Кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды
Елбасы нұсқауымен өткен жылдың ақпан айында шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге уақытша тыйым салынды. Коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне заңсыз араласуға тосқауыл қою мақсатында мемлекеттік органдарға тіркеуді, лицензиялық рұқсат беруді қысқарту жұмыстары жолға қойылды. Облыс прокуратурасы жарнама қызметін көрсетумен айналысатын 11 кәсіпкердің шағымы бойынша Қостанай қалалық әкімдігінің өткен жылдың 11 маусымындағы "Конкурстық өтінімдерді дайындау бойынша конкурстық құжаттарды бекіту және мемлекет меншігіндегі, уақытша нысандарды орнату, оны пайдалану үшін жер телімдерін жалға беруді ұсыну туралы конкурс өткізу" мен "Қостанай қаласы бойынша жарнама құрылысы және автобус аялдамалары туралы" заңсыз қаулысына наразылық келтірді.
Қостанай қалалық әкімдігі жарнамамен айналысатын бизнес өкілдеріне қосымша аялдама павильондарын орнатуды міндеттеген. Алайда істің мән-жайын тексерген құзырлы орган жергілікті билік өкілдерінің бұл талаптарын заңға қайшы деп тапты. Сондай-ақ қолданыстағы заңның басқа да талаптарының бұзылғанын анықтады. Прокурорлардың араласуынан кейін Қостанай қаласы әкімінің заңсыз қаулысының күші жойылды.
Шұға
ҚОҢҚАБАЙ