Маңызы зор Мәуліт мерекесі

Сарыкөл ауданында Алла Елшісі, адамзаттың асылы болған Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың туылған күні – Мәуліт мерекесі тойланды.IMG_4803
Екі дүние сәруарына арналған шараның басты қонақтары – ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы, аудан әкімі, Таран, Алтынсарин аудандарының бас имамдары және Қостанай қаласында тұратын сарыкөлдік қажылар болды.  Олар алдымен, колледждегі мұражайды аралап, ондағы тарихи жәдігерлермен танысып, мерекеге орай ұйымдастырылған спорттық жарысты бастап берді. Қатысушыларға сәттілік тілеп, ең мықтылары жеңімпаз болсын деген ақжарма лебіздерін айтты. Қазақ күресін қолдап, оны насихаттап, шәкірт тәрбиелеп жүрген жандар мен шебер спортшыларға мадақтама қағаздары мен сыйлықтар тарту етті.
Содан кейін мәртебелі меймандар мәдениет үйінде өткен мәдени-танымдық шараға қатысты. Оған сарыкөлдік ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер де арнайы келді. «Дін мен дәстүр сабақтастығы» атты тақырыпта өрбіген шараның шымылдығы қасиетті  Құран аятымен түрілді.IMG_4857
Аудан әкімі Эльдар Күзенбаев жиналғандарға жұрекжарды лебізін білдіріп, барша мұсылмандарды Мәуліт мерекесімен құттықтады. Эльдар Қонысбайұлы өз атынан облыстық «Марал ишан» және аудандық «Аққозы қажы» мешіттеріне естелік сыйлық тарту етті. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, Мәуліттің шарапатымен аудан жастарын патриоттық тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін «Сарыкөл ауданының құрметті азаматы» атағы облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Төлеген Шолановқа берілді. Ол өз сөзінде зор құрмет көрсеткені үшін аудан әкіміне және сарыкөлдіктерге ақ алғысын айтты.
Тағылымды кештің келесі құттықтау сөзін  халқымызды имандылыққа бастап жүрген ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы, облыстық «Марал ишан» мешітінің бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет алды. Ол, алдымен, жиналған жамағатты берекетті Мәуліт мерекемен құттықтаса, одан кейін Пайғамбар (с.ғ.с) өмірі мен өнегелі жолын уағыздады. Кер заманның кейбір тұстарын мысалға келтіре отырып, Мәуліт мерекесінің мәнісін түсіндірді.
-Бүгін Мәуліт мерекесі облыстың оныншы ауданында өтіп жатыр. Осы шараны ұйымдастырған аудан басшысы мен аудан имамына алғыс айтамын!  Пайғамбарымызды көбірек танып, өсиеттірін терең түсініп, өнегелі өмірін өміріміздің өзегіне айналдыруға Алла нәсіп қылсын! – деді өз сөзінде облыс имамы.
Жалпы, Мұхаммед Пайғамбар ғалейһи уассалам, Алланың мейірімі мен рақымдылығын шебер пайдаланып, барлық жүрекке жол тапқаны туралы өмір жолы өлең-жырмен мадақталды.  Ауданымыздың атақты әншілері Есен Шәкібай мен Сұлтан Қожагелдиновтармен қатар жас өрендер де ән шырқады. Әсіресе, бірнеше байқаулардың жүлдегері, халықаралық сайыстың лауреаты Нұрахмет Махмуттың салған әндері сарыкөлдіктерді бір серпілтіп тастады. IMG_4816Соналылық Сәулет Мырзабаев та әсерлі әнімен сахнаны әрлей түсті. Сондай-ақ, дін мен дәстүрдің бір-бірімен біте қайнасып жатқандығын  Соналы орта мектебінің ұжымы, «Тұсау кесу» салты арқылы көрсетті. Мәуліттің шарапаты баршаға дарысын деген ниетпен, Таран ауданының бас имамы Игілік қажы Ділдәбеков Айбек Қалиевтың «Мәулітке арнау» өлеңін және жетінші ғасыр ақыны Имам Бусайридің қасидасын  ауданымыздың бас имамы Дәулетбай қажы Әбдіхалық  оқыды. Сондай-ақ, Сарыкөл мен Урицк орта мектебінің оқушылары және студенттер салауат айтты.
Мәулітке мерекесіне арналған мәдени-танымдық іс-шаралар соңы асқа ұласты. Онда да облыс имамы тағылымды уағыздар айтты. Өлілерге дұға оқылып, тірілерге тілектер тіленді. 
 
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓