Ахметжанов өзіне тағылған айыпты мойындамады
25 қаңтар күні Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжанов пен оның орынбасары Мақсұт Қалиев және олармен сыбайлас болды деп айыпталған Леонид Васильев, Сергей Биктибаев, Гагик Овнаняндарға қатысты басталған сот отырысында басты айыпталушы Ахметжанов тағылған айыптармен келіспейтінін айтты.
– Айыптарды мойындамаймын. Бірақ мұны талқылау қажет, – деді ол судьяға берген жауабында. Бұрынғы шаһар басшысы Ахмедбек Ахметжанов делдал арқылы пара алды, қызметін асыра пайдаланды, кәсіпкерлердің заңды қызметіне кедергі жасады деп, ҚР ҚК 366, 307, 365, 311, 24 баптарының бірнеше тармақтары бойынша айыпталуда.
Бұрынғы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Қалиев тағылған айыптарды «толық мойындаймын» деді. Ол мемлекеттік жауапты қызметті атқара жүріп, пара алуға оқталды, пара беруші мен пара алушының арасында делдал болды деп айыпталып жатыр.Алаяқтық жолмен мемлекеттік жауапты қызметкерлерге пара беруге көндірді, бірнеше адам топтасып, мемлекеттік сатып алу жөніндегі байқау кезінде бөтеннің мүлкін алаяқтық жолмен әлденеше рет иемденді, пара беруші мен пара алушының арасында делдал болды деп айыпталған Леонид Васильев кінәсін мойындамайтынын айтса, Сергей Биктибаев айыптармен «ішінара келісемін» деді.
Ал алдын ала тергеу бойынша мемлекеттік лауазымды қызметкерге делдал арқылы әлденеше рет ірі көлемде пара берген, салық төлеуден және бухгалтерлік есеп жүргізуден жалтарды делінген «Сыл» ЖШС директоры Гагик Овнанян судьяның тағылған айыптармен келісу-келіспеу туралы сұрағына жауап берген жоқ.
– Сұраққа жауап бермеу – кінәсін мойындамау деген сөз, – деді судья Ерлік Сералин.
Қыдырбек Қиысханұлы,
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.