Өнер – болашақ ұрпақ сабақтастығы

Жанкелдин ауданындағы Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйі ұжымының “Өнер де – өмірдің өзіндей мәңгілік” атты жылдық есеп беру концертінің өткен жөнінде айтар болсақ, көңілге қонымды, ойға орамды. Осы жолы өнер сүйер қауым да көптеп жиналды.IMG_0013
“Ғасырлар пернесі” халық ансамблінің сүймелдеуімен Сапура Әлібекова “Киелі Торғайым” әнін әуелетіп шырқап, сахна шымылдығын ашты. Т.Айбергеновтың “Ана” өлеңін Аралбай ауылдық клубы жанындағы көркемсөз үйірмесінің мүшесі Балнұр Жарбол нақышына келтіріп оқыды. Жүректерді тербеді.
Мәдениет үйінің театр әртістері Е.Домбаевтың “Жоғалған адам” спектаклінен шағын эпизотты көрермендер назарына ұсынды. Көңілден шықты. Ықыласқа бөленді.
Облыстық, республикалық ән байқауларының жеңімпазы Асхат Шыңғысовтың мұрындық болуымен құрылған “Алаш тобы” шырқаған “Батырлар ұраны” патриоттық сезімдерді оятып, көңілдерге қуаныш ұялатты. Өнер сүйер қауым да дән риза. Бойында әншілік, актерлік қабілеті бар. Жақында ғана мәдениет үйіне “Дипломмен  – ауылға” бағдарламасымен жұмысқа тұрған Фариза Бүркітбай “Кавказская пленница” кинофильмінен “Песенька про медведя” әнін айтып, зор қошаметке ие болды. IMG_0115
Ешкімге ұқсамайтын ерекше үнімен өнер саласында өзіндік қолтаңбасы бар Қапуза Әлібектің жүрекпен айтқан “Сағым жылдар” әні сағыныштың мұңын сейілтті. Қайта оралмас жастық шақты еске салды.
Отбасылық құндылықтарды құрмет тұтып, киелі өнерді дәріптеп, қастерлей білген Сейлхановтар отбасының мүшелері, ерлі – зайыпты Нағашыбай мен Сұлушаш “Асыл жарым” әнін екі дауыста орындап, кейінгі жас отбасыларға махаббаттың символін дәлелдеді. Өнегелі үлгі көрсетті.
Есімі тасқа ойылып жазылған, талантты сазгер Б.Хамзиннің ұрпақтары әкеден балаға мирас болған дәстүрлі өнерді жалғастырып келеді. Қазақ әндерінің қалпын бұзбай шырқап жүрген Гүлзат Хамзина өзбпк, ұйғыр, татар әндерінде талай мәрте шырқады. Бұл кеште Е.Айымбетовтың “Мен деп ойла” әуезді әнін әуелетіп ерекшеленді. 
Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің би бөлімінен дәріс алып, қанатын кеңге жайған Гүлсезім Раисова аудандағы би өнерінің дамуына үлес қосып келеді. Қазіргі таңда өзі де өнерлі шәкірттерді тәрбиелеу үсітінде. Болашағынан үміт зор. 
Ана мен бала арасындағы шексіз махаббат биік белестерге жетелейді. Ананың ақ сүтінен нәр алып, бойға дарыған өнерді қастерлей білудің өзі құдіреттілікке жатады. Бала күнінен өнерге бейімделген Тасқын Оңғарұлы республикалық байқаулардың жүлдегері. Аудан мақтанышы. Эстрадалық
термелерді орындаудың хас шебері. Жас әнші ән мен жырға толы әсем кеште анасы Сапурамен бірге “Шәмші әндерінен попурри” айтты. Көрермендерге рухани байлық сыйлады.IMG_0008
Ауыл, ауылдық округтерден келген өнерпаздарда тамаша тартымды әндерімен өз өнерлерін паш етті.
Былтырғы жыл аудандық мәдениет қызметкерлері үшін жетістікке толы болды. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған облыстық фестивалде жақсы өнер көрсеткені үшін мәдениет үйі жанынан құрылған “Ғасырлар пернесі” халық ансамблі жоғарғы дәрежелі грамотамен марапатталды. Мәдениет үйінің әдістемешісі Қапуза Әлібек Мәдениет және спорт министрінің құрмет грамотасының иегері атанды.
Алдағы уақытта киелі өнерді өгейсітпей жас ұрпаққа аманат ету мәдениет саласы қызметкерлерінің басты парызы деп білемін.
 
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ,
Жанкелдин ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓