Үздік аспаз
Биылғы жылы "Қостанай таңы" газетінің "Дастарқан" беті "Үздік аспаз" байқауын ұйымдастырып отыр. Байқауға қатысушы кез келген оқырманымыз өзіндік қиялымен ерекше тағамдарын әзірлеп, бөлісе алады. Жыл соңында үздік аспаздарды редакцияға шақырып, марапаттайтын боламыз. Ендеше, байқаудан сырт қалмаңыз. Ол үшін өзіңіздің сүйікті тағамыңыздың құрамы мен бірнеше суретіңізді жолдаңыз. (aikadam@mail.ru).
Біздің бүгінгі байқаудың тұсауын кескен аспазымыз Людмила Круглова. Люда былайша айтқанда, редакциямыздың көршісі "КН" газетінің тілшісі. Ол жұмысының сыртында дәмі тіл үйіретін торттарды пісіреді. Оның торттары жай ғана тәтті емес, сонымен қоса сан түрлі пішінді. Осының бәрін ерінбей түнімен отырып, істеп шығады. Ол осыдан екі жыл бұрын торт пісірумен айналыса бастаған. Енді жұмысы мен екі баласынан қолы босай қалғанда тапсырыс та алып, қосымша ақша тауып жүр. Келешекте нағыз маман атану үшін осы саланың курсын оқығысы келеді және балаларға арналған тек тәттілерден тұратын шағын ғана шатхана ашу арманы. Өзінің арманы жайында айтқанда Люданың көзі жайнап кетеді. Демек, ол тәтті пісіргеннен өз жанына ләззат алатын жан.