Көшеге аты берілді
Рудный қаласындағы көшелердің біріне денсаулық сақтау ісінің үздігі Амангелді Жантеміровтың есімі беріліп, қалалық аурухананың ғимаратына ескерткіш тақта орнатылды. Игілікті шараға Қостанай облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Төкенов, қалалық әкімдік қызметкерлері, бірге еңбек еткен қызметтес әріптестері, туған-туыстары және зиялы қауым өкілдері қа-тысты.
"Амангелді Мырзахметұлының есімі, оның жарқын бейнесі жүрегімізден терең орын алады. Ол ұзақ жылдар бойы өңіріміздің денсаулық сақтау саласында, басшылық қызметтерде абыройлы еңбек етіп, елдің құрметіне бөленді. Бар қажыр-қайратын елдің дамуына жұмсаған дәрігердің өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа зор үлгі болып қала береді", – дейді қаланың құрметті азаматы, ардагер-кенші Әлсабыр Дәрменбаев.
Амангелді Жантеміров СҚО-на қарасты Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1963 жылы Алматы мединститутын тәмамдаған жас маман еңбек жолын Рудный қаласынан бастайды. Құлақ дәрігері ретінде қазіргі аурухананың 2-қабатынан арнайы бөлімше ұйымдастыруға атсалысып, өмірінің соңына дейін осы бөлімшенің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Екі жылдай Ауған соғысына да қатысып, әскери хирург міндетін абыроймен атқарған. Дәрігердің еңбегі елеусіз қалмасын деген бастамашыл топ өткен жылы оған көше атауын беру туралы ұсыныс жасап, қоғамдық тыңдаулар өткізген болатын. Ал ел Үкіметі жанындағы Республикалық ономастикалық комиссия бұл мәселеге қатысты өзінің оң шешімін шығарып, үстіміздегі жылдың қаңтар айында Қостанай облысы әкімінің көше атауын беру туралы арнайы қаулысы шықты. Бүгінде Амангелді Жантеміров атындағы көшеде қалалық аурухана, перзентхана, балалар емханасы сияқты әлеуметтік маңызы зор мекемелер орналасқан.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ
Рудный қаласы.