Мерекелерге толы жыл
Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы ел көлемінде аталып өтеді, әрі біздің өңірімізде мерейлі жиындар аз болмақ емес. Мерекелік жылы Елбасымыздың «Ұлт жоспары» реформасын жүзеге асыру басты назарда болмақ. Облысымыздың 80 жылдығы, ұлы ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдығы сән-салтанатпен аталып өтіледі.
Қазақстан тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына орай облыстық баспасөз орталығында биылғы жылдың алғашқы брифингі аймақ басшысының орынбасары Марат Жүндібаевтың қатысуымен өтті. Әкім орынбасары тілшілер қауымына осы және басқа да атқарылатын шаралардың барысымен таныстырды. Аймақ басшылығы жылдың аяғына дейін өтетін қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық, спорттық шаралардың кестесін жариялаған екен.
– Тәуелсіздіктің мерейлі тойының баршамыз үшін тарихи мәні өте зор. Сондықтан облыста осы датаға орай 250-ден астам іс-шараның жоспары жасалды. Қазір барлық аймақтарда жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, облысымыздың 80 жылдығы, облыстық спартакиада мен қала күні тамыз айына сәйкес келетіндіктен, барлығын ұштастырып, бір мезетте өткізсек, әжептәуір қаржыны үнемдеуге болар еді. Бұлардан бөлек, өңірдің қоғамдық ұйымдары «25 ізгі іс» бастамасы аясында түрлі әлеуметтік, қайырымдылық акциялар өткізеді. Аймақта «Еңбек Даңқы кітабы» эстафетасы жалғасуда. 10 ауданды аралаған эстафета алдағы қыркүйек айында мәресіне жетеді, – деді Марат Жүндібаев.
Өңіріміз қаңтар айы бойы «Кәсіби және тиімді мемлекет» тақырыбымен жұмыстар атқарса, ақпан айы «Салауатты ұлт» атауымен спорттық шараларға толы болмақ. Наурыз айы біртұтастығымызды әйгілейтін «Ұлы Дала дәстүрі» шараларымен байи түспек. Осы қатарлы сәуір айы – «Интеллектуалды ұлт. Нұрлы болашақ» аталса, мамыр – бейбітшілік, маусым – мемлекеттік рәміздер, шілде – Елорда, тамыз – ғаламдық бастамалар, қыркүйек – отбасы, еңбек құндылықтарына арналады. Қазан айы «Мәңгілік мұра» идеясын дәріптемек. Индустриалды-инновациялық Қазақстан қараша айына жоспарланып отыр. Ал жылдың соңғы айы Тәуелсіздігіміздің басты мерекесіне ұласады.
Марат Жүндібаев аталған мерекелер алдын ала бюджет есебінен қаржыландыруға жоспарланғанын айтты. Және іс-шаралар бұлармен шектеліп қалмайды деді. Атап айтсақ, жылдағы дәстүрге айналған халықаралық «Алтын микрофон» байқауы, әскери-патриоттық клубтар слеті, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, «Ғасырлар пернесі» ұлт аспаптар ансамблдерінің фестивалі әдеттегідей ұйымдастырыла береді. Өңір басшысының орынбасары «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында «Жастар энергиясы – болашақ энергиясы» студенттік фестивалінің маңызы жоғары болатынын жеткізді.
Қыдырбек Қиысханұлы,
Суретті түсірген Айбек Жүзбай.