Ұлыларымызды ұлықтауға не кедергі? 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында республика бойынша жер-су аттарына байырғы ұлттық атауларын қайтару процесі қарқынды жүргені белгілі. Бұл бастаманың арқасында біздің облысымыздағы біраз көше аттары да қазақшаланып қалды. Алайда, ауылға атасының, көшеге көкесінің атын бергісі келетіндер де табылып жатты. Дұрысы, жер-су аттары оның тарихына, табиғатына сай қойылуы керек емес пе. Бір руға белгілі адамның атын дардай мектепке беру асыра сілтеумен тең. Онсыз да күллі қазаққа танымал, елеусіз қалаған есімдер жеткілікті. Соларды жаңғыртсақ, ұрпақ жадына мықтап бекітсек өнегелі іс болар еді. 
Өткен тарихымызға қатысы бар, халқымыздың мәдениеті, әдебиетімен астасып жатқан есімдерді ұлықтасақ айып па? Бұрынғы кеңес заманының функционерлерін дәріптей беру кімге керек? Ұлы дала елінің өз тарихы бар.  «Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат» деді  Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде. Ендеше, жоғымызды іздеу өзіміз үшін керек. 
Заман өзгерер, бірақ құндылық, асыл қасиеттер өзгермейді. Оны жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің қасиетті парызымыз. «Көзден кетсе, көңілден де кетеді» дейді дана халқымыз. Қазақтың бағына туып, елі үшін еңбек еткен талай азаматтар өтті өмірден. Олардың еңбектерін лайықты бағалауға келгенде ұяттымыз. Мәселен, Совет Одағының Батыры Естай Есжанов, ҚазССР ҒА-ның академигі, көрнекті биохимик Темірбай Дарқанбаев және қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев. Осы аталған үш азамат Қостанай облысының төл перзенттері. Үшеуі де халқының игілігі жолында еңбек еткен жандар. Қостанай қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, ономостика комиссиясының мүшесі Беген Көпештің айтуынша, осы аталған үш тау тұлғаның есімін ұмытуға болмайды. Керісінше ұрпақ жадында жаңғырту керек. есжанов Естай
-Қазақтың тұңғыш мүсіншісі, Қазақстанның халық суретшісі, ұстаз, профессор Хәкімжан Наурызбаевтың есімі Қостанайдың қақ ортасында жазылып тұруы керек. Неге? Себебі, ол өзінің еңбегімен қазақты дүниежүзіне танытты Ол кісі –  халық суретшісі Әбілхан Қастеевпен қатар тұрған тұлға. Қастеев Қазақстанда тұңғыш суретші болса, Наурызбаев – тұңғыш мүсінші,-дейді қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бекен Көпеш.
Алматыға бара қалсаңыз, Абай даңғылының бойынан Алатауға арқа сүйеп, айналасына паңдана қарап тұрған ұлы Абайдың алып тұлғасын көресіз. Оны мүсінші Хакімжан Наурызбаев жасаған. Осы бір ауыз сөз мүсіншінің еңбегін әйгілеп тұрғандай. Керемет емес пе! 
Наурызбаев Хәкімжан Есімханұлы 1925 жылы 7 тамызда Қостанай облысы Ұзынкөл ауданында туған. Қарапайым қазақ отбасында өскен. Әкесі Есімхан ағаштан түйін түйген шебер, шешесі Рақыш ауыл құрметтеген әнші болған. Хакімжан Наурызбаев мектепті бітірген соң, ауылда ұста болып жұмыс істеген. Сонда соғыс жүріп жатқан кез екен. Хакімжан Наурызбаевтың соғысқа шақырылмауының себебі – оның бір көзінің кемістігі болған. Қоржын бөлмелі үйде бесікте жатқан баланың көзіне үй төбесінің сылағы түсіп кетеді. Әке-шешесі оны дер кезінде дәрігерге көрсете алмаған. Осы оқиғадан соң оның бір көзі көрмей қалады. 
image description

image description


Хәкімжан Наурызбаев 1943 жылы Алматының көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Оқуын бітірген соң, өмірінің соңына дейін еліміздің мәдениетіне өз үлесін қосып, еңбек етті. Ол Алматымен тағдырлас. Бүкіл саналы ғұмырының басым бөлігі сонда өтті. Мүсіншінің шығармашылық жолы Алатау баурайында басталған еді. Оңтүстік астанамыздағы талай тарихи тұлғалардың мүсіндерінде Хәкімжан Наурызбаевтың қолтаңбасы бар. Ел арасында «Абай образын сөз өнерінде сомдаған Мұхтар Әуезов болса, тас мүсінде ақын тұлғасын бедерлеген Хәкімжан Наурызбаев» деген пікір қалыптасқан. Мүсінші тарихи тұлғалардың мүсіндерін сомдауда зор табысқа жетті. Әр тұлғаның бейнесін, жан дүниесін психологиялық тұрғыдан тереңірек ашуға ұмтылды. Табиғат берген тума таланты мен еңбекқорлығының арқасында Шоқан Уәлиханов, Құрманғазы, Аманкелді Иманов, Сәкен, Сейфуллин, Ахмет Жұбанов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мәншүк Мәметова, Жамбыл Жабаев, Сералы Қожамқұловтардың ескерткіштерін жасады. Мүсіншінің қолынан шыққан Абай ескерткіші зор бағаға ие болып, Лениндік сыйлыққа лайық деп танылған. Алайда Хәкімжан Наурызбаев бұл атақтан бас тартқан. 
Қазақтың данышпан данасын, әнші-күйші дарасын, ержүрек баласын мүсіндеп, қара тасқа жан бітірген Наурызбаевтың еңбегін жас толқын біле ме? Республикаға танымал азаматтың есімін туған өлкесі Қостанайдың халқы ескеріп жүр ме? Хәкімжан Наурызбаев көзі тірісінде қазақ көкжиегіндегі ұлы тұлғаларды елдің есінде қалдыруға атсалысты. Елі үшін еңбек еткен тұңғыш мүсіншіге Қостанай қаласындағы бір мектептің немесе көркемсурет мектебінің атын берсек жараспай ма?..
2014 жылдың жазында облысқа Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, белгілі мүсінші Тілеуберді Бинашев іссапармен келіп, Хакімжан Наурызбаевқа ескерткіш орнату мәселесін көтерген болатын. Бұл ұсыныс қолдау таппай, жабулы қазан жабулы күйі қалды. Дұрысында, облыстық мәдениет басқармасының басшысы «марқұмның қайтқанына бес жыл уақыт өткенде ғана мұндай ұсынысты қанағаттандыруға болады» деп жауап берген. Мүсінші 2009 жылдың қыркүйек айында дүниеден озды. Қарап отырсақ, заңда айтылған бес жылдан асыпты. Ендеше, тұңғыш мүсіншінің есімін жаңғыртуға не кедергі?
Облыс орталығынан қазақ халқының ержүрек ұлы, Отанын сүйген азамат Естай Есжановтың есімімен байланысты жәдігер таба алмайсыз. Совет Одағының Батыры Естай Есжановтың есімін біреу білсе, біреу біле бермейді. Ол – облысымыздан шыққан ұлты қазақ үш Кеңестер Одағы Батырларының бірі. Қас батырдың аты ұмыт болуға айналыпты. Естай Есжанов сияқты жаужүрек батыр жерлесіміздің болғанын тек қаладағы Жеңіс паркінің батырлар аллеясындағы шағын құлпытас қана хабардар етіп тұр.  
– Өткенсіз бүгін жоқ. Тарихи тамыры тереңде жатқан қазақ елінің кешегісі мен бүгінін өкше басып келе жатқан жас ұрпақтың санасына үздіксіз сіңіруің артықтығы жоқ. Кейінгі ұрпақ еркіндік алу жолындағы батыр бабаларымыздың ерлігін біліп, танып өскені дұрыс. Ержүрек ерлер туралы айту аға буынның еншісіндегі іс. Халқымыздың тарихи санасын қалыптастыруды бүгіннен бастау керек,-дейді Беген Көпеш. 
Естай Есжанов Жітіқара ауданының №3 ауылында туған. Соғысқа дейін Семиозер ауданының Аманқарағай совхозында зоотехник болып жұмыс істеген. Қызыл Армия қатарына 1941 жылы шақырылған, 1942-нің маусымынан бастап майданда болған. Есжановқа Совет Одағының Батыры атағы 1943 жылғы 17 қазанда берілді. Жітіқарада 2006 жылы Батырға ескерткіш қойылған, бір көше оның есімімен аталады. 2015 жылдан бері Жітіқара қаласындағы №9 орта мектеп Естай Есжановтың атымен аталады. Оның есімі Қостанайдың Жеңіс паркіндегі Батырлар аллеясында жазылған. Бір қызығы, Естай Есжановтың есімі Орынбор өлкесінен соғысқа аттанған қазақтардың тізімінде бар. Бұл туралы журналист Жанболат Аупбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Орынборда қанша қазақ батыры бар?» мақаласында  айтылады. Мақалада Исатай Ищанов делінген. Беген ағайдың айтуынша, автордың Исатай деп отырғаны біздің жерлес Батырымыз Естай Есжанов болуы әбден мүмкін.
Құрмет көрсетуге лайықты ендігі бір азамат Дарқанбаев Темірбай Байбосынұлы. Ол қазақтың тұңғыш академигі. 1958 жылы ҚазССР ҒА-ның академигі атағын алған. Көрнекті биохимик, биология ғылымының докторы, профессор. 1936 жылы Москва университетін бітірген. Т.Дарқанбаев бидай дәнінің белоктық қасиетін арттыруда биохимияға жаңа бағыт енгізген. Бір жақсысы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институында Дарқанбаев туралы материалдар жинақталып, стенд әзірленген. Институт ұжымы академиктің атындағы арнайы кабинет ашуды биылғы жылға жоспарлап отыр. Беген Көпеш ағай академик Дарқанбаев туралы дерек-дәйек іздеп жүріп, Қостанай мемлекеттік университетінің аграрлы-биологиялық факультетіне барады. Ондағы жас мамандар Дарқанбаевтың кім екенін білмейтін болып шығады. Өкінішті-ақ.темирбай дарканбаев
«Адам мәңгі жасамайды, мәңгі жасайтын – оның ісі» деген болатын Елбасы. Әр буын өкілдері ата-баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүние жүзі алдында беделін биіктете білсе игі. Артына мәңгілік мұра қалдырған азаматтардың есімдерін жаңғырту әр ұрпақтың парызы.  Осы тұрғыда тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буынына артылар жүк ауыр. «Жер-судың аты – тарихтың хаты» деген бар емес пе. Ел мен жердің аттары ата бабаларымыздың есімдерін, еңбектерін, ерліктерін әйгілеп тұрса ұрпағы да өзінше жігерлене түсер еді. 
Суреттерде: Совет Одағының Батыры Естай Есжанов, ҚазССР ҒА-ның академигі, көрнекті биохимик Темірбай Дарқанбаев және қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев.

 

Қымбат ДОСЖАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓