Кішкентай ауылдың үлкен мәселесі
Қарабалық ауданына қарасты 52 түтіні бар Елшан ауылы тасымалданатын сумен күнелтеді. Оны ауыз су ретінде де, тұрмыстық мұқтаждыққа да, тіпті кейде малдарын суаруға да пайдаланады. Тіршілік көзі екі су тасығыш көлікпен жетісіне үш рет әкелінетін. Ауылда орналасқан төрт құдыққа құйылып, тұрғындар сатып алып тұтынады. Бағасы мынадай: жергілікті "Ақ-Бидай-Агро" ЖШС жұмысшыларына бір бак су – 25 теңгеден, зейнеткерлер мен жұмыссыздарға – 33 теңгеден. Бұл жүйе ауылдықтардың көңілінен шығатын.
Бірақ, соңғы кезде, ауылдықтардың сөзінше, үнемшілдік мақсатымен бе әлде екінші су тасығыш көліктің сынып қалғанына байланысты ма, "Ақ-Бидай-Агро" ЖШС су тасымалын жаңа жылдан бастап аптасына 1-ақ рет қана іске асыратын болған. Салдарынан судың тақұл-тұқылдығы ауыл жұртының бас ауруына айналды. Мал тұрмақ, адамдарға да ауыз суды артылтып ішу мұң болды. Тұрғындар түліктерін суару үшін күн сайын таңнан кешке дейін қар ерітуге мәжбүр. "Мына әбігерді елестетіп көріңіздерші, бір жағынан отынның да соры…",-деп қынжылады елшандықтар. Ал, селолық округ басшылығы бұл мәселенің уақытша екенін, екінші көлік жөндеуден шыққан соң бәрі қалыпқа түсетінін айтып, тұрғындарды сабырға шақырып отыр.