Ұлы Жеңіске-70 жыл
Осынау маңызы зор датаны мерекелеуге Қостанай облысы да үлес қосуда. Өткен жылдың өзінде облыс аумағында «Еске алу эстафетасы» жобасы бастау алды. Өзге де іс-шаралар туралы облыстық ардагер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укиннің қатысуымен өтен брифингте айтылды.
Қостанай облысындағы ардагерлер ұйымы 1987 жылы құрылған. Аталмыш ұйымның жұмысы қоғамдық негізде жүреді. Қазіргі уақытта өңірге қарасты 20 аудан, қалада ардагерлер ұйымы бар.
– Жеңісті жақындатуға тыл еңбеккерлері де үлес қосты. Жауынгерлерді киіндіру, азық-түлікпен қамтамасыз ету тылдағы еңбеккерлерге жүктелген еді. Сондықтан Жеңістің жетпіс жылдық мерекесінде ешқандай ардагер қалыс қалмайды,-деді Кенжебек Укин.
Біздің облыста 31 азамат Кеңес Одағының Батыры және 9 азамат Даңқ орденінің толық кавалері атағын алған. Майдангерлердің ерлігіне арналған 295 ескерткіш бар. Өткен жылы аталмыш ескерткіштерді қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде облыс аумағындағы 275 ескерткіш жаңартылды. Облыстық ардагерлер кеңесі облыстық ішкі саясат басқармасы, мұрағат және құжаттама басқармасымен бірлесе «Еске алу Эстафетасы» жобасын жүзеге асыруда. Бұл жобаға он төрт аудан қатысқан. Игі істің қорытындысы ретінде «Қостанай облысының Жауынгерлік даңқ кітабы» шығарылмақ.
Қымбат Досжанова