Айыптау екі жарым сағатқа созылды
Бүгін Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжанов пен оның орынбасары Мақсұт Қалиев және олармен сыбайлас болды деп айыпталған Леонид Васильев, Сергей Биктибаев, Гагик Овнаняндарға қатысты сот отырысы басталды. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарайтын іс бақылаушылар мен тыңдаушылардың көп болуына байланысты Қостанай қалалық №2 сот ғимаратында өтіп жатыр.


Бұрынғы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Қалиев ҚР ҚК 313, 312, 368, 24 баптары бойынша, яғни, мемлекеттік жауапты қызметті атқара жүріп, пара алуға оқталды, пара беруші мен пара алушының арасында делдал болды деп айыпталуда. Өткен жылдың тамыз айының алғашқы күні Қостанайдағы «Премиум Пэлас» мейрамханасы сыртында сол кезде қала әкімінің орынбасары қызметінде болған Мақсұт Қалиев «Сыл» ЖШС басшысы Гагик Овнаняннан 13 миллион теңге пара алып отырған жерінен ұсталғаны жайында бұған дейін жазылған болатын.

Леонид Васильевке алаяқтық жолмен мемлекеттік жауапты қызметкерлерге пара беруге көндірді, бірнеше адам топтасып, мемлекеттік сатып алу жөніндегі байқау кезінде бөтеннің мүлкін алаяқтық жолмен әлденеше рет иемденді, пара беруші мен пара алушының арасында делдал болды деген айыптар (ҚР ҚК 177, 28, 313, 367, 190 баптары) тағылып отыр.
«Стройметсервис 2007» серіктестігінің жетекшісі Сергей Биктибаев ҚР ҚК 177, 28, 190 баптарында көзделгендей алаяқтық жолмен бөтеннің мүлкін иеленді, мемлекеттік жауапты қызметкерлерге пара беруге көндірді, мемлекеттік сатып алу жөніндегі байқау кезінде бөтеннің мүлкін алаяқтық жолмен әлденеше рет иемденді, пара беруші мен пара алушының арасында делдал болды деп айыпталуда.
«Сыл» ЖШС директоры Гагик Овнанян ҚР ҚК 367, 24, 245, 241 баптарының бірнеше тармақтары бойынша айыпталды. Ол алдын ала тергеу бойынша мемлекеттік лауазымды қызметкерге делдал арқылы әлденеше рет ірі көлемде пара берген, салық төлеуден және бухгалтерлік есеп жүргізуден жалтарған.


Қыдырбек Қиысханұлы,
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.