндады. Өткен жылы облыс аумағында 42 өрт оқиғасы 1453,75 гектар алқапты қамтыған.
– Бес жылдың бедерінде орман алқабы 12 293 гектарға кеңейсе, оның есесіне осы бес жылда 2713 гектар жасыл алқап жанып кеткен. Орман шаруашылығы мекемелері 2018 жылы өртке қарсы шаралар жүргізбегені және ережелерді сақтамағаны үшін 32 хаттама жасап, өрттің шығуына себепкер болған 6 адамды анықтады. Құқық қорғау органдарына берген 42 материалдың ішінен 1 ғана қылмыстық іс қорғалды, 4 әкімшілік іс сотта қаралды. 32 әкімшілік айыппұл салынып, 739 мың теңге алынды, 549 мың зиян орнына келтірілді,- деді Мұрат Шайымов.
Мұнымен қоса, басқарма басшысы орман өрттеріне қарсы күресуде жергілікті атқару органдарының жүрдім-бардым қарайтынын айтып өтті.
-Мәселен, сіздің бастамаңызбен облыста орман-дала өртін болдырмаудың 2018-2020 жылдарға арналған жоспарын бекітілген болатын. Онда тиісті орындардың немен айналысуы, оның тәртібі жөнінде нақты көрсетілген. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, қолға алынған ештеңе жоқ,- деді басқарма басшысы. Ол мысалға Қамысты және Қостанай аудандарында болған дала өрттерін келтірді. Қамысты ауданында өткен жылы үш күн бойы орманды даладағы өртті өрт сөндірушілер өшірген, аудан әкімшілігі тек үшінші күні ғана кіріскен. Өрт жиілейтін маусымда 2019 жылы иен далада төрт рет өрт тұтанып, ол Қамысты және Қостанай аудандарындағы орманды алқаптарға қауіп төндірген.
Алайда, аталған аудандардағы атқару органдарынан қайран болмапты. Мұны Қамысты ауданының әкімі Ғазиз Бекмұхамедов теріске шығарды. Осы кеңейтілген мәжілісте облыс әкімі ормандардағы және даладағы өртке қарсы жұмыстарға, оның ішінде аудан әкімдері жүргізген жұмыстарға көңілі толмайтынын айтты. Архимед Мұхамбетов жағдайдың анық-қанығын білуді орынбасары Сергей Карплюкке тапсырды, егер дәлелденсе, кінәлілер жазаланады, тіпті, қызметінен босатуға дейін баратынын ескертті.
Әлібек ЫБЫРАЙ