«Дипломмен  – ауылға!»: Ұлт болашағы үшін ұтымды қадам! 

            Елімізде 2009 жылдан бері ауылға жас мамандарды тартуға арналған «Дипломмен ауылға» жобасы жұмыс істейді. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені салаларында мамандарының кадрлық тапшылығын жоюға бағытталғаны белгілі.с дипломом
          Бастапқы жобада тек әлеуметтік сала мамандарын әлеуметтік қолдау ғана көзделген болатын. 2012 жылдан бастап жоба ветеринария мамандарымен (ветеринария дәрігері, ветеринария фельдшері, ветеринария технигі) толықтырылды. 2015 жылы агроөнеркәсіп кешені мамандарының қажеттігіне байланысты жобаға агроном, зоотехник, балық өсіру маманы, технолог, инженер-технолог және фермер мамандықтары енгізілді.Бұл өз алдына бөлек әңгіме.
           Қарап отырсаңыз, әлі күнге дейін облыстың кез келген аудандары мен қалаларында жас мамандар жағы жетіспейді. Әсіресе, елдімекендер медицина және оқытушы мамандықтарына зәру.
         Соңғы үш жылда облыс білім ошақтары 1573 жас мамандарымен толықты. Өткен жылы ғана 598 мұғалім жұмысқа орналасқан. «Дипломмен  – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша біздің облыс республика бойынша алғашқы үштікке кіреді. Жас мамандардың лайықты өмір сүруі үшін жергілікті жерде барлық жағдай жасалған. Егер сандарды сөйлетер болсақ, онда 233 жас маман  мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы алса, 161 маман үй сатып алу үшін бюджеттік несиеге қол жеткізгенін байқауға болады.
       Дегенмен, ауылға барған жастарды  тұрмыстық жағдай, демалыс орындарының жоқтығы,  жолдың қашықтығы мазалайды. Мұндай мәселелер, әсіресе, Қарасу, Меңдіқара, Жанкелдин, Әулиекөл, Ұзынкөл аудандарына тән.  Сондықтан, мемлекеттен тиісті жәрдем алғанмен кей жас мамандар ауылда тұрақтап қалғысы келмейді. Дипломын қалтаға басып, ауыл асқан мамандардың  ішінде кері қайтатын фактілер де жиі кездеседі.дипломмен
        Мәселен, 2014-2015 жылдары Қостанай ауданына барған 76 маманның жетеуі кетіп қалса, Қарасу ауданына жолдама алған 22 жас ұстаздың үшеуі ауылға тұрақтамаған. Сарыкөл, Меңдіқара аудандарында да осындай жағдайлар кездеседі.  Бір ғана Меңдіқара ауданының Соснов орта мектебіне 2013 жылы 16 жас маман келсе, соның алтауы көп ұзамай келісім-шартты бұзуға себепші болыпты. 2014 жылы аталған білім ошағына орналасқан 7 маманның төртеуі кері оралған. Сөйтіп, соңғы үш жылда бұл мектепке келген 28 жас мұғалімнің тек он сегізі ғана қалғаны анықталды,-деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Кәміл  Ибрагимов өз баяндамасында.
       Жас мамандардың ауылға тұрақтамуы салдарынан шалғай елдімекендерде математика, физика, химия, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушылары жетіспейді.
       Бұл ретте облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аудан және қала әкімдеріне тапсырма жүктеп,  «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасымен ауылдарға барған жас мамандарды тұрақтандыру шараларын бақылауға алуға, ал, облыстық білім басқармасына жоғарғы оқу орындары мен колледж түлектерін ауылға тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жалғастыра түсуді міндеттеді.
       Медицина мамандарын да ауылға тұрақтандыру да мұң болып тұр. Жасы жеткен дәрігерлер жыл санап зейнетке шығып жатыр,  ал олардың орнын басуға тиіс жас мамандар әр түрлі жағдайларды сылтау етіп, ауылдан қашады. Соның салдарынан жергілікті ауруханаларда анестезиолог, патологоанатом, психиатр, нарколог, неонатолог, акушер және басқа да мамандар тапшы. Мұндай көрініс қалалық жерге де тән.
       -Бүгінгі таңда облыстың денсаулық сақтау саласында барлығы 14994 адам еңбек ететін болса, соның 1726-сы жоғары білімді дәрігер, 6146-сы орта санаттағы медицина қызметкері. Проценттік өлшемге шаққанда  дәрігерлердің 25%-і ауылдық жерде жұмыс істейді. Соған қарамастан Қамысты, Наурызым, Жанкелдин аудандарына 7 дәрігер, Әулиекөл, Сарыкөл, Федоров, Денисов аудандарына 3 дәрігер жетіспейді. Меңдіқара, Қарабалық, Ұзынкөл, Аманкелді, Алтынсарин, Таран, және Қостанай аудандарында да екі дәрігерлік орын бос тұр.  Медицина мамандарының тапшылығы әсіресе, қалаларда қатты сезіледі. Мәселен, Қостанайға 125, Рудныйға 37, Лисаковқа 10, Арқалыққа 35, Жітіқараға 12 маман қажет. Бүгінде,  ақ желеңділердің 18 пайызы зейнет жасындағылар.  Кадр мәселесін бір жақты ету үшін кешенді шаралар жүргізіп жатырмыз. Бос орындар жәрмеңкесіне қатысып, жас мамандарды әлеуметтік қолдауға көңіл бөлуге деген ынта зор,-дейді облыстық денсаулық сақтау  басқармасының басшысы Орал Бекмағамбетов.
        Дегенмен, оқу бітірген жастардың 70 пайызы  елді мекендерде жұмыс істеуге ынтасыз.
           -Бұл өте маңызды мәселе. «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасының енгізілгеніне жеті жылдай уақыт өтті, содан бері медицина саласына мамандарды тарту жұмысы әлі шешімін таппаған. Ойласатын-ақ жағдай! Сондықтан, барлық мүмкіндіктерді қарастырған жөн. Ол үшін мемлекет өз жәрдемін беріп жатыр. Жергілікті денсаулық сақтау орындары да қарап отырмауы тиіс.  Дипломмен ауылға бағдарламасы бойынша жұмысқа тұрған 567 жас маман кейін келісім шарттарын бұзған. Көтерме жәрдемақы, тұрақты жұмыс әрі пәтер алуға мүмкіндік. Қалай осындайдан бас тартуға болады? Олардың жағдайын жақсарту  үшін  бюжеттен қомақты көлемде қаржы бөлініп жатыр.   Бағдарламаны мінсіз орындау керек,-деді өңір басшысы.
           Демек, еңбек еткісі келген адамға мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Тек, талпыныс табылса игі.  Жалпы, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының орындалу деңгейі жөнінен  Қостанай облысы республикада алғашқы үштікке кіреді. Бірақ, бұған тоқмейілсуге болмайды. Архимед Мұхамбетов бағдарламаны жүйелі түрде іске асыру бағытында аудан, қала әкімдеріне тапсырма берді.
 
Айбек КӘДІРҰЛЫ

You may also like...

2 Responses

  1. Жұлдыз айтты:

    Жақсы жеткізілген ақпарат болды

  2. Акерке айтты:

    Менин мамандыгым «тасымалдауды уйымдастыру жане коликтеги козналысты баскару» мамандык бойынша дипломмен ауылга жумыс болса 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓