Құм ішіндегі ауыл

      Шеген  ауылынан жиырма бес шақырымдай қашықта  «Тосын» деп  аталатын  құмайт  жер  бар.  Оңтүстік-батыстан солтүстікке қарай, Торғай өзенін  бойлай алпыс алты шақырымға созылып жатқан бұйрат құмның ені жиырма шақырымнан асады. Құм төбелерде еркек шөп, боз, көде, жыңғыл, арша т.б. өсімдіктер өседі. Жыл он екі ай бойы мал жайылымына таптыртпайтын мекен. Осы  араны заманында  қалмақ  жұрты  мекендепті. 
        Қалың қол қалмақты елден көшіруді ойластырып жүрген Шақшақ Жәнібектің шау тартқан шағында Уақ Бармақ батырды алдырып, қалмақтың Садырбала есімді батырымен жекпе-жек шығаратын жері осы маң. Бас батыры найзаға шаншылып, ажал  құшқан соң, алдын ала келісімге сай түгін тартса, майы шығатын шұрайлы өңірді жайлаған қалмақ жұрты ауа жайыла көшкен екен. Сондағы жау жағының:
         «Ақ шабағы май татыған,
          Қара суы бал татыған,
        Қайран, Тосын, қалдың ба», – деп қоштасуы Торғай өзенінің екі алабын алып жатқан Тосын құмының өзі ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қандай шұрайлы жерлер қалдырғанын өзінен-өзі айғақтап тұр емес пе!
         Кешегі кеңес үкіметі тұсында бұл арада қоңсылас қонған  Торғай, ХХІ партсъезд атындағы кеңшарларының малшылары отырды. Шаруашылықтар тарап, бөлімшелер бөлініске ұшырағанмен мұнда қазір де бір қауым ел отыр. Ана бір кезде ел жаққа барғанда Тосынның бір етегін жайлаған Қарғалыға жол түсті.
           Шынында да Тосын – қадірін білген жанға жер жәннаты сияқты, бағзыда бабалар айтатын нағыз әруақ қонып, нар шөккен жер.IMG_1669
         Латып Алматов осы Қарғалыда жиырма жылдан артық тұрады. Ол жастайынан малсақ болып өсті. Арғы аталары Байсалбай, Самыраттың тәрбиесін көрді. Оның бері жағында  ақтылы қой өргізіп, атақты шопан болған Әлмұқанның жанынан бір елі қалмай, жанында жәрдемші бола білді. Содан шығар, малға үйірсек.         IMG_2104Бұлардың о бастағы ата қонысы –Құмақта Самырат ақсақал 33 жыл қой бағыпты. Өз әкесі Әлмұқан 24 жыл шопанның ақ таяғын ұстады. Ол кезде малшы болу министр болудан бір кем емес еді. Кеңес үкіметінің бір жақсылығы – қысы-жазы күн көзіне қақталып, жүздері тотыққан қарапайым еңбек адамдарына, малшыларға барлық жағдайды жасайтын. Әлмұқан әкеміз де облыстың көлемінде мақтаулы шопан болған. "Еңбек Қызыл Ту" орденін өңіріне қадады. Қазақ КСР-нің Құрмет грамотасын иеленді. Облыстық кеңестің депутаты болды. Осылайша өмірдің бейнетін де, зейнетін де бастан қатар кешті. Әлмұқан Алматұлы өмірінің соңына дейін қажымай-талмай еңбек етіп, Отан дәулетін арттыруға орасан үлесін қосқан еді. Көзінің тірісінде балаларын еңбекке баулыды. Алды қой қайыруға жарап қалғандары қаршадай күнінен әкенің өнегелі істерін жадына сақтап, еңбек дегеннің құдіретті күшін, оның адамға сыйлар қуанышын сезіне білді. Латыптың шешесі Ақмаржан апамыз ерте, 49 жасында дүние салды.
         Лакең «Торғай» совхозындағы Аманкелді орта мектебінде төрт класс орысша, төрт класс қазақша оқыды. Сонымен сегіз жылдық білім бір басыма жетер деді ме, оқудан шығып, Құмаққа, ата-анасының қасына оралды. Ойы анасына жәрдемдесу еді. Қойшы ауылға қонақ күнде келетін. Бәрінен бұрын анасын аяйды. Біресе жаман қойға жүгіреді, біресе қонақ күтудің қамымен жүгіреді. Бұл «Осыны оқығанда министр болмаспын» деп қолды бір сілтеді де, жайлауға тартты да кетті. Содан бері Құмақтан ұзап ешқайда шыға қойған жоқ. Сонда үйленді, сәбилі болды. Әке құрығын алып, қой бақты. Әлмұқан әкеміз сексен алты жасына бақиға аттанды.IMG_1769
      -Менің өзім Құмақта он жыл отырдым. Кешегі совхоз тарағанда, қолымда 100 шақты қой, онның үстіне жылқы, сиыр қалды. Сол жылдары қолынан іс келетін азаматтар жеке шаруашылық құрып, фермерлікке бой үйрете бастады. Менің бағыма қарай, біз отырған қыстаққа Кәкентай Төлеубаев алдына бір отар қой салып, көшіп келген. Сол кісінің көп көмегі тиді. Алла өзі панасына алсын, жарықтық өте жақсы кісі еді! Менің азғантай малымды өзінің малына қосып бақты, қысқы жем-шөбімді түсірткізіп берді. Одан артық қандай жақсылық керек?! Малыма мал қосылды. Үш жылдасын осы Қарғалыға көшіп келдім,-дейді Латып Әлмұқанұлы.
        Сол жылдары ел жан-жаққа бытырай көшіп жатқанда бұл да біраз абдыраңқырап қалған. Жақындарынан, жолдас-жорадан ақыл сұрады. Кеңесіне құлақ асты. Сөйтті де, таңдауы қысы да малға жайлы осы Қарғалыға түседі. Сонда ғой, бері жағындағы Жыңғылдыда отырған Егізбай ағасы: «Осы сенің басың істейді,ей! Менің сенің Қарғалыны көздегеніңе риза болып отырмын»,-деп  бас шайқайтыны. Екі інісін осында үйлендірді.
         Бұл 1998 жылдың жаз айы. Міне, содан бері баяғы Әлекең ақсақалдан қалған ақ таяқ құтсыз болған емес. Мал басы қаулап өсті. Тосынды мекен еткен ағайындар қыста малға шөп бермейді. Ал жазда қар ери сала, түлік біткенді қоя береді. Жарықтық тұяғы жеткен жерге дейін жайылады. Содан желтоқсан айының екінші онкүндігінен асқанда малды түгендеп, бір-ақ айдап әкеледі. Жұрттың бәрі Тосынның табиғатына қызығады.
         -Тосынның бір қасиеті – мұнда боран болмайды, қар төбеден жауғаны болмаса, ат үстіне, мал үстіне түспейді. Бері қарай шыққанда ғана желдің бетін, үрген қарды көреміз. Тосынның іші – сыңсыған ну, сылдырай аққан бұлақ. Бұдан артық Құдайдың жаратқан жері жоқ шығар! Есепке жүйрік жігіттер ұзындығы мұнша, ені сонша екен деп жатады ғой, сол екі ортадағы жерінің ғажаптығын әңгімелеу енді мүмкін емес. Баяғыда Жәнібек бабамыз осы жерден қалмақты көшірген дейді ғой», – деп әңгіме тиегін ағытты Латып ағам.
           Бүгінде Қарғалының басында отырғандар кемі жетпіс-сексен бас жылқы, қара мал ұстайды. Қой-ешкісі өз алдына. Бір ғажабы, бұлар малды етке өткізіп әуре боп жатпайды. Түлік біткен жұнттай. Содан шығар – қала жақтан мұнда ат ізін салушылар көп.
        "Біз өзі мал тапсыру дегенді білмейтін жұртпыз. Ерболат Қаржаубаев деген жігіт бар, сол көктемде бір, күзде бір келіп жинап әкетеді. Жылына бес-алты мал өткіземіз. Қолымызға миллиондап ақша әкеп берсе, несіне шапқылаймыз. Былай жеке тірлігіміз болмаса, Тосыннан ұзап ешқайда шығып жатқанымыз жоқ, – дейді Латып Алматов. – Рас, Тосынның бергі тұсында мал су ішетін жер жоқ. Баяғы қазаншұңқырлар тазартылмай, топырақпен шөгінді боп қалған. Көктемде бетінде бір метрдей жылап келген су тұрады. Биыл көктем шыға осы арадан бес-алты шақырым жердегі ауылдың малы су ішетін Қосқұдық деген жерге бардым. Су түспепті. Мұндағылар: «Ләке, су қалай екен?»- дейді. Қандай болсын, жүз литрлік бөшкеге бір шелек су құйыңдар да қараңдар, қандай болатындығын деймін мен. Қыста қар шамалы болды. Ағыс жоқ. Баяғыдағы, менің бала кезімдегі жаңбыр болмай тұр, інім. Ол кезде жеті күнде екі рет селдетіп құйып кетеді. Шәріп інім, Әлия қарындасым бар – үшеуміз бөтелкеге су құйып, саршұнақ аулайтынбыз. Әкеміз қойдан келгенде басынан аяғына дейін қатып, шекпені саудырлап қарысып келетін. Қар болмаса, тоң болмаса, су таси ма?! Тоң ерісе су болады. Болмаса, мына су есікке барып өледі. Сайға құймайды. Былтыр он бес күн жаңбыр жауып еді, сай-сала суға толды да кетті".
      Күні бүгін Қарғалының өз басында он шақты отбасы түтін түтетіп отыр. Олардың ешқайсысы көшкісі жоқ. Көшіп баратын жер табар-ау, бірақ, дәл Тосындай тәңірдің өзі сыйға тартқан қасиетті жерді ешқайдан таба алмасы анық.
    
                         Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Жангелдин ауданы

You may also like...

1 Response

  1. Қойшы Сәрсенкелді айтты:

    Айбек Кәдірұлы ініміздің "Құм ішіндегі ауыл" мақаласын оқып, таң-тамаша жағдайда отырғанымды жеткізгім келеді. Себебі менің бүкіл ғұмырым осы өңірде басшылық қызметте өтті. Мен Айбек келтірген еңбек адамдарын тегіс білемін. Талай кездесіп, шаруашылық барысын, әлеуметтік жағдайларды әңгіме еткен болатынбыз. Аудандық партия комитетінің аппаратында төрт жыл нұсқаушы болып істедім. Сонда өзімізге бөлінген кеңшарлардың 100-150 шақырым қашықтықтағы малшы-шопандарының қанша қапшық ұны, қанты және басқа да мұң-мұқтаждарын біліп отыратынбыз. Тосын, Қошалақ, Аққұм, Айырқұм несін айтасың, ғылыми түрде мән берсе, тіршілік көзі ғой. Сол жерлерді облыс орталығының қарапайым тұрғыны түгіл, облыс мекеме басшылары біле бермейді. Өкінішті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓