Ертеңімізді ойласақ…
"Бірінші байлық – денсаулық" дейміз. Осы сөздің маңыздылығы мен мәнін, онда қандай жауапкершілік пен салмақ жатқандығын сезіне де, түсіне де, мойындай да білмейтін секілдіміз. Айтқан кезде басымызды шұлғып, бәрін түсініп, мақұлдаған боламыз. Сондықтан да денсаулық мәселесі еш уақытта да күн тәртібінен түспесі анық. Өмір болған соң түрлі келеңсіз жағдайлар да болады. Әсіресе оқушы балаларымыз өз денсаулығына қауіп төндірер темекі тартудан, ішімдік пайдаланудан, есірткі құмарлық және тағы басқа улы заттарға әуестілік, адамгершілікке жат мінез-құлықтан ада ма, өрімдей оқушыларымыздың денсаулығы қандай екен деген сауалмен біз облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алмас Садуақасовқа жолығып, әңгімелескен едік.
– Бүгінгі таңда егемен еліміздің мектептеріне жан-жақты дамыған, денсау-лығы мықты, салауатты өмір салтын мақсат тұтқан жастарымызды тәрбиелеу басты талап етіп қойылып отыр. Мектебіміз мектеп-интернат болғандықтан, олар уақытының негізгі бөлігін мектепте өткізетіндіктен, денсаулығына қауіп төндірер темекі тарту, ішімдік пайдалану, есірткіге тәуелді болу, тағы басқа зиянды заттардан қорғау, алдын алу мақсатында үгіт және ағарту жұмысы мен шаралар бір жүйелікпен атқарылып отырғандығын айтқым келеді. Зиянды заттарды қолданудың алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру аясында өткен, биылғы оқу жылдарында ата-аналарды, құқық қорғау мен заң шығару, денсаулық сақтау органдары және басқа да азаматтық институттардың мамандары келіп, түрлі ақпараттық, спорттық, интерактивті әдістер қолдану арқылы шаралар ұйымдастырамыз. Сонымен бірге мектебімізде наркобекет жұмыс істейді. Оның мақсаты – оқушыларымызды зиянды әдеттерден аулақ болып, денсаулығын нығайтуға жағдай жасау. Бос уақыттарын тиімді ұйымдастырып, салауатты өмір салты қағидаларын әрі дамытуға қол ұшын беру. Осы наркобекеттің құрамында жиырма үш педагог, мектеп инспекторлары, психолог бар. Өзіндік жоспар жасалынған. Бұл жоспар негізінен зиянды әрекеттерді – темекі шегу, мас-күнемдік, уытқұмарлық заттарды қолданудың алдын алу, оның денсаулыққа зиян екенін насихаттау бойынша жүргізеді.
– Дене тәрбиесі мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда, жас ұрпақтың дені сау болуына күнделікті күн тәртібіндегі іс-шаралардың да атқаратын өзіндік тағылымы болары сөзсіз…
– Әрине, қазіргі таңда салауатты өмір салтын қалыптастыруда құлаш-құлаш баяндама оқудан гөрі, қайта денені үнемі шынықтыру, сананың сапа деңгейін көтеру, интеллект өрісін биіктеу, рухты шыңдау – бәрі де денсаулыққа қызмет етеді десек қателеспейміз. Және де ағарту, насихаттық, үгіт шараларды өткізуде интерактивті әдіс-терді қолдану өте тиімді әсер береді. Мәселен, атап айтқанда, жағдайлық рөлдік ойындар, спорттық жарыстар мен сайыстар, шығармашылық жұмыс-тар, реферат, сурет, кроссворд, ребус, ғаламторы желісімен жұмыстар, іскерлік оқыту, мәселелік лекция, семинар, тренинг, деректі фильмдер мен бейнероликтер. Осы шаралардың барлығын мамандар мен ұстаздардың көмегімен оқушылардың өздері орындап, араласса, оны талдаса, онда оқушылардың көңіліне қонымды болып, оң әсерін тигізіп, дұрыс жол таңдауға көмектеседі. Өйткені оқушыларымыз біліммен ғана айналысып қана қоймай, өз денсаулықтарын сақтауға, өз-өздерін тәрбиелеуге дұрыс көзқарас қалыптастырады. Мектеп-интернатымызда дене тәрбиесінің мұғалімдері С.Атығаев, А.Сыпатев оқушылардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында "Біз спортты таңдадық", "Қозғалыс – денсаулықтың негізі", "Дені саудың – жаны сау" секілді түрлі спорт жарыстарын, сайыстарын ұйымдастырады. Дене шынықтыру мұғаліміміз С.Атығаев бір өзі өткен оқу жылында, мысалы, наурыз айында облыс мектептері арасында қазақ күресінен алты мәрте турнир өткізді. Мұның өзі де оқушыларымыздың салауатты өмір салтын ұстануға ең тиімді насихаттық жұмыстың бір түрі деп айтуға болады.
– Жетіліп келе жатқан жас ұрпақтың зиянды заттарды қолдану проблемасы жөнінде ақпараттық үгіт және ағарту жұмысы алдын алу шараларының өзіндік маңызды рөлі бар екенін білеміз, мәселен, оның тиімділігі қандай әдістермен, формалармен берілуінде болар.
– Рас, оны жоққа шығармаймыз. Алдын алу жұмыстарды креативтік әдістермен, интерактивті технологиямен, ойын – рөлдік көріністермен берсек ұтылмаймыз. Сол өткізілген, ұйымдастырылған шаралардың бірсыпырасын айтып кетсем, артық болмас. Мысалы, сынып жетекшілері мен жауапты ұстаз А.Көркембаеваның басшылығымен оқушылармен бірлесе облыстық кинологиялық орталыққа, табиғат аясына танымдық саяхат жасадық. Табиғат аясында түрлі спорт ойындары мен тренингтер өткіздік. Педагогтар Б.Бекпасованың, Р.Күзембаеваның, Б.Шаяхметованың, С.Атығаев пен А.Сыпатевтың ұйымдастыруымен "Денсаулық – әр адамның болашағы", "Қимыл белсенділігі – денсаулық кепілі", "Уытқұмарлықтың алдын алу жолдары", "Есірткісіз болашақ", "21 ғасыр – салауатты қоғам" тақырыптарында спорттық іс-шаралар, кездесулер, акциялар, шығармашылық жұмыстар, би жарысы, тренингтер қазақша күрес турнирі өтті. Облыстық наркологиялық диспансердің маман-психологтары да мектеп-интернатымыздың қонағы. Олардың да өткізетін ағарту, насихаттық, алдын алу шараларының да маңызы, берер тағылымы мол. Ата-аналарымызды да назардан тыс қалдырмай, олардың арасында нашақорлықтың, темекі шегудің, маскүнемділіктің зияндылығы жөніндегі тренингтер ұйымдастырдық. "Ұлт болашағы" тақырыбымен әкелер мен балалар арасында волейболдан жарыс, өткізбек ойымыз бар. Алдағы уақытта "Зиянды заттардан аулақ болайық!" деген тақырыптарда сынып сағаттарын, темекіге, нашақорлыққа, маскүнемдікке қарсы тренинг пен көңілді жарыстар ұйымдастырсақ деген жоспарымыз да бар. Айта берсек, атқарылған, атқарылатын жұмыстар көп. Дұрысы сол, жас жеткіншіктердің денсаулықтары мықты, келешегі зор болу үшін қолымыздан келетін барлық игі жұмыстарымызды, көмектерімізді аямауымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Гүлназым
САҒИТОВА