Бағдарламаның шарапатын кембағал жандар да көре бастады
Елімізде денсаулығы дертке шалдықса да, еңбекке жарамды төрт жүз мыңнан астам адам бар екен. Ал, мұндай мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету қажеттігін Елбасымыз өз Жолдауында да атап өткен болатын. Міне, осыған орай, биылдан бастап "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында да мүгедектерді жұмыспен қамту қарастырылды.
Денисов ауданында да мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына ерекше ден қойылған. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дина Мұсылманқұлованың айтуынша, биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында кембағал жандарды жұмысқа тарту мақсатында екі рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты. – Мүмкіндіктері шектеулі болса да, мүгедектер де еңбек етуге құлықты. Ал, өмірде ондай адамдар аз емес. Біздің қоғамда жеке кәсіп ашып не өз нәсібін тауып жүргендер де жетерлік. Жалпы, мүгедектердің еңбек етіп, табыс табуларына мүмкіндік туғызу баршамыздың парызымыз. Бірақ, оларды жұмысқа алудан қашқақтайтындар да аз емес. Мен айтар едім, ғаріп жандар қоғамға масыл емес. Жұмыс істеуге денсаулықтары жарамдылары мүгедек екенмін деп тек жәрдемақыға қарап отырғылары келмейді. Сондықтан, біз де қолымыздан келгенше олардың қолынан келетін жұмысты тауып беруге тырысамыз. Биыл осы мақсатта екі рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырдық. Оған он алты мүмкіндігі шектеулі жан мен алты жұмыс беруші қатысты. Бес адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік алдық. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда жұмыс берушілер мұндай жандарды еңбекке тартуға құлықсыз. Дегенмен, мүгедек азаматтарды жұмыспен қамту жұмыстары ауданда әлі де атқарыла береді, – дейді Дина Мұсылманқұлова.