Әлеуметтік саланың әлеуеті еселеп артқан

Тәуелсіздік алған жылдардан бері өңірдің әлеуметтік саласы айтарлықтай қарқын алған екен. Мәселен, білім беруді қаржыландыру 15 есеге артып, 57,3 млрд. теңгені құраса, денсаулыққа бөлінген қаражат та осыншама есе өсіп, 35,8 млрд. теңгеге жеткен. Бұдан бөлек, мәдениетті көтеру 9, ал спортты қаржыландыру 63 есеге артқан.IMG_3755
Биылғы жыл басына дейін барлық балалар үйі, облыстық интернаттар мен 203 мектеп күрделі жөндеуден өткен екен. Жалпы құны 17,5 млрд. теңгеге заманауи жабдықталған 6 ірі медициналық нысан салыныпты. Ауылдық жерлерде 16 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген. Аймақтық баспасөз орталығында өткен биылғы жылдың алғашқы брифингінде өңірдің әлеуметтік саласындағы осындай жетістіктерді тізген облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев өткен жылдарға да көз тастады:
– 2000-жылдардың басына дейін мектепке дейінгі мекемелерде қысқарту, біріктіру жүргізіліп, балаларды бөбекжайлармен қамту 8,7% құрап, өңірде 76 ғана балабақша қалған болатын. Тіпті, Алтынсарин, Амангелді, Қамысты аудандарында мектепке дейінгі бірде-бір мекеме қалмады. Ал қазір аймағымызда 178 балабақша мен 452 шағын орталық бар. Балаларды қамту жағынан республика бойынша алдыңғы қатардамыз – 90,9%.
Қазір облыс орталығында бір ауысымда 300 адамға арналған онкологиялық диспансердің консультативтік емханасы аяқталуға жақын. Марат Жүндібаев алдағы көктем айларында нысан пайдалануға беріледі деді.
Айтпақшы, өңірімізде тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда, онкологиялық дерттен көз жұматындар қатары екі есеге төмендесе, ана мен бала өлімі де айтарлықтай азайған. Егер 1998 жылы 100 мың адамға шаққанда, 122 ана қайтыс болса, өткен жылы ондай қайғылы жағдай тіркелмепті. Сәбилердің шетінеуі 2,2 есеге азайған екен.IMG_3720
– Ширек ғасыр аралығында аймағымыздың мәдениет саласы да зор жетістіктерге жетті. Мәдени-бұқаралық орындар 138 нысанмен толығып, олардың 734-ні құрап отыр. Тек соңғы үш жылда осы салаға 1,2 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осыған сай жергілікті өнерпаздарымыз да ел үмітін ақтап келеді. Спорт саласы да айтарлықтай жетістіктерге толы. Өңіріміз салауатты өмір салтын ұстану жағынан еліміз бойынша екінші орындамыз. Тәуелсіздік жылдарында сполрттық нысандарымыз 796-ға толығып, 2461-ге жетіп отыр, – деді Марат Жүндібаев.IMG_3716

Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суретті түсірген Айбек Жүзбай.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓