“Солнечный” лагері жаңа кейіпке енді
"Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасының бірінші бағыты – инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтамасыз ету болып табылады.
Міне, осы мақсатта өткен жылы 62 млн. теңгеге аудандағы "Солнечный" балалардың жазғы демалыс лагеріндегі №3 жатын корпусы және 190 млн. теңгеге Перелески ауылындағы балабақша күрделі жөндеуден өткен көрінеді. Бүлдіршіндер үйін күрделі жөндеу кезінде аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 14 адам, ал лагерьдегі ғимаратты жөндеу кезінде 7 адам жұмыспен қамтылыпты. Биыл да мекеме басшылығы 16 адамды маусымдық жұмыстарға қабылдапты, оның жетеуі аудандық Жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылған. Сондай-ақ, жастар тәжірибесі арқылы бір адам еңбекпен қамтылса, мекеме басшылығы жақын күндері тағы да төрт адамды жұмыспен қамтымақ. "Солнечный" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры В.Запорожецтің айтуынша, он бес жыл бойы қаңырап бос тұрған 160 орындық жатын корпусы осы бағдарламаның арқасында күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енген. Жөндеу жұмыстарының арқасында қазір мұнда балалардың жазғы демалысын өткізуіне барлық жағдай жасалған екен, барлық бөлмеге жуынатын душ кабинасы орнатылып, кондиционер, теледидар, тоңазытқыш қойылған. Үш орынға арналған екі люкс бөлмесі де бар. Тіпті, мұндағылардың "Отау ТВ" арқылы елімізде болып жатқан барлық жаңалықтарды естіп, телехабарларды тамашалауға да мүмкіндіктері бар екен. – Бүгінде біздің демалыс лагерінде Денисов, Жітіқара және Қамыс-ты аудандарынан келген 122 бала тәрбиеленуде, олардың арасында аз қамтылған отбасының және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар да бар. Жеткіншектердің жазғы демалысын лайықты өткізуне барлық жағдай жасалған. Биыл екінші корпусқа, асханаға мекеменің өз қаржысына косметикалық жөндеу жұмыстарын жүргіздік, оған 900 мың теңгеден астам қаржы жұмсалды. Қазір өз қаржымызға, яғни 2 млн. 980 мың теңгеге асхананың төбесін жөндеп жатырмыз. Сондай-ақ, биыл аудан бюджеті есебінен клубты жөндеу-ді де қолға алмақпыз, оған 1 млн. 750 мың теңге бөлінетін болды. Ендігі бір мәселе, он бес жыл бойы қаңырап бос тұрған №1 жатын корпусын күрделі жөндеуден өткізу қажет. Сондықтан, тағы да аталған бағдарламадан үміт күтеміз, – дейді демалыс орнының директоры Виталий Запорожец.