7 оқ құны – 1 млн. теңге
Таран аудандық соты 31 жастағы РФ азаматы Я.-ға үкім шығарды. Оған ҚР ҚК 287 бабы бойынша, яғни заңсыз қару тасымалдағаны үшін айып тағылып отыр.
Іс материалына сүйенсек, 5 қаңтар күні түнгі сағат 00.20-да Таран ауданына қарасты Варварин селосы маңындағы «Аят» кедендік бақылау пункті аумағында Я.-ның көлігін тексеру кезінде 18*45 калибрлі жеті оқ тәркіленген. Травматикалық қарумен атуға жарайтын бұл оқтарды ол заңсыз тасымалдағаны және сақтағаны үшін тұтылды.
Патрондар техникалық жөнделген және атуға жарамды. Жеті оқ зауыттық әдіспен әзірленген.
Осылайша, сот қылмыскерге 500 АЕК, яғни 1 060 500 теңге көлемінде айыппұл төлеу түріндегі жаза тағайындады. Сот шешімі бойынша, ресей азаматына үкім заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде заң алдынағы берешегін өтеу міндеттелді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.